Кәсіпкерлерге қолайлы экономикалық алаң

28.01.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Ақтаудағы «Ақтау теңіз порты» АЭА кәсібін өркендетемін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосамын деген кәсіпкерлерге қолайлы алаңға айналды.

Сурет: freepik.com

Салық жеңілдіктері қарастырыл­ған алаңда кәсіп ашқысы келетін отан­дық және шетелдік бизнесмендердің қатары көбейіп келеді. Әрі арнайы экономикалық аймақтың Ақтау қала­сымен шектелмей, Жаңаөзен қала­сында да өз алаңын ашуы өңірдегі кәсіп­керлерге қолайлы болып отыр. Қазір мұнайлы қалада АЭА-ның екі субаймағы орналасқан.

Мұндағы нысанның бірі – өнеркә­сіп аймағы. Жалпы көлемі 280 гектарды құрайтын алып аумақтың өзін­де өңірдің индустриялық әлеуе­тін арттыруға бағытталған үш инвестиция­лық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жуырда «Каскор-Машзавод» мұнай-газ саласына арналған сорап­тық-компрессорлық құбырлар мен сораптық штангалар өндіру жобасын іске қосты. Жылына 540 мың дана сораптық штанга мен 51 мың тонна құбыр шығаратын өндірістік қуаттағы кәсіпорын толық деңгейге көтерілгенде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі 17,3 млрд теңгені құрайтын кәсіпорында қазір жұмысшыларды қабылдау, оқыту үрдістері жүріп жатыр.

Алаңдағы екінші нысан – Жаңа­өзенде асфальтбетон қоспасын өндіру жобасы. 5 гектар аумақта орналасқан, құны 300 млн теңге болатын бұл шағын өндіріс 15 адамды жұмыспен қамтып, жұмыстарын жол мен инфрақұрылым бағытында жүргізеді.

Ал полиэтилен құбырларын өндіру және мұнай-газ саласына арналған құбырларға ішкі қорғаныш қаптама жасауға негізделген кәспорын 3 гектар аумақты қамтиды. Инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын іске қосылған соң 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

– Жалпы, арнайы экономикалық аймақтың негізгі мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Осы бағыт­та инвесторлар тартылып, жаңа өнді­ріс­терді іске қосуға қолайлы жағ­дай жасалып, кәсіпкерлерге инфрақұры­лымдық, әкімшілік қолдау көрсеті­леді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақыт­та да жүйелі түрде жалғасын таба бере­ді, – дейді «Ақтау теңіз порты» АЭА ат­қа­рушы директоры Гүлмира Айткенқызы.

Сондай-ақ Үкіметтің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына сәйкес «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағына Кендірлі курорттық аймағы қосылып, арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 9 814 гектарға жетті. Нәти­жесінде, АЭА индустриялық, порттық, логистикалық және туристік бағыттағы 15 субаймақты қамтуға қол жеткізді.

Маңғыстау облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью