KAZ Minerals мамандары Павлодардағы колледж студенттеріне шеберлік тәлімін өткізді

22.10.2025

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Дәріске жүзге жуық студент қатысты. Іс-шара KAZ Minerals компаниясы мен Павлодар химия-механикалық колледжінің арасында 2023 жылы бекітілген меморандум аясында өтті.

Фото: KAZ Minerals

— Бізде алты мамандық бойынша 800 адам оқиды. Бірақ бюджетіміз шектеулі, сол себепті бізге әлеуметтік серіктестер, атап айтқанда — KAZ Minerals Bozshakol көмектеседі, — дейді ПХМК жетекшісі Иран Бектеміров.

Студенттермен кездесуде KAZ Minerals Bozshakol инженер-лаборанты Рүстем Садықов кеніш пен зертхана жұмысы туралы әңгімелеп берсе, басқару ісі бойынша нұсқаушы Салтанат Мұқышева ұстаздар үшін шеберлік тәлімін өткізді.

Фото: KAZ Minerals

— Біздің басты өнім — мыс концентраты, сонымен қатар күміс, алтын және басқа да қоспаларды анықтаймыз. Біз барлық өндіріс кезеңін қатаң қадағалаймыз және жұмыста көбікті флотацияны қолданамыз, — деп атап өтті Рүстем Садықов.

Қонақ лекциялар Павлодар облысындағы білім беру ісін дамытуға салынған инвестицияның шағын бөлігі ғана. Компания көптеген бағдарламаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі — оқу гранттарының бөлінуі. Соңғы алты жылда KAZ Minerals Bozshakol Торайғыров университеті мен Павлодар химия-механикалық колледжінің студенттеріне 10 мамандық үшін 20-дан аса грант бөлді. Гранттың жалпы сомасы 27,9 миллион теңге.

— Лекция қызықты, әрі пайдалы болды. Соның ішінде, жұмыс жағдай туралы ақпаратты атап өткім келеді, — дейді екінші курс студенті Самал Темірова.

Самал KAZ Minerals бөлген білім грантын алғандардың бірі. Оның келесі қадамы компания зертханасында ақылы жұмыс тәжірибесінен өту болмақ.

6 жыл ішінде «Тағылымдама» бағдарламасына Павлодар облысындағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарының 211 студенті мен түлегі қатысты. Солардың ішінде 120 жас KAZ Minerals Bozshakol компаниясына жұмысқа тұрды.

Фото: KAZ Minerals

— Әлеуметтік серіктестіктің арқасында біз дамып, жаңа мамандықтарды ашудамыз. Келесі жылы өңірде бірінші болып «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына үміткерлерді ала бастаймыз, — дейді Иран Бектеміров.

KAZ Minerals Тобы «Супер-колледж» бағдарламасы бойынша Павлодар облысындағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарында оқу бөлмелері мен зертханаларды жасақтау ісін қаржыландырды. Инвестицияның жалпы көлемі — 500 миллион теңге. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью