Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу маусымына байланысты еліміздің батыс өңірлерінде браконьерлікке қарсы күрес күшейтілді. 1 сәуірден 31 мамырға дейін Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайынғы балық қорғау акциясы өтеді.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, негізгі күш Каспий теңізінің жағалауына және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағаларына жұмылдырылған. Бұл аймақтарда заңсыз аулау жиі тіркелетіндіктен, стационарлық және жылжымалы бекеттер қойылып, мобильді топтар автожолдарда да жұмыс істейді.
Акция барысында Қазақстаннан балық пен балық өнімдерін шығару қатаң бақылауға алынады. Тексерулер әуежайларда, теміржол вокзалдарында және ірі автомагистральдарда жүргізіледі.
Барлығы 1143 қызметкер жұмылдырылған: Атырауда – 443, Маңғыстауда – 659, Батыс Қазақстанда – 41. Патрульге 226 автокөлік пен квадроцикл, 91 катер және шағын кеме, сондай-ақ 6 ұшақ пен дрон тартылған.
Өткен жылғы «Бекіре-2025» акциясы кезінде 1125 құқық бұзушылық анықталып, 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 33 қылмыстық іс қозғалып, жалпы сомасы 21,6 млн теңге айыппұл салынған. Заңсыз ауланған 4,5 тонна балық, оның ішінде 1 тоннадан астам бекіре және 2 кг уылдырық, сонымен қатар 44 қайық пен 863 аулау құралдары тәркіленген.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 21:00