Кегенде Тәңіртау таланттары байқауы өтіп, Таланттар аллеясы бой көтерді

04.05.2026

Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Алматы облысының Кеген ауданында мектеп оқушылары арасында дәстүрлі әншілер мен күйшілердің «Тәңіртау таланттары» атты аймақтық байқауы өтті.

Хантәңірі баурайын ән мен күйге бөлеген бұл шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарды рухани қуаттандыру және азаматтық белсенділікті арттыру туралы бастамасы аясында ұйымдастырылды.

Байқаудың негізгі мақсаты - Жетісу әншілік және күйшілік мектебінің ірі өкілдері, өмірден ерте кеткен өнер саңлақтарының рухын ұлықтау. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет қайраткерлері Жақсылық Мырқаев пен Ерлан Стамғазиев, өнертанушы-зерттеуші Базаралы Мүптекеев және халықаралық лауреат, фольклортанушы Ғалымжан Досанұлының есімдері мен мұралары жас ұрпаққа кеңінен насихатталды.

«Бүгін Алатаудың етегі, Хан Тәңірінің баурайында, Кеген ауданында, Алматы облысының барлық аудандарында жасөспірімдердің үлкен байқауын Кеген ауданының орталығына «Тәңіртау таланттары» атты байқауға жинадық. Бас-аяғы 45-ке жуық өнерпаздар келді: әншілер, күйшілер. Әрқайсысы сонау көнеден келе жатқан халық күйлерін, халық әндерін, халық композиторларының, кейінгі заман композиторларының көптеген әндері сахнада шырқалды. Бұл конкурстың негізгі бағыты - жастарға жол ашу, жалпы үлкен өнерге қарай тарту. Сонымен бірге, біздің өзімнің жан досым Ғалымжан Досанов және өзімнің туған інім Ерлан Стамғазиевтің өмірден өткеніне, соларды еске ала жүруіне арналған бір рухтық байқау болатын.

Енді қарасам, қазір облыс көлемінде бұл байқау ұлғайды. Сол бауырларымыздың өкшесін басқан жастарды көріп қуанам. Ел аман болсын! Бесігінде ән мен жырға тербелген жастарымыздың қатары көбейгеніне қуанам», - дейді байқаудың қазылар алқасының төрағасы, ҚР Халық әртісі Рамазан Стамғазиев.

Белгілі ғалым, журналист Сағатбек Медеубекұлы жас жеңімпазды марапаттап тұр


Өнер додасына Алматы облысының Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ және Жетісу облысы, Панфилов (Жаркент) аудандарынан іріктелген 45-ке жуық дарынды оқушы қатысты. Үміткерлер «Дәстүрлі ән», «Дәстүрлі күй» аталымдары бойынша бақ сынады. Біріншісінде халық әндері мен халық композиторларының, сондай-ақ заманауи авторлардың шығармалары шырқалды. Ал жас күйшілер көнеден жеткен күй өнерінің орындаушылық шеберлігін паш етті.

 Байқау тек сахналық өнермен шектелмей, маңызды экологиялық-тәрбиелік шарамен жалғасты. Байқаудың әділ қазылары мен ұйымдастырушылары Кеген ауылына көшет егіп, «Таланттар аллеясының» негізін қалады. Бұл символикалық қадам - табиғатты аялау мен өнердің мәңгілік өміршеңдігін, өнерпаздар мен көшеттердің бірге бой түзеп, өркен жаюын білдіреді.

Қазылар алқасының шешімімен ең үздік деп танылған таланттар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда әншілер Ғалымжан Досанұлы, Ерлан Стамғазиев және Мәкен Әлиасқаров атындағы жүлделермен, күйшілер Қожекеұлы Рақыш, Мұқан Нұрсадықов және Базарәлі Мүптекеев атындағы сыйлықтарға ие болды.

 Ұйымдастырушылар, Алматы облысы Білім басқармасы мен Кеген ауданы әкімдігі бұл байқауды жыл сайынғы дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.

«Хантәңірі баурайындағы бұл рухани қозғалыс — ұлттық кодты сақтаудың және жас ұрпақты отансүйгіштікке баулудың нақты құралына айналады», дейді ұйымдастырушылар.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью