Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Латвияда парламент сайлауы өтті.
Tengrinews.kz авторлық бағанында саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Латвия тәжірибесінің бүкіл посткеңестік кеңістік үшін неге маңызды екенін түсіндіреді: бізбен бір жүйеден шыққан бұл ел еуропалық үлгідегі бәсекелі көппартиялық модель құра білді, бірақ сонымен бірге әлі күнге дейін КСРО мұрасымен байланысты мәселелерді шешіп келеді.
Сенбі күні, 3 қазанда Латвияда парламент - Сейм сайлауы өтті.
Тұтастай алғанда, бұл сайлау қазіргі премьер-министр Андрис Кулбергс бастаған оңшыл-консервативті "Біріккен тізім" партиясының жеңіске жеткені үшін ғана емес, басқа себептермен де қызықты. Тиісінше, Латвияда Еуропаның қалған елдерінде белең алып жатқан ультраоңшыл партияларға қатысты қауіп-қатер жоқ.
Бұл тұрғыда Латвия - саяси жағынан әбден табысты еуропалық мемлекет, онда түрлі идеологиялық бағыттағы - оңшылдар, солшылдар, центристер сияқты көптеген партия саяси бәсекеге түседі.
Бірақ КСРО-дан шыққан біз үшін батысеуропалық үлгідегі бәсекелі саяси жүйенің құрылу және жұмыс істеу моделі қызық. Бәріміздің де КСРО-дан шыққанымызды ескерсек, Латвиядағы парламент сайлауын желеу ете отырып, осы тәжірибеге назар аударуға тұрарлық.
Ең алдымен, "Біріккен тізімнің" қазіргі нәтижесі - Латвия тарихында бір партияның немесе бір коалицияның мұншалықты көп дауыс жинай алған сирек мысалдарының бірі екенін атап өткен жөн.
Әдетте дауыстар көптеген салыстырмалы түрде шағын партиялар арасында бөлініп, кейін олар коалиция құрады. Бұл жолы "Біріккен тізім" иеленетін 100 мандаттың 41-і үкіметті жеке дара жасақтауға жеткіліксіз - тағы да коалиция құру қажет болады. Соған қарамастан, бұл - рекорд көрсеткіш.
Мысалы, 2018 жылы коалиция бес партиядан құралды. Бұл ретте орыстілді халықтың мүддесін қорғайтын және ең көп дауыс (20 пайыз) жинаған "Келісім" партиясымен Латвия парламентінде ешкім де келіссөз жүргізгісі келмеді. 2011 жылы бұл партия 29 пайыз, 2014 жылы 23 пайыз жинаған болатын. Бұл әрине, 2022 жылғы Ресей-Украина соғысы басталғанға дейінгі жағдай еді.
Сейм мәжіліс залы. Фото: Ernests Dinka / Сейм кеңсесі. Дереккөз: Сеймнің ресми аккаунты. Лицензия: CC BY-SA 2.0
Дегенмен, мұндай жағдай Латвияның саяси өміріндегі қайшылықтарды анық көрсетеді. Тағы бір назар аударарлық жайт: соғыс басталғанда "Келісім" партиясы оны айыптады. Бірақ содан кейін Сеймге өтпей қалды - сайлаушылар оны қолдауды тоқтатты, бұл өзінше нышандық мәнге ие болды.
Жалпы, Латвия саясатында ұлттық және тіл мәселелері 1990-жылдардан бері айрықша өткір сипатқа ие. Бұл көбіне "этникалық дауыс беру" деп аталатын құбылысқа әкеп соғады. Алайда кейінгі жылдары жағдай бұрынғыдай бірмәнді сипатқа ие емес. Десе де, демографиялық тұрғыдан да, қоғамның орыс тілді бөлігінің көңіл-күйі тұрғысынан да өзгерістер байқалады - мәселен, жастар арасында көбі либералдық көзқарасты ұстанады және тиісті партияларға дауыс береді.
Атап айтқанда, олар осы сайлауда Сеймнен 10 мандат алған "Прогрессивтілер" партиясын қолдаушылардың қатарында. Негізінен бұл - солшыл-либерал сайлаушылар, яғни феминистік қозғалысты, "жасыл" күн тәртібін қолдайтындар және ЛГБТ-ны қорғап шығатындар. Сондай-ақ олар "азаматтығы жоқ азамат" мәртебесін жоюға шақырады.
Латвияда бұл - 1991 жылы тәуелсіз мемлекет құрылғаннан кейін азаматтық алмағандарға берілген өзіндік ерекше мәртебе.
КСРО ыдырар қарсаңында онда 2,6 миллион адам тұрған, оның 52 пайызы латыштар еді. Қалғандары - орыстар, украиндар, беларустар, 2 пайызға жуығы поляктар және 1 пайызы литвалықтар болды. 1991 жылғы 15 қазанда елдің Жоғарғы Кеңесі азаматтық тек соғысқа дейінгі Латвия Республикасының азаматтары мен олардың ұрпақтарына ғана танылады деген шешім қабылдады.
Тиісінше, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Латвияға келгендердің ешқайсысы азаматтық ала алмады. 1995 жылы 1992 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ел аумағында тіркелгендердің мәртебесі заңды түрде бекітілді - оларды "азаматтығы жоқ азамат" деп атай бастады. Ол кезде олардың саны шамамен 750 мың адам болса, 2025 жылға қарай 165 мыңға жуық адам қалды - олар негізінен егде жастағы адамдар. Қалғандары натурализация процедурасынан өтіп, азаматтық алған.
Латвиядағы "азаматтығы жоқ азамат" төлқұжаты. Фото: Volgust / Wikimedia Commons
Мұндай шешім дәстүрлі түрде құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшырап келді. Көпшілігі мұны демократияның тапшылығы деп атады, бірақ Еуропада бұлай деп есептейтіндер көп емес. Латвия билігі азаматтық алудың белгілі бір ережелерді орындауды, соның ішінде латыш тілін білу емтиханын тапсыруды көздейтін процедурасы бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, азаматтығы жоқтар Еуропа ішінде еркін жүріп-тұра алады және сайлау құқығы мен мемлекеттік қызметте істеу құқығынан басқа барлық құқықтарға ие. 2020 жылдан бастап "азаматтығы жоқ азаматардың" балалары автоматты түрде азаматтық алады.
Алайда азаматтығы жоқ адамдардың натурализациялануына қарай Латвияда саяси күштердің арасалмағына ықпал ете алатын айтарлықтай үлкен орыс тілді электорат қалыптасты. Оның кейбір өкілдерінің латыштардың бір бөлігінің қолдауымен қалыпты еуропашыл бағыттағы "Келісім" партиясы сынды жеке саяси жобасын жүзеге асыру әрекеті сәтсіз аяқталды. 2022 жылдан кейін бұл жоба іс жүзінде тоқтады. Дегенмен орыс тілді сайлаушылар шоғыры сақталып қалды. Бүгінде бұл - елдегі барлық дауыстың шамамен үштен бірі.
Бұл сайлауда олар бірнеше партия арасында бөлінді.
Либерал жастар "Прогрессивтілерді" қолдады. Қалғандары негізінен популистік "Егемен билік" (15 мандат) және "Латвия бірінші орында" (17 мандат) партияларына дауыс берді.Мәселен, олардың біріншісі Украинаға әскери көмек көрсетуге және әскери бюджетті ұлғайтуға қарсы шығып отыр. Оның көшбасшысы - әкесі Ресейде бизнеспен айналысатын Юлия Степаненко. Екіншісі - көсемшілдік сипаттағы партия, оны кәсіпкер Айнарс Шлесерс басқарады. Латвияда Шлесерстің ресейлік бизнеспен байланысына бола бұл партияны да оңшыл популистік және ресейшіл деп санайды.
Латвия Сейміне бұл жолы "Жаңа бірлік" (жеті мандат) және ұлтшыл бағыттағы "Ұлттық бірлестік" (10 мандат) партиялары да өтті. Соңғы партия тіл мәселесі мен дәстүрлі құндылықтарға қатысты айтарлықтай қатаң ұстанымды ұстанады.
Ол 2026 жылдың мамырында құрылған "Біріккен тізім" бастаған соңғы үкіметтік коалицияның құрамына кіріп, төрт бірдей - ішкі істер, білім, мәдениет және энергетика министрліктерін иеленді. Жарты жыл ішінде партия өкілдері орыс тілінің қолданылуын шектеуге бағытталған бірқатар шара қабылдады.
Бірақ енді "Біріккен тізім" теориялық тұрғыдан "Ұлттық бірлестікпен" коалиция құрмай-ақ әрекет ете алады. Үкіметті жасақтау үшін оған 10 дауыс қажет. Бұл мандаттар "Прогрессивтілерде" бар. Бәлкім, "Жаңа бірлік" партиясы ең жақсы серіктес болар еді, бірақ оларда небәрі жеті мандат бар. Сондай-ақ "Бірінші орында – Латвия" партиясындағы Шлесерстің популистерімен де күш біріктіріп көруге болады.
2022 жылдан 2026 жылға дейінгі Латвия партиялары рейтингтерінің графигі. Авторы: OskarsC. Лицензия: CC BY-SA 4.0
Жалпы алғанда, Латвияның саяси өмірінде батысеуропалық демократияға тән саяси күштердің барлық спектрі - солшылдар, либералдар, оңшылдар, ультраоңшылдар және ұлттық бағыттағы күштер толық қамтылған. Алайда орыстілді электораттың дауыс беру ерекшелігіне байланысты айтарлықтай шектеу бар.
Әрине, ол идеологиялық көзқарастар бойынша да бөлінеді, мысалы - "Прогрессивтілер" сапындағы либерал жастар. Дегенмен оның басым бөлігінің дауыс беруіне тіл мәселесі мен Ресейге деген қарым-қатынас айтарлықтай ықпал етеді.
Бұл - еуропалық демократиялық жүйенің өзінде сайлаушылардың бір тобы саяси процестен іс жүзінде шеттетілетін немесе, кем дегенде, оған қатыспайтын шектеулердің болуы мүмкін екенінің бір мысалы.
Осы тұрғыда Израильдің мысалы өте айқын. Ол Еуропадан алыс жатса да, онда өте дамыған парламенттік жүйе жұмыс істейді. Дегенмен онда араб текті сайлаушылардың 20 пайызы саяси процеске іс жүзінде қатыспайды, бұл қалған партиялардың - солшылдардың, оңшылдардың және центристердің мүмкіндіктерін шектейді.
Сонымен қатар, кейбір Еуропа елдерінде мұсылман текті сайлаушылар қомақты топты құрайды. Олар қазірдің өзінде саяси процестерге ықпал ете бастады. Олардың дәстүрлі партияларға дауыс беретіні түсінікті, бірақ жалпы алғанда, әңгіме қауымдастық деңгейіндегі ынтымақты дауыс беру мүмкіндігі туралы болып отыр. Мұндай жағдайда электораттың тіпті 10 пайызының өзі маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Мәселен, Берлиндегі соңғы муниципалды сайлауда мұсылман сайлаушылар әлеуметтік мәселелер мен көші-қонға қатысты ұстанымына байланысты "Солшылдар партиясын" қолдады. Францияда мұсылман елдері мен Африкадан келген сайлаушылар ультрасолшыл "Бағынбайтын Франция" қозғалысын жақтайды. Бұл кері реакция тудырып, оңшыл радикалдардың танымалдылығы артуының бір себебіне айналды. Қалай болғанда да, бұдан центристер зардап шегеді.
Мұның бәрі еуропалық демократияның ең әлсіз тұсы шартты қауымдық дауыс беру екенін көрсетеді. Ол идеология деңгейіндегі қалыпты саяси бәсекелестік аясында маневр жасау мүмкіндігін тарылтады.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан
Автор туралы: Сұлтан Әкімбеков - қазақстандық тарихшы, саясаттанушы, шығыстанушы, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік мәселелері бойынша маман. Қазақстанның сыртқы саясаты, геосаясат, Ресей, Қытай және Батыс елдерінің аймақтағы рөлі бойынша Орталық Азиядағы ең көп сілтеме жасалатын сарапшылардың бірі. Көптеген монографиялар мен тарихи кітаптардың авторы, соның ішінде: "Афганский узел и проблемы безопасности Центральной Азии" (1997, 2003), "История степей: феномен государства Чингисхана в истории Евразии" (2011), "История Афганистана" (2015), "Казахи между революцией и голодом" (2021), "Краткая история казахов" (2023).
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу