Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Жамбыл облысының Қордай аудандық ауруханасында кім екені белгісіз науқас үш жылдан бері ем алып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты растады. Шамамен 60 жастағы науқас Қордай аудандық орталық ауруханасында медициналық бақылауда. Ол алғаш рет ауруханаға шалғайдағы жайылым аумағынан құжатсыз және тұрақты тұрғылықты жері жоқ күйде жеткізілген.
"Қазіргі уақытта пациенттің жеке басын куәландыратын құжаттары, сондай-ақ оның азаматтығы, тұрғылықты жері және туыстары туралы нақты мәліметтер жоқ. Қазақстан Республикасының ақпараттық жүйелерінен оның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін деректер де табылған жоқ", – деп хабарлады басқарма.
Қазір науқас Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, күтім жасалып, тамақ беріледі.
"Науқасты өз бетінше шығару немесе басқа мекемеге орналастыру мүмкін болмағандықтан, медициналық және әлеуметтік сипаттағы мәселе тиісті органдармен бірлесіп шешіліп жатыр", – деп хабарлады Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы.