Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Киев әзірге мобилизация жасына қойылатын жоғарғы шекті 55 жасқа дейін төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палиса мәлімдеді.
Бұған дейін украиналық адвокат Вадим Гречковский "Новости.live" порталына берген сұхбатында Жоғарғы рада депутаттары Украинадағы мобилизация жасын 25 жастан 23 жасқа дейін төмендетуі мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл өзгеріс биыл күзде енгізілуі ықтимал. Ол Украина заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістердің себебі ретінде әскерге шақыру жасының жоғарғы шегін 55 жасқа дейін төмендету ықтималдығын атаған. Қазір бұл шек – 60 жас.
"Мобилизация жасына қойылатын жоғарғы шекті 55 жасқа дейін төмендету әзірге жоспарланып отырған жоқ", – деп Палисаның сөзін УНИАН агенттігі келтірді.
Сонымен қатар Палиса қызмет етудің нақты әрі түсінікті мерзімі болуы керек деген ұсынысты қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта осы формат бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
"Мен келісімшарт бойынша жасақталатын армияны қолдаймын. Біз біртіндеп осыған қарай жылжуымыз керек", – деп түйіндеді ол.