Киберспортқа қызығушылық жоғары

18.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Екі жыл бұрын Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындары» халықаралық са­йысында еліміздің үмітін арқалаған саңлақтар толайым табыспен оралды. Бұл жетістік те ел спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқындай түсті. Қазанда өткен халықаралық сайыста 2026 жылғы доданы біздің елде өткізу мүмкіндігі бұйырды. Байрақты аламанды Перу мен Чили де өздерінде сән-салтанатын келістіре атқаруға үмітті болды. Бірақ таңдау бізге түсті. Дүбірі құлақ түбінен естіліп, ашылу рәсімі жақындаған халықаралық са­йыс елімізде киберспорттың қарқынды дамуына септігін тигізері сөзсіз.

Бірер күн бұрын Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің бас­шылығы Халықаралық киберспорт федерациясымен (IESF) ынтымақтас­тық туралы келісімге қол қойды. Еліміз­де ғана емес, Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білімді мамандар даярлау бағытындағы алғаш­қы оқу ордасының салтанатты ашылу рәсімінде келесі жылы киберспорттан әлем чемпионатын өткізу құқығы елімізге берілгені ресми жарияланды. Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF), Қазақстан киберспорт федерациясы арасында үшжақты меморандум жасасқаннан кейін-ақ жаһандық додаға әзірлік басталды. Ғаламдық сайыс елімізде өтетін цифрлық спорт саласындағы маңызды аламанның бірі.

Халықаралық киберспорт федера­циясының президенті Влад Маринеску Қазақстан келесі жылы әлем чемпионатын өткізу арқылы да білім беру жүйесіне жаңашылдық енгізіп, инновациялық жобаларды әрдайым қолдайтынын паш еткенін жеткізді. Жаһандық сайысты жоғары деңгейде ұйымдастыратынына да сенім білдірді.

Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеудің Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) департаментінің директоры қызметіне тағайындалуы да осы спорт түрінің елімізде дамуына айтарлықтай серпін берді. Оқу орны мен халықаралық федерация арасында әріптестік байланыс нығая түседі. Ғылыми зерттеулерді бірге жүргізіп, халықаралық жобаларды тізе қосып атқаруға да мүмкіндік тумақ. Елімізде келесі жылы өтетін әлем чемпионаты киберспорттың жаһандық өрісінде беделімізді арттырады. Жоғары технологиялық халықаралық іс-шараны Астанада ұйымдастыру жастар арасында жаңа спорттық форматтардың танымалдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов «Phygital International» ком­паниясының негізін қалаушы, доктор Рене Фазелмен және ұйымның бас директоры Нис Хаттпен кездесу өткізді. Салиқалы талқылауда фиджитал-спорттағы физикалық белсенділік пен цифрлық технологияларды бірік­тіретін перспективалық бағытты дамы­туға назар аударылды. Киберспорт федерациясының деректеріне сәйкес, бүгінде елімізде 1,5 млн-нан астам азамат киберспортпен белсенді айналысады. Осының өзі де бұл спорт саласының өрісі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айқындайды.

Беделі жоғары «Phygital International» компаниясы әлемнің 98 елін қам­титын «Phygital» Дүниежүзілік қауым­дастығымен (WPC) серіктестікте жұмыс істейді. WPC фиджитал-пәндерге арналған ережелер мен стандарттарды әзірлеумен, «Болашақ ойындары» (games of the Future) халықаралық турниріне қатысу үшін өңірлік және ұлттық іріктеу турнирлерін ұйымдастырумен айналысады. Ұйым спорт, цифрлық технологиялар мен маркетинг сияқты әртүрлі салалардағы мамандардың басын біріктіреді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью