Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Төңкеріске дейін қаладағы Сауда алаңына жақын орналасқан Владимир көшесінде бай көпестер мен ауқатты мещандар қоныстанды. Қазіргі Толстой көшесімен қиылысқан бұрышта көпес Иннокентий Кошелевтің үйі тұрды. Оның жанына Қыстаубаев өз үйін салып, ауласында ат-көлікпен тоқтайтын орын ашқан.
Арзан әрі жайлы қонақүйге саудагерлер, іскер адамдар мен гастрольге келген артистер түсетін. Мұнда Павлодар өңіріне сапарлап келгенде атақты Қажымұқан Мұңайтпасов да тұрған.
Фото: Людмила Баюшева— Бұл үймен Павлодардағы қазақ әдебиеті мен драма өнерінің қалыптасу тарихы тығыз байланысты. Мұнда поэзия кештері, концерттер мен спектакльдердің дайындықтары өткізіліп, қаланың шығармашыл жастары жиналатын. Мұндай кештерді өткізу идеясын үй иесінің өзі ұсынған. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұнда Жұмат Шаниннің кейіннен Қазақ драма театрының репертуарына енген «Арқалық батыр» атты алғашқы пьесасының дайындықтары өткен, — дейді өлкетанушы Людмила Баюшева.
Ж. Шанин ол кезде Павлодар уездік комитетінің мүшесі (1920-1921 жж.) болатын. Партиялық-кеңестік органдардағы жұмысынан бөлек, театр қызметімен айналысып, әдеби кештердің жиі қонағы болды.
1920 жылдары бұл үйде көптеген танымал шығармашылық тұлғалар қонақта болған. Атап айтқанда, ақын Иса Байзақов, жазушы Мұхтар Әуезов, сондай-ақ мұнда біршама уақыт атақты әнші Майра Уәлиқызы тұрды.
Майра шағын балконға шығып, өзінің әйгілі тальянкасымен қазақ, татар және орыс әндерін шырқайтын. Қоңыраулы сырнай ол кезде далалық өлке үшін сирек кездесетін музыкалық аспап еді.
Майра тек сырнайда ғана емес, домбыра мен балалайкада да шебер ойнаған. Талантты әншінің әндерін, сырнайдағы саздарын тыңдау үшін көршілес көшелердегі тұрғындар жиналатын. Оның сыңғырлаған дауысы алысқа жететін:
— Қызы едім Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекейде тілім сайра.
Қолыма гармонь алып жөнелгенде
Ілесер сонда маған жігіт қайда?!
Фото: e-history.kzЛюдмила Баюшеваның айтуынша, кеңес өкіметі жылдары бұл көне үйге «Қазгалантерейторгтың» облысаралық базасы орналасқан. 1972 жылы ғимаратқа Майраның барельефі бар мемориалдық тақта орнатылады.
Уақыт өте келе ғимараттың қабырғалары қақырап, тоза бастайды. Алайда оны сақтап қалуға ешкім әрекет жасамаған. 1992 жылы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіші ретінде тіркелген үй бұзылып қалады. Қазіргі уақытта бұл жерде жеке үй салынған.
Бұған дейін Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы туралы жазғанбыз.
Фото: Людмила Баюшева