Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
- Қазақстан экономикасы қарқынды өсіп келеді. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,5 пайыз болды. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің рөлі сақталып отыр. Жалпы ішкі өнімнің динамикасына көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда көп үлес қосып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады. Ішкі сұраныс тұрақты болып қалды. Оған бөлшек сауда динамикасы мен қызметтерге сұраныстың өсуі әсер етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда айналымы нақты мәнде 7,5 пайызға артты. Сонымен қатар, желтоқсан айында азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату қарқыны жеделдегенін сездік. Бұл сол кезде күтілген салық жүйесіндегі өзгерістермен байланысты деп түсінеміз, - деді ол.
ҰБ төрағасының айтуынша, табыс және кредиттеу динамикасы уақытша ықпал етіп, инфляция қарқыны табыс көлеміне қысым жасап отыр. Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулағаны байқалады.
- Бұл, сөзсіз, оң құбылыс. 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша кредиттеу көлемінің өсімі айтарлықтай азайып, жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, 7,3 пайызды құрады. Инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде қалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 13 пайызға өссе, шикізатқа жатпайтын сектордағы жеке инвестициялар 19,1 пайызға дейін артты, - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.