Киік еті кең нарыққа жол тартты

12.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Оның салдарын шаруалар тартқанын білеміз, себебі киік шөпті отап тастайды. Айналып келгенде малға азық таппаған шақтар бар. Ақбөкендер бұрын таза дала тағысы еді. Қолға ұстатпайтын, адам жақындай алмайтын. Табиғат өзгерді ме, адам өзгерді ме, осы түз тағысы соңғы жылдары ауылдарға кіріп, ел аралап жүретінді шығарды. Кәдімгі қой-ешкімен бірге құдықтан су ішкенін талай көрдік. Мұның себебін мамандар киікке далада су жоқтығымен, жайылымның аздығымен түсіндіреді. 

Қалай болғанда да, киік санының тым көбеюі шаруаға да, ауыл адамдарына да аса жайлы болмай тұр. Былтыр Үкімет қаулысы­мен киік санын реттеу мақсатында киіктерді аулауға рұқсат берілді. Осы рұқсатнама негізінде БҚО-да 460 мың киік аулануға тиіс еді. Бірақ облыс тек 108 мың киік аулаған. «Киікті аулауын аулайды, оның етін қайтеміз?» деген еді сол кезде экологтар. Шыны керек, киік етін өндіріске енгізу мәселесі ұзақ талқыланды, ұзақ сараланды. Көпшілік кеңесе келе, киік етінен консерві жасауға болады деген шешім шығарылды. БҚО-да қазір осы идея жүзеге асып, киік еті нарыққа шығарыла бастады. Мамандар киік етін 120 градус ыстықта залалсыздан­дырып, қалбырға салып, су мен буда бір сағат ұстап, бұқ­тырылған киік етін дайындап жатыр. Қазір Оралдағы дүкен сөрелерінен бұқтырылған киік етін көруге болады. 

Кезінде ақбөкендер санының азаюына байланысты аулауға болмайды деп заңды қатаңдатып, тыйым салған болатын. Сол тыйымның арқасында киік саны өсті. Өскені сонша, қазір далада малдан киік көп. Бұл әлбетте шаруалар үшін біраз қолайсыздық туғызып отыр.

Былтыр киік санын реттеу мақсатында БҚО-да 108 мың киік ауланды. Мамандар күндізгі және түнгі ауысымда қызмет ат­қарды. Ал ауланған киіктердің етін өңдеу үшін 15 ет комбинатымен келісімшарт жасалған. 15 ет комбинатының 14-і батыс­қазақстандық, біреуі атыраулық комбинат. Киіктерді аулау шілде айының бірінен бастап қарашаның 30-на дейін жүрді. Ауланған киіктердің еті жаз-күз айларында жергілікті базарларда сатылды. Киік етінің келісі сол кезде 1500-1600-ден саудаланды. Жалпы, киік БҚО оңтүстік аудандары – Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарында мекендейді. Тиісінше, осы жақтың адамдары үшін киік еті тансық ас емес. 

Ет өндірісіне қосылған үлес

Былтыр ағыл-тегіл ауланған киік етін қайда жібереміз деген сұрақ атқарушы билікті тығырыққа тірегені рас.  Сол кезде жергілікті ірі ет комбинаты «Кублей» ЖШС мен «Охотзоопром» мекемесі арасында келісім­шарт жасақталды. Келісімшартқа сәйкес, «Охотзоопром» ауланған киіктердің ұшасын «Кублейге» жеткізіп тұрады. Осы­лайша, ет комбинаты жаз бойына жиналған киік етін қосқанда шамамен 27 мыңға жуық киік ұшасын жинаған. Енді соларды өңдеп, нарыққа шығарып жатыр. 

Ал ғалымдар болса киік еті дәруменге бай, диеталық тағам түрі деп отыр. 

– Ауылшаруашылық жануарларына қарағанда киік етінде Д5 витамині бес есе жоғары. Сосын майы аз. Майын пайызға салып көрсек, 9-12%-ға дейін жетеді. Ал ақуыз 22%-ға дейін. Сондықтан да киік етін диеталық жағынан қарағанда зат алмасу процесіне өте жағымды болады, – дейді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Қошалиев. 

Жалпы, жазда киік аулау процесі кезінде де ғалымдар киік етін өте мұқият зала­сыз­дандыру керегін айтқан болатын. Қыр кез­ген киіктерді заңсыз аулап, одан өз бетін­ше тағам дайындау дұрыс емес. Себебі дала жа­нуарлары немен қоректеніп жүрге­нін ешкім білмейді. Сондай-ақ олардың бойында қан­дай да бір ауру бар-жоғына көз жеткізбей, етін жеуге болмайтынын алға тартқандар көп. 

Ал консерві жасап отырған «Кублей» ет комбинатының бас технологы киік еті бұл жерде өте жоғары залалсыздандырудан өтетінін, барлық санитарлық талап сақта­латынын атап өтті. 

– Бұл жерде киік еті 120 градуста залал­сыздандырылады. Одан кейін бу мен суда өңделеді. Біз барлық санитарлық норманы сақтап отырмыз. Жалпы, киік еті жеңіл диеталық тағам түріне жатады. Оны жас босанған әйелге де жеуге болады, – дейді «Кублей» ЖШС-ның бас технологы Гүл­жазира Кенжеғалиева.

Жергілікті ет өңдеу комбинаты тәулігіне 16 мың дана қалбырдағы киік етін дайын­дайды. Жазға салым бұл көрсеткішті мил­лионға жеткізбек. Елімізде бұқтырылған киік етін дайындаудың ұлттық стандарты 2023 жылдың қарашасында қабылдан­ған. Алайда содан бері киік етін ірі көлемде өң­дегендер жоқтың қасы. Оралдық зауыт осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр. 

– «Охотзоопроммен» келісімшартқа отырып, былтыр күзде киік ұшасын қа­былдадық. Өндірістік желі тоқтаусыз жүруі үшін әуелі қажетті мөлшерде шикізатты жинап алғымыз келді. Қазір бұқтырылған киік етін сатуды бастадық. Бір қалбырдың сал­мағы – 330 грамм. Алғаш шығып жат­қан­дықтан, жаңа өнімді нарық пен халықтың қа­лай қабылдайтыны біз үшін аса маңыз­­ды, – дейді ет өңдеу зауыты директорының орынбасары Зәуре Берекешова. 

Ғалымдар не дейді?

Киік етінің пайдалы қасиетін  ғалымдар да растайды. Жергілікті университетте былтыр киік етінен шұжық жасап көрді. Бөкендер еркін жайылып, шөпті таңдап жейді. Сондықтан олардың еті де құнарлы  дейді мамандар. 

Былтыр жазда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдары киік етінен шұжық  да­йындады. Аталмыш университеттің жанында тағам қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істейді, ғалымдар шұжық дайындамас бұрын киік етін әбден зерт­ханалық тексерістен өткізіп барып, кірскенін айтады. 

Жалпы, БҚАТУ жанында киіктерге арналған тынымбақ (питоник) бар. Онда арнайы мамандар жануарлардың тамағын беріп, денсаулығына тексеріс жүргізіп, баптайды. Шұжық өніміне қажетті киік етін осы тынымбақтан алдырады.  Жануар бауыздалғанға дейін арнайы мамандардың күтімінде болды. Сойылғаннан кейін де жан-жақты зерделеп, талдау жасалады. 

– Киік етін тұтынуға 100 пайыз сенімді болған соң ғана шұжық өнімі ретінде пайдалануға көштік. Сүйектен сыпырылған киік етін еттартқыштан өткізіп, дәмдеуіштер қосамыз. Қоспа құрамында ас тұзы, бұрыш, сарымсақ және осы секілді стандартты дәмдеуіштер бар. Кейін пеште +70 градуста екі немесе үш сағат ысталады. Ет толық піскен соң суытылып, қаптауға дайын болады. Осы күнге дейін екі бас киік сойылып, оның етінен шұжық дайындалды. Алдағы уақытта киіктің жүрегін, бауыр-бүйрегін пайдаға асыруға арналған зерттеу жұмыстарын өткіземіз. Өздеріңіз білесіздер, халал емес шұжық өнімдеріне көп жағдайда шошқаның еті мен майын қосып жатады. Десе де, шош­қаның майын үйрек және қаз еті алмастыра алады. Құс етінде адам ағ­за­сына пайдалы дәрумендер бар. Киік етінен жасалған шұжық еті – мұсылман дінін ұстанатын азаматтар үшін әрі жалпыға ортақ таңдаулы өнім болады деуге тұрар­лық, – дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанында тағам қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу зертхана­сының жетекшісі Аян Оразов.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқыту­шысы, техника ғылымдарының магистрі Айдана Орынбасарқызының айтуынша, негізінен шұжықты көбіне сиыр етінен әзірлейді. Киіктің еті қоймалжың, сөлі көбірек келеді екен. Зерттеу жұмысы бары­сында киік еті мен сиыр етін салыстырып көрген. Сиыр мен киіктің етін бөлек ыдыстарға салып, оларға бірдей мөлшерде ас тұзын қосып, араластырғанда киіктің етіндегі тұздың дәмі басым болып шығыпты.

Қазақ ғалымдары кейінгі жылдары киік етін көп зерттеді. Зерттеу нәтижелері киік етінің толыққұнды ақуызға бай екенін көр­сетеді. Май құрамына келсек, бұл  ет – орташа майлылықтағы өнім санаты­на жатады. Еттің майлы қышқылдық құрамы да адам ағзасына қолайлы, әсіресе ден­сау­лыққа пайдалы қанықпаған май қышқылда­ры басым дейді ғалымдар.

Киік етін қалай мақтаса да, өндіріске енуі кешеуілдегені рас. БҚО-да әупірімдеп киік етін өндіруді қолға алды. Бір қызығы, БҚО-ға 460 мың киік аулануы тиіс деп нұсқама берілген. Бірақ мамандар тек 108 мың киік аулап отыр. Себебін сұрасақ, бар үл­гергеніміз осы деген қысқа ғана жауап ал­дық. Бұл былтыр ауланған киік еті өңделіп жатқан. Алда тағы көктем келеді. Киік тағы төлдейді. Шаруалардың реніші тағы баста­лады. Келер жылы қанша киік ұсталып, қанша ұша ет өңделетіні белгісіз әзірге. Қазір Оралдағы дүкен сөрелерінде бұқтырыл­ған киік еті 1300-1500-ден сатылып жатыр. Алда киік етін экспортқа шағыру жоспары тұр. Ал әзірге тек Оралдың өзінде саудаланып жатыр.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью