Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Басты рөл үшін бір жарым млн теңге берген. Алматыда бір топ ата-ана жарнамасы жер жарған жеке киностудияға алдандық деп шу шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Jan Production деп аталатын орталық олардың ұл-қызын жұлдыз етеміз деп уәдені үйіп-төккен екен. Алайда елге танымал актерлермен киноға түсіріп, қызыл кілеммен жүргіземіз деген шартын сол күйі орындамаған. Баласын экраннан көргісі келгендер енді ақшасын қайтарып беруді талап етуде.
Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған киностудияның кеңсесі. Дәл қазір бұл ғимаратқа кіру мүмкін емес. Есігі жабық тұр. Ата-аналардың айтуынша, кастинг осы кеңседе өткен, деп хабарлады КТК телеарнасы.
«Кино жұлдыздары жасаған жарнамаға сеніп, барымызды бердік» дегеннің қатарында көпбалалы ана Әйгерім Рақышева да бар. Айтуынша, орталық мамандары ұлының кастингтен өткенін, кинода басты рөлді сомдайтынын, жабық көрсетілімге лимузинмен келіп, қызыл кілеммен жүретінін айтып сендірген. Алайда басты рөл үшін олар бір жарым миллион теңге сұраған көрінеді. Ұлының кино жұлдызы болғанын армандаған келіншек бір жарым миллион теңгесін санап беріп, келісімшарт жасасқан.
- Бір жарым миллионды бөліп төлеп, баламызды осы кастингіге қатыстырдық. Содан ақпанның аяғына дейін екі ай сабақ жүргізеді. Февральдің аяғына дейін. Содан соң «кәдімгідей кино болады, оны кинотеатрлардан көрсетеміз» деген. Үмітіміз ақталмады. Сонда біз алданып қалып отырмыз. Баламызға қандай үміт беріп отыр?! Баламызға қазір не айтарымызды да білмейміз, - дейді Әйгерім Рақышева.
Мұндағылар жарнамаға сенген қарашаны одан әрі қызықтыру үшін бөліп төлеу мүмкіндігін де ұсынған. Киностудияның уәдесі бойынша, бастапқыда сабақтар, кейін түсірілімдер болуы тиіс еді дейді, наразы ата-аналар. Алайда медиа-мектеп қызметкерлері түрлі сылтау айтып, сабақты да толық өткізбеген сияқты. Тіпті кейбір ата-ана ақшасын толық төлегенімен, киноға түспек түгілі, шеберлік сабақтары да болмаған.
Анар Мыңбаева да қызының жұлдызы жарқырасын деп бір жарым миллион теңгесін берген. Енді төленген чекке қарап, қалтасының қағылғанына қапалы. Сондықтан қазір ақшасын қайтарып беруді талап етіп компанияның кеңсесін торуылдап жүр.
- Бізге үлкен премьералар уәде етті. Лимузинмен келеді, жарқын жұлдыз болады, оқып шықты деген сертификатын да береміз» деді. Төрт баламның аузынан жырып алып, сол қызым бір жерден шықсыншы, көрсінші деп, бала үшін бәрін салып тұрмыз. Ал олар келді де, баланың арманын көкке ұшырып тұр. Премьерада жарқырап шықсын деп, киімдеріне дейін алып қойдық, - дейді Анар Мыңбаева.
Мәселенің мән-жайын білмек болып орталыққа қоңырау шалдық. Олар дәл қазір қаржы мәселесі туындағанын айтып, жақын арада бұл мәселе шешімін табады деп уәде берді.
- Бізде қаржы мәселесі туындады. Қаржы жағын қалпына келтірген соң, түсірілімді қайта бастаймыз. Егер болмай жатса, ақшаны толық қайтарамыз. Актерлердің компанияға еш қатысы жоқ. Оларға біз ойнаған рөлі үшін ақша төлеп отырмыз, - дейді Jan Production киностудиясының басшысы Ержан Едігебаев.
Ал әйгілі актер Жан Байжанбаевтың бұл студияға еш қатысы жоқ екен.
- Мен Jan Production компаниясының басшысы емеспін. Менің оған еш қатысым жоқ. Мен жалдамалы актермін. Ержан менің жұмысымды ұнататындықтан, студияны менің атыммен атады. Ол менен бұл туралы сұрады, мен оған рұқсат бердім. Ол маған мән-жайды түсіндіріп, түсірілімді жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Тіпті балалармен тегін түсірілім жасауымды, ата-ана алдындағы міндетімді орындауымды өтінді. Ал мен келісемін. Мен қазір ауруханадамын, бірақ менің кестем әзірше икемді. Сәуірде бастаймыз деп ойлаймын, - дейді актер.
«Жарқын жарнамаға сендік» дегендер жергілікті полицияға шағым түсірген. Ал олар арызға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтты.
- Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағы бойынша, яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тегеу жүргізілуде. Нақты, обьективті мән-жайы анықталып, процесуалды шешім қабылданады. Алдын ала мәлімет бойынша, тағы да 100-ге жуық азамат арызбен шағымдануға ниетті екен,- дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еліміз бойынша 4 мың ата-анадан орта есеппен 1.5 млн ақша алған. Ал алданған ата-аналар ақшасын толық қайтарып бермейінше, тоқтамаймыз деп тарқасты. Олардың бұған дейін алған несиесін кешіктірмей төлеуден басқа амал жоқ.