Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АЛМАТЫ, 10 қаңтар - Sputnik. Қазақстандық өндірушілер тауар өндірушілер реестріне тіркелу керек. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді.
Қазақстанда отандық өндіруші мәртебесін растау және мемлекеттік қолдаудың мақсаттылығын жақсартуға арналған "Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі" мемлекеттік цифрлық платформасы іске қосылды. Жүйе қазір тәжірибелік пайдалануға берілген және e-ondiris.gov.kzвеб-сайтында қолжетімді.
Жаңа цифрлық жүйеге бұрын жарамды индустриалдық сертификаттары бар, қазақстандық өндіруші мәртебесін растаған 1 868 субъект автоматты түрде реестрге ауыстырылды. Барлық бизнес субъектілері ақпараттық жүйеде тіркелуге Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін жүргізу қағидаларына сәйкес өтініш бере алады. Бүгінгі күні:
жүйеге 2 769-дан астам компания тіркелді;
1 346 өтінім қабылданды.
Реестрге қазірдің өзінде машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындар кіреді. Соның ішінде теміржол техникасы, автомобиль компоненттері, сорғы жабдықтары, цемент, бетон бұйымдары, керамикалық плиткалар және аяқ киім өндірушілері бар.
Бұрын реестрге автоматты түрде қосылған өндірушілер жүйедегі ақпараттарын 30 қаңтарға дейін толтырып, өтініштерін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растауы тиіс. Бұл талапты орындамау жағдайында кәсіпорындар Қазақстандық өндірушілер реестрінен шығарылады.