Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Әр ашылған нысанның бір қауым елдің игілігі десек артық айтқанымыз емес. Кейінгі жылдары Қазақстан шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы елеулі жетістіктерге жетті. Бұл қарқын арта берсе, оған ілесіп халықтың табысы да көбейеріне сенім мол.
Алдымен деректерді қарайық, Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сәйкес, кейінгі 7 жылда шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 3,38 миллион адамнан 4,53 миллион адамға жетті. Бұл көрсеткішті өте мақтанарлық деңгей санауға болады. Неге? Себебі еліміздің еңбек нарығында жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығын, нақтырақ 48,6 пайызын осы сала қамтып отыр. Яғни әрбір екінші қазақстандық несібесін шағын және орта бизнестен табады.
Жалпы, Қазақстанда қазір 2,2 миллион шағын және орта бизнес субъектісі бар екен. Әйтсе де жалпы ішкі өнімдегі үлесі орасан. Осыдан 7 жыл бұрын, 2019 жылы сала ел жалпы ішкі өнімінің 31,7 пайызын алып жатса, биыл 41 пайызға жуықтады. Дәл осы сандарға ерекше зер салған жөн. Өйткені дамыған елдердің қатарына қосылу үдерісінде саланың маңызы ерекше. Дамыған елдердің басым бөлігінде жұмыспен қамтылғандардың 60 пайыздан астамын шағын және орта бизнес иемденген. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі де 50 пайыз шегінен кем түспейді.
Елдегі шағын және орта бизнес құрылымын салалар бойынша жіктесек, ең көбі сауда саласына шоғырланғанын көреміз, үлесі – 35 пайыз. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында да өсім байқалады. Айтпақшы, осы тұста бір ерекше санды айта кеткен жөн. Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 48,1 пайызын әйелдер басқарып отыр. Ал жеке кәсіпкерлер арасындағы үлесі – 52,6 пайыз, заңды тұлғалар арасында – 28,1 пайыз.
Осылайша, кейінгі 7 жылда Қазақстан экономикасының серпілісіне шағын және орта бизнестің ықпалы мол болғанын байқадық. Бұл оң үдеріс алдағы уақытта да жалғасып, көңіл көншітер статистикалардың қалыптасатыны сөзсіз.
Мадияр ТӨЛЕУ