Киімімнің түсіне қарай боянып, рульге отырамын автобус жүргізушісі

07.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік жүргізетін жағыз әйел жүргізуші бар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мұңсыз Тілегеновамен кездесудің сәті түсті. Кездесу тура жұмыс уақытында болды.

19 жасында жүргізуші болудың қыр-сырын үйреніп, оқыған қыз бүгінге тәжірибелі еңбек адамы. Екі жыл бұрын зейнетке шықса да жұмысын тастамады, тіпті автобус жүргізбесе көңілі құлазып, ауру-сырқауы көбейді. Содан соң үйде отырып емес, жұмыста жүріп шаршағанды жөн көреді.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Бір автобусты үш адам жүргіземіз. Бір күн жұмыс, екі күн демалыс. Бұл өте жақсы жұмыс режимі. Өзім ауысымға шығатын күні таңғы сағат 04:00–де тұрамын. Шай қойып, жаттығу жасаймын. Түскі асты, шайда құйып алып, сағат 04:45–те үйден шығамын. Өзімнің көлігім болмаған соң әріптестерімнің қайсысы ерте келеді, соларға ілесіп автопаркке жетіп аламын. Содан кезегім келгенше бірер сағат күтіп, маршрутқа шығамын. Жұмыс түнгі сағат 22:00–23:00-ге дейін жалғасады. Бір жақсысы бір күн 15-16 сағат жұмыс істеген соң екі күн демалысымыз бар. Автобустың «ұшқышы» сияқтымыз. Жұмыс аяқталған соң автобусты тұраққа қойып, үйге кете береміз. Оның жанармайын толтыру, жуу өзге адамдардың жұмысы, — деді Мұңсыз Тілегенова.

Мұңсыз Тілегенова — егіздің сыңары. Көпбалалы отбасында өмірге келген. Мектеп бітірген соң арман қуып, оқуға түсуді емес, отбасына қолқабыс болуды ойлады, бауырларына қамқорлық танытты.

Ағасының айтуымен 19 жасында оқу комбинатына барып, траллейбус жүргізуді меңгереді. Үш ай Ақтөбеде оқып, кейін Алматыда біліктілігін жетілдірді.

— Мен 19 жыл бойы траллейбус жүргіздім. Оның да уақыты өтіп, траллейбус қоғамдық көлік санатынан алынды. Ал мен Қарағандыға кеттім. Ол жерде бірнеше ай кондуктор болып жұмыс істеп, автобус жүргізуді үйренгім келді. Жұмыс істеп жүріп, C және D санаттарына тапсырдым, төрт айда жүргізуші куәлігін алдым. Қарағандыдағы автопарк бригадиріне барып, бес күн тағылымдамадан өттім. Менің еншіме тиген автобустың жағдайы орташа болды. Жөндейтін жері көп, қосалқы бөлшектерін ауыстыру керек. Жөндеу цехына барғанда маған көбі таңырқай қараған. Солардың ішінде бірі бар көмегін беріп, автобусты қарап, ретке келтіріп берді. Бірер жыл сонда еңбек етіп, Ақтөбеге келдім, зейнетке де шықтым Ақтөбеге келгенде үйге сыймай, жұмыс істегім келді. Қазір № 51А бағытында автобус жүргіземін. Еш қиындығы жоқ, — деді ол.

Автобус жүргізушісі киімді бір түстен таңдағанды жөн көреді. Соған сай көзін бояп, жас кезінде тырнағын да сәндеген. Қазір ақ қолғап киіп, сақиналарын тізбектеп алады.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Бұл жолда өткізіп жіберуге рұқсат сұрағанда жиі көмектеседі.

— Рульде әйел отырғанын қалай біледі? Мен қолғап киіп, сақиналарымды тағып аламын. Қолымды терезеден шығарып, рұқсат сұраймын. Көбі ілтипат көрсетіп, жол береді. Әрі терімнің күнге аллергиялық әсерім бар. Жазда қолғапты тастамаймын. Шынында мен киімді бір түстен таңдағанды ұнатамын. Кезекті ауысымға көк түсті таңдадым. Сол секілді қызыл, қызғылт, сарыны да кие беремін. Қарағандыда жүрген кезде маған жолаушылар қатты қызығатын, — деді жүргізуші.

Мұңсыз Тілегенова — ұл тәрбиелеп отырған ана. Әзірге жұмысын жалғастыра бермек. Оған денсаулығы жарап-ақ тұр. Ауысымға шыққанда медициналық тексеруден өтіп, рұқсатын да алады.

Өзі болса жолаушыларға көңіл-күй сыйлап, әзілдеп те отырады. Жолақысын төлей алмағандары мән-жайды жасырмай айтып, кешірім сұраса, өзі де кешіріммен қарайды.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Бұған дейін елімізде төсек тартып жатқан қариялардың күтімін жасайтын әйелдер туралы жазған едік. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью