Каспийдің тартылуы айналасындағы елдердің экономикасы мен логистикаға қалай әсер етеді

07.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Сарапшылар мен теңіз жағасында тұратындардың айтуынша, Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келеді. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жүз жылдан астам уақыт бойы жүргізілген бақылау барысында теңіз деңгейі бірнеше рет өзгергенімен, соңғы онжылдықта оның тұрақты түрде төмендеу үрдісі байқалады.

1990 жылдардың ортасында теңіз деңгейі күрт көтеріліп, содан кейін тартылу кезеңі басталды. Тек 2006–2024 жылдар аралығында Каспий деңгейі екі метрден астам төмендеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан секторындағы орташа деңгей минус 29,3 метр болды, ал ең төменгі көрсеткіштер Каспийдің шығыс бөлігінде тіркелді. Ал Солтүстік және Орта Каспийде соңғы бес жылда теңіз деңгейі шамамен бір метрге төмендеген.

Каспий неге тартылып жатыр?

Экология министрлігінің түсіндіруінше, Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы ең алдымен су балансына — теңізге қанша су құйылып, қаншасы жоғалатынына байланысты. Оған климаттың өзгеруі де, адамның араласуы да әсер етеді.

— Теңіздің тартылуын NCOC компаниясы мен оның мердігерлері D аралға жүк жеткізу мен кері тасымалдауды, сондай-ақ кеме қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жүргізген түбін тереңдету жұмыстары да жеделдете түсті. Бүгінде фото және бейнематериалдардан судың жағалаудан қаншалықты алыстап кеткені анық көрінеді. Каспий теңізінің солтүстік бөлігі өте жоғары қарқынмен тайызданып барады, — дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының басқарма төрағасы Лаура Маликова.

Экология министрлігінің мәліметінше, соңғы онжылдықтарда Каспий деңгейінің төмендеуінің басты себебі — климаттың өзгеруі. Каспий маңындағы өңірлерде жауын-шашын мөлшері азайып, ал теңіз бетінен булану, керісінше, күшейген.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Географиялық орналасуына, яғни, мұхиттардан шалғай жатуына әрі күрт континенттік климат жағдайына байланысты Каспий өңірі жаһандық жылынуға аса сезімтал.

1976–2024 жылдар аралығындағы бақылаулар бойынша, Жер шарында температура әр онжылдықта орта есеппен 0,19 градусқа көтерілсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,36 градусқа, ал Каспий теңізі аумағында бірден 0,51 градусқа артқан. Осылайша, Каспий бүкіл жер шарымен салыстырғанда шамамен үш есе жылдам жылып жатыр, бұл теңіздің тартылуын жеделдете түскен.

— Бүгінгі таңда экономикалық қызметтің барлық түрін — мұнай өндіруден бастап басқа салаларға дейін — экологиялық және технологиялық талаптарды, сондай-ақ қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтай отырып дамыту аса маңызды. Каспийге атүсті немесе салғырт қарауға болмайды. Теңізді алдағы ондаған жыл бойы орнықты пайдалану үшін, экологиялық апатқа жол бермей және Арал теңізінің кебін кимеу үшін осыны есте ұстау қажет, — дейді эколог Лаура Маликова.

Инфрақұрылым, туризм және денсаулық: теңіздің тартылуы өңір экономикасына қалай әсер етеді

Каспий маңындағы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы әлі де болса көп жағдайда логистика мен мұнай өндіру саласына тәуелді. Бұдан жүйелі қайшылық туындайды, мәселен шаруашылықты ұлғайту Каспий теңізінің экожүйесіне түсетін жүктемені арттырып, оның тайыздануын жеделдетсе, су деңгейінің төмендеуі өз кезегінде экономикалық шығынға әкеліп, өңірге ұзақ мерзімді қауіп төндіреді.

Kazinform тілшісінің сауалына Маңғыстау облысы әкімдігі жауап беріп, Каспий теңізінің тартылуынан мұнай-газ өндіру, кеме қатынасы және жағалаудағы инфрақұрылым салаларына ең үлкен экономикалық шығын келіп жатқанын хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, су деңгейінің төмендеуі теңіздегі кен орындарына қолжетімділікті қиындатады, жағалаудағы инфрақұрылымның жұмысын күрделендіреді әрі нысандарға қызмет көрсету, тасымалдау шығындарын арттырады. Сонымен бірге кеме қатынасында да мәселе бар: кемелердің жүк көтергіштігі төмендейді, бағыттарды қайта қарауға тура келеді және фарватерлер мен порт акваторияларын үнемі тереңдету қажеттілігі туындайды.

Фото: gov.kz

Ақтау теңіз портының мәліметінше, қазіргі жағдайда кемелер портқа толық жүктемемен кіре алмай отыр: танкерлер — 3,1 мың тоннаға дейін, фидерлік кемелер — 0,3 мың тоннаға дейін, ал астық тасымалдайтын жүк кемелері — 1,2 мың тоннаға дейін ғана жүк тиейді. Бұдан бөлек, тасымалдаушылар астық тиеген кемелерді қайта швартовкаға қосымша шығын жұмсайды — әрбір кеме үшін шамамен 1 млн теңге. Ал түбін тазалау жұмыстарына жылына шамамен 0,4 млрд теңге қажет.

Көлік министрлігінің мәліметінше, Құрық портында түбін тереңдету жұмыстары аяқталған. Мұнда кіреберіс каналдың тереңдігі 5,5 метрден 7–8 метрге дейін ұлғайтылды.

Қазіргі уақытта Ақтау портындағы акваторияның орташа тереңдігі — 4,5 метр, ал қалыпты кеме қатынасы үшін 6,5–7 метр қажет. Осыған байланысты кемелерге тек 75% дейін ғана жүк артылады. Ақтау портында түбін тереңдету 2025 жылы басталды. Жұмыс аяқталғаннан кейін кемелердің 100% жүктемемен қатынауына мүмкіндік тумақ.

— Сонымен қатар, теңіз деңгейінің төмендеуіне порттарды бейімдеу шаралары қолға алынады: айлақтар конструкциясын жаңғырту, соққыға қарсы жаңа құрылғылар орнату, порт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ шөгімі аз кемелер салу көзделіп отыр. Каспий маңындағы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен порт акваторияларында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша министрлік тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп келеді, — деді ведомство өкілдері.

Елеулі экономикалық шығын туризм мен рекреация саласында да бар.

— Каспий теңізінің тартылуы маңындағы аумақтардың туристік инфрақұрылымына әсерін тигізіп жатыр. Су деңгейінің төмендеуі салдарынан жағалау сызығы біртіндеп кейін шегініп, жағажайлар мен демалыс аймақтарының аумағы қысқара бастады. Бұл туристер алдында өңірдің визуалды және рекреациялық тартымдылығын төмендетеді, — дейді облыс әкімдігі өкілдері.

Осылайша, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі туристік нысандар жобаларын қайта қарауға мәжбүрлейді, инфрақұрылым мен техникалық қызмет көрсету шығындарын арттырады және туристер ағынының азаюына әкелуі мүмкін. Мамандар шығындарды барынша азайту үшін тұрақты мониторинг пен уақтылы басқарушылық шешімдер қабылдау қажет деген пікірде.

Мұндай жағдайда жағалауға жақын орналасқан демалыс базалары, жағажай аймақтары мен глэмпингтерді қамтитын дәстүрлі жағалаулық туризм форматтары біртіндеп өз тартымдылығын жоғалта бастайды.

— Туризм саласында табиғи өзгерістерге тәуелділік төмен, анағұрлым орнықты бағыттарға бетбұрыс үрдісі байқалады. Экотуризмді, мәдени-тарихи бағыттарды, экстремалды және шөл туризмін дамытуға, сондай-ақ туристік нысандарды жағалау аймағынан алыс аумақтарда орналастыруға ерекше назар аударыла бастады, — дейді Маңғыстау облысы әкімдігінде.

Каспийдің тартылуы халық денсаулығына да әсер етіп жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, теңіздің суы тартылып, кеуіп қалған түбінен құрамында мұнай өнімдері мен ауыр металдарды қоса алғанда — түрлі ластаушы заттар шаңды және тұзды дауыл арқылы айналаға таралып жатыр. Мұның бәрі тыныс алу жолдары ауруларының көбеюіне әкеліп, денсаулық сақтау жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Сонымен қатар, шаңды және тұзды дауылдар теңіз суының сапасын да нашарлатады.

Егер Каспий теңізі одан әрі тартыла берсе, каналдарға келетін су көлемі азайып, бұл Ақтау қаласын ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге айтарлықтай әсер етеді.

— Қазіргі уақытта Ақтау қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін «МАЭК» ЖШС балансындағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2 каналдары пайдаланылады. Каспий теңізінің тартылуына байланысты бұл каналдарға келетін су көлемі азайып, соған сәйкес өндірілетін су көлемі де төмендеген. Осыған орай ЖЭО-1 және ЖЭО-2 каналдарын тереңдету және ұзарту бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр, — деп мәлімдеді әкімдікте.

Фото: Маңғыстау облысының су шаруашылығы және ирригация басқармасы

Өңірдің экожүйесі мен балық шаруашылығы да зардап шеге бастады.Эколог Лаура Маликованың айтуынша, Атырау облысында NCOC компаниясы жүргізген Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін тереңдету жұмыстары қоғамда кең резонанс тудырған.

— Бұл жұмы балықтар мен итбалықтардың қоректік базасын бұзып, теңіздің солтүстік бөлігінің тартылуын жеделдетті. Ал Құрық пен Ақтау порттарындағы жұмыстар кеме қатынасын және инфрақұрылымның жұмысын қамтамасыз ету үшін қабылданған мәжбүрлі шаралар болып отыр, — деп атап өтті эколог.

Фото: АШМ

Өз кезегінде, Маңғыстау облысының әкімдігі балық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту мақсатында кешенді шаралар қабылдаған. Олардың қатарында теңіз тор-қапшықтарын іске қосу, балық фермаларын салу, кәсіпті заманауи кемелермен қолдау және Каспий теңізін жыл сайын шабақтандыру бар. Бұл шаралар өңірдің балық шаруашылығын дамытуға және экожүйеге теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қандай шаралар қабылданып жатыр?

ҚР Экология министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран конвенциясы аясында Каспий маңы мемлекеттерімен белсенді түрде ынтымақтасып келеді.

Қазақстан осы конвенцияға қосымша төрт хаттаманы ратификациялады. Бұл құжаттар Каспий маңы елдеріне теңізді бірлесіп қорғауға және экологиялық залалды барынша азайтуға мүмкіндік береді:

*Ақтау хаттамасы — мұнаймен ластану жағдайларында елдердің дайындық, әрекет ету және өзара ынтымақтастығы туралы;

*Мәскеу хаттамасы — құрлықтағы жұмыс салдарынан және жерүсті көздерінен болатын ластанудан Каспий теңізін қорғау туралы;

*ҚОӘБ жөніндегі хаттама — трансшекаралық контексте ірі жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы;

*Ашхабад хаттамасы — биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы.

Қазіргі уақытта Каспий теңізінің жай-күйіне мониторинг жүргізуге, бағалауға және ақпарат алмасуға арналған жаңа хаттама жобасы келісілу үстінде. Сонымен қатар, Каспий маңы елдерінің теңізге жүргізілетін бақылау жұмыстарын үйлестіруге мүмкіндік беретін Қоршаған ортаны мониторингтеу бағдарламасы (ҚОМБ) әзірленіп жатыр.

Тегеран конвенциясы аясында бес Каспий маңы мемлекеті «Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы бойынша 2025–2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын» дайындап жатыр. Бұл құжат өңірлерге теңіз деңгейіндегі өзгерістерге дер кезінде ден қоюға және тартылудың экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық салдарын ескеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Каспийдегі экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Саммит аясында теңіз деңгейінің төмендеуіне арналған панельдік сессия ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты өз жұмысын бастағанын атап өткен жөн. Институттың негізгі міндеті — теңіздің экологиялық жағдайын бақылау, Қазақстан секторында ғылыми зерттеулер жүргізу, табиғи ресурстарды сақтау және қалпына келтіру. Сонымен бірге, институт Каспий маңы елдерінің ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Қазір қандай шаралар қабылдау қажет?

Лаура Маликованың пікірінше, Каспий теңізінің тартылуын болдырмаудың ең тиімді шешімдерінің бірі — Ресей тарапымен нәтижелі келіссөздер жүргізу.

— Соңғы онжылдықтарда Ресей аумағында көптеген су қоймалары салынды, соның ішінде Ириклин су қоймасы бар, нәтижесінде судың едәуір бөлігі сол аумақта қалады. Сондықтан Каспий теңізінің солтүстік бөлігін қоректендіретін Жайық және өзге де өзендер арқылы су көлемін арттыру мәселесін келісу аса маңызды, — деп атап өтті сарапшы.

Каспий теңізі жөніндегі 2019 жылғы ақпанда қол қойылған конвенция мен ғылыми-зерттеу институтының құрылуы да осы мәселелерді шешуге бағытталған. Алайда экологтың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар баяу жүріп жатыр.

— Ресей тарапымен тиімді келіссөздер жүргізу нақты нәтиже беруі мүмкін, өйткені біздің елдеріміздің экономикалары өзара тығыз байланысты. Негізгі мәселе — мұндай келіссөздерге көбіне су ресурстарын пайдалану ерекшеліктерін жетік білмейтін саясаткерлердің қатысуында, — деп сөзін түйіндеді эколог.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью