Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазір еліміздің болашағын айқындайтын Конституцияның жаңартылған жобасы қоғам талқысына ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осыған байланысты Қазақстандағы Кәсіподақтар федерациясы өз үндеуін жариялады.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі таңда Қазақстанда елдің жаңа Конституциясының жобасын дайындау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Конституциялық комиссия Негізгі заңның заманауи шынайылық пен қоғамның өзекті сұраныстарына негізделген жаңа редакциясын әзірлеп шықты.
Қазіргі уақытта мемлекетіміздің болашағына тікелей ықпал ететін айрықша тарихи кезең басталып отыр.
Осы құжатты қолдау туралы шешім қоғамның келешегіне, тұрақтылыққа және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму векторына ықпал етеді.
Дәл осындай жауапты сәтте әрбір азаматтың жеке пікірі мен ұстанымы ерекше мәнге ие болмақ.
Еліміздегі екі миллионға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайтын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны толық қолдайтынын мәлімдейді. Сонымен қатар, әлеуметтік мемлекетті дамытуға, еңбек адамының мәртебесін нығайтуға және азаматтардың елді басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды ережелерді ерекше атап өтеді.
Біз жаңа Конституция жобасын – адам құндылығы кез келген жүйеден биік тұратын нағыз халықтық заң деп есептейміз.
Бұдан бөлек, жаңа Конституция жобасында әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық бірлік басты құндылықтар ретінде айқындалған.
Еңбекті қорғау, білім беру және алға басу мемлекеттің стратегиялық басымдықтары болып белгіленді.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін толықтай сақтап қалады.
Осы орайда әлеуметтік бағыт, әрбір азаматтың қауіпсіздік тетіктері, заң алдында бәрінің тең болуы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін және еңбегін қорғау шаралары күшейтілді.
Аталған бағыттардың барлығы кәсіподақтар үшін өзгермейтін басты қағидаттар.
Конституциялық реформа еліміздің дамудың жаңа сапалы деңгейіне өтуін көздейді.
Жобада ұсынылған Халықтық кеңес пен Құрылтай жұмысына қатысты нормалар — бұл демократиялық институттарды нығайтуды және қоғамның мемлекеттік басқару мен маңызды шешімдер қабылдау ісіне қатысу сапасын арттыруды көздейтін жүйелі қадамдар.
Осы үдерістерге азаматтық қоғамның, соның ішінде кәсіподақтардың қатысуы миллиондаған жұмысшылардың мүддесін қорғауға нақты жол ашады.
Жаңа Конституция жобасында тәртіпке, кәсібилікке, адал еңбекке және заңды құрметтеуге негізделген, маңызды өмірлік ұстаным ретіндегі жасампаз патриотизм бекітілген.
Халықтың әл-ауқатын көтеру тұңғыш рет конституциялық мақсат болып айқындалды.
Осылайша, азаматтар мен еңбек адамының өмір сүру сапасы дамудың ең басты өлшемі ретінде анықталады.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары туралы халықаралық пактке толық сай келеді.
Жобада жұмыс орнының қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, еңбегі үшін қандайда бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтік қорғалуы құқығына кепілдік береді деп нақты бекітілген.
Жоба әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауына құқығы бар екенін растайды, алайда бұл құқықтың мемлекеттің әлеуметтік сипаты мен адам басымдығы аясында қаралуы өте-мөте маңызды.
Кәсіподақтар үшін жобаның басты элементі — еңбек ету құқығы және оның конституциялық жанжақты қамтылуы болып табылады. Жаңа жоба әр адамның қалаған жұмысымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттің басты назарында жүйе емес, адам және оның мүддесі тұратынын дәлелдейді. Бұл жұмыскерлердің мүддесіне және әлеуметтік диалогта дәйекті түрде қорғалып жүрген кәсіподақтардың мақсаттарына сәйкес келеді.
Біз, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан бұл конституциялық реформа қоғамды біріктіріп, еңбек адамының абыройын арттыратына және әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге мүмкіндік жасайтынына нық сенімді білдіреміз. ҚРКФ Әділетті Қазақстанды құру жолындағы өте маңызды қадам ретінде Конституция жаңа жобасын қолдайтынын мәлімдейді.
Кәсіподақ тарапынан конституциялық реформаны қолдау саналы әрі жауапты ұстаным. Біз жаңа Конституцияны алдағы уақытта еңбек заңнамасын жақсарту, әлеуметтік әріптестікті дамыту және лайықты еңбек кепілдіктерін нығайту негізі ретінде қарастырамыз.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Жаңа конституцияны қабылдау Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді, сонымен қатар бұл мемлекеттің адам мен оның еңбегіне құрмет және қоғамдағы ынтымақтастық негізінде саясатын қалыптастыруға дайындығын растайды деп санайды.
Біз барлық азаматтарды ел болашағы үшін жалпы жауапкершілікті анық сезінуге және дайындалған жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз,-делінген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы хабаламасында.