Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына сұқбат берді.
Назгүл Мақжан - ұлттық зергерлік өнерді заманауи стильмен ұштастырып жүрген іскер жанның бірі. Сөз басында кәсіпкер жеке кәсібін ашуға түрткі болған негізгі себепті баяндады.
- Бір үлкен іс-шарада жақындарым сыйлық жасады. Сыйлықтың ішінде сырға бар екен. Қарасам, сырғаның бетіне «табан оюы» салынған. Ал табан оюы белден жоғары тағылатын әшекейге қолданылмайды. Ол – аяққа қатысты, төменге арналған өрнек. Қазақ халқы ою-өрнектің әрқайсысына мағына беріп, орнын нақты айқындаған дана халық қой. Әр өрнектің өз философиясы, өз орны бар. Осы жайт мені ойландырды: біз қыз ұзатып, сырға салып, құдалыққа барғанда қандай сыйлық беріп жүрміз? Оның мазмұны мен мәніне үңіліп жүрміз бе? Осы тақырыпты тереңірек зерттей бастадым. Нарықты бірнеше жыл бойы бақыладым: кәсіпкерлер не тігіп жатыр, қандай бұйымдар ұсынып жатыр, мазмұны қаншалықты ұлттық танымға сай? Сонымен қатар тарихи-этнограф мамандармен кеңесіп, ұлттық нақыш пен мағынаны сақтай отырып бірнеше топтама әзірледім, - деді қоғам белсендісі.
Спикердің сөзінше, бүгінде әрбір әйелге мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да кең мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Себебі қазіргі таңда қазақ әйелінің абыройы артып, қоғамда іскер, белсенді қыздардың қатары көбейген.
- Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде әйел құқығы, оның қоғамдағы рөлі туралы түсінік жаңа қырынан қалыптаса бастады. Негізінде, біз тарихында әйелді ерекше қадірлеген халықпыз. Анаға, жарға, қызға деген құрмет – қанымызда бар қасиет. Алайда жаһандану үдерісімен бірге әйелдің жауапкершілігі де артты. Қазіргі қазақ әйелі таңертең үйден шығып, кешке дейін сан түрлі шаруаны қатар атқарады. Заман талабына сай білімді, белсенді, сергек болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде әйелдердің қоғамдағы рөлін үнемі атап өтеді. Бүгінгі күні қазақ әйелінің абыройы биік, жауапкершілігі зор, - деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, әйелдер үйдің де, жұмыстың да мың бір ісін атқара алады. Тек оған лайықты қолдау қажет. Әйелді гүлге теңесек, дұрыс суарылмаса, жігері төмендеп, көңілі қалады.
- Әйелге кәсіп пен отбасы шаруасын қатар алып жүру үшін ең алдымен тәртіп қажет. Екіншіден, жолдасының қолдауы маңызды. Отбасында түсіністік пен қолдау болмаса, әйелге барлық міндетті еңсеру қиын. Әйел – нәзік жаратылыс. Көңіл күйі де, ішкі әлемі де сезімтал. Сондықтан жұмыста да, үйде де абыройлы болу үшін берік отбасы тірегі керек, деді кәсіпкер.
Осы тұста Назгүл Мақжан өз ісін тауып, бизнес бастауға батылы жетпей жүрген адамдарға ақыл-кеңесін айтты.
- Қазақ қыздарына айтар кеңесім – кәсіп бастамас бұрын асықпаңыздар. Ең алдымен ізденіп, зерттеп, саралап алыңыздар. Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Ниет пен ынта жеткіліксіз, экономикалық сауат та қажет. Мен стартап жобаларға жиі қатысамын. Сонда кәсіп бастағысы келетін әйелдерден: «Бұл саланы толық зерттедіңіз бе?» деп сұраймын. Көпшілігі «Біреуге еліктеп бастадым» деп жауап береді. Алайда еліктеу – табыс кепілі емес. Әр істің артында үлкен еңбек пен есеп жатыр. Кәсіпкер болу – үлкен жауапкершілік. Кәсіпкер әйел сырттай күліп жүргенімен, иығында ауыр жүк бар: қызметкердің жалақысы, салық, келісімшарт, тәуекел. Осы жауапкершілікті саналы түрде қабылдай алған, ниеті адал, мақсаты айқын әйел міндетті түрде нәтижеге жетеді, - деді Назгүл Мақжан.
Айта кетейік, Астанада әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларын түсіндіру науқаны өтті.