Келе ғой, айналайын : Абай облысында атты полицей жоғалған баланы даладан тауып алды

08.04.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Абай облысы Ақсуат ауданы Сәтпаев ауылында үш жастағы бала жоғалып кетті. Баланы аудандық полиция бөлімінің майоры аға криминалист Бақытбек Лиясханов тауып алды. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне полиция қызметкерінің өзі айтып берді.

Бала Сәтпаев ауылына қарасты Үшінші ферма деген жерде жоғалған. Атасы мен апасының қолында жүрген үш жасар бүлдіршіннен таңғы сағат жеті жарымда көз жазып қалған.

"Ауыл болып іздеп, баланы таппаған соң, сағат 11:00 шамасында полицияға хабарласқан. Мен аудан орталығынан дереу шығып, бала жоғалған жерге бардым", - дейді аға криминалист Бақытбек Лиясханов.

Полиция болып, тұрғындар болып, ой-шұңқырды түгел қарап шығады. Бірақ бала табылмайды.

"Жаяу шеңгелдің түбінің бәрін қарадым. Сосын сол ауылдағы бір тұрғынның атын ерттеп мініп іздеуге шықтым. Жарты сағаттай шауып жүріп қарасам, бір жерде баланың аяқ киімі балшыққа батып қалыпты. Ары қарай тағы шапқылап іздей бердім. Сөйтіп баланы шеңгелдің түбінен тауып алдым", - дейді Бақытбек Лиясханов.

Бала ауылдан үш шақырым жерден астам жерге кетіп қалған. Аттылы адамды көргенде маңайламаған.

"Бала шошып қалған. Табанына тікен кіріп кетіпті, тікенін тазалап бердім. Бала бірден келе қойған жоқ, қорқып қалған. Жылап-жылап көзі ісіп кетіпті", - дейді полицей.

Айта кетейік, баланы құтқарған Бақытбек Лиясханов бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью