Кейбір арандатушылар ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды Тоқаев

24.09.2026

Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде тіл мәселесі бойынша отқа май құятын арандатушыларды сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Халық кеңесінің бірінші сессиясын ашқан мемлекет басшысы тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды.

"Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі", - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, қазіргі жағдай басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Оған қоса, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған.

"Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару.Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді", - деп атап өтті президент.

Осы орайда ол құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керектігін ерекше атап өтті. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет ету керек.

"Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас", - дейді Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью