Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров KazFelTec компаниясының акционерлері Әсет Тілеуов және Лука Кверчимен кездесті.
Тараптар елімізде қой жүнін өңдеу саласын одан әрі дамыту және өндірісті кеңейту жоспарларын талқылады.
«Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту — аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұндай жобаларды жүзеге асыру отандық шикізатты тиімді пайдалануға және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2025 жылдың соңында Ақтөбе қаласында Қазақстандағы табиғи қой жүнінен жасалатын тоқыма емес материалдар өндіретін алғашқы кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорында Cormatex компаниясының озық италиялық Cormatex Airlay технологиясы қолданылады. Авторы — Cormatex SRL компаниясының атқарушы директоры Лука Кверчи.
Зауыттың жылына 3,6 мың тонна жүн өңделеді деп күтілуде. Компания өкілдері екінші зауыттың құрылысын бастауға ынталы екендерін мәлімдеді. Алдын ала бағалау бойынша жобаның құны 10 млн АҚШ долларын құрайды.
Кәсіпорынды Астана қаласында салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал ұсақ мал басы көп шоғырланған өңірлерде жүн қабылдау, жуу және сұрыптау бекеттері желісін құру жоспарланған.
«Бұл фермерлердің логистикалық шығындарын азайтып, жүннің сатып алу бағасын арттыруға мүмкіндік береді. Егер жүн алғашқы өңдеуден жергілікті жерде өтсе, біз оны жоғары бағамен қабылдай аламыз. Осылайша ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі пайда болып, шаруашылықтардың қой шаруашылығын дамытуға деген қызығушылығы артады», — деді Әсет Тілеуов.
Кездесу соңында Айдарбек Сапаров министрлік өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Бүгін, 10:41