Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Кеңес құрылған сәттен бастап өңірлер мен бизнес-қоғамдастықтан 170-ке жуық өтініш түсті. Оның ішінде 62 мәселе жүйелі сипатқа ие деп танылып, әрі қарай пысықтау үшін тізілімге енгізілді. Бірқатар мәселе оң шешіліп, кейбір бағыт профильді министрліктермен бірлесіп қарастырылуда.
Партия Хатшысы көтерілген мәселелерді жан-жақты қарастырудың маңызын атап өтіп, ведомствоаралық жұмысты жеделдету қажетін және келесі отырысқа дейін барлық мәселе бойынша негізделген, мазмұнды шешімдер ұсыну керегін жеткізді.
Сонымен қатар жиында жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген «Ашық Аманат» талдау платформасының таныстырылымы болды. Бұл платформа кәсіпкерлердің өтініштерін жүйелеп, қайталанатын мәселелерді анықтауға және оларды нормативтік тұрғыда реттеу бойынша ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау тиімділігін арттырып, ашық диалогты нығайтады.
Отырыс барысында кеден органдарындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің қолданылуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу, магистралды теміржол желісі қызметтеріне тарифтердің өсуі, жеке индустриялық аймақтарды қолдау, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру құралдарын салалық ерекшеліктерге бейімдеу мәселелері қаралды.
Сондай-ақ отандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Талқылау барысында техникалық тұрақтылық, ел ішіндегі қосылған құн үлесін есептеу әдістемесі, цифрлық алгоритмдердің ашықтығы және олардың мемлекеттік сатып алуға қатысуға ықпалына қатысты мәселелер көтерілді. Жиынға қатысушылар бұл бағыттарды профильді ведомстволармен бірлесіп қосымша қарастыруға келісті.
Республикалық сүт палатасы да саладағы статистикалық есептілікті жетілдіру, деректердің салыстырмалылығын қамтамасыз ету және нарықтың ашықтығын арттыру мәселесін көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің ұсынысы одан әрі пысықтауға қабылданып, тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды. Келесі кеңейтілген отырысты Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің қатысуымен өткізу жоспарлануда.
«AMANAT» партиясы бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, нақты шешімдер мен экономиканың тұрақты дамуына басымдық беретін болады.
Елнар ЕЛТАЙ