Кімдерге рақымшылық жасалады?

12.06.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Сурет: kaz.nur.kz

Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң бір топ Парламент депутатының бастамасымен әзірленген. Еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңі әділдік, ізгілік, заң үстемдігі мен адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітті. Осыған орай қаупі жоғары емес жекелеген құқықбұзушылықтарды жасаған адамдардың түзелуі мен қоғамға қайта бейімделуіне қосымша мүмкіндік беру туралы оң шешім қабылданып отыр.

«Рақымшылық – жауаптылық қағидатынан бас тартуды білдірмейді, ол нақты белгіленген жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі. Оның өзіндік мәні бар: рақымшылық еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңімен тікелей байланысты. Мақсаты – мемлекеттің қылмыстық сая­сатын қайта қарау немесе қылмысқа қатысты ұстанымды жұмсарту емес. Бұл – ел дамуындағы маңызды кезеңге орай қабылданып отырған бір реттік құқықтық шешім», дейді М.Қадырбек.

Сенатордың айтуынша, жаңа заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылуға жатады. Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыстар жасаған сотталғандардың жоғарыда аталған санаттарына жатпайтын, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген бөлігінің мерзімі немесе мөлшері жартылай қысқартылады.

«Жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері не мөлшерлері қылмыстық құқық­бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талаптарды толық өтеген жағдайда не олар болмаған кезде ауыр қылмыстар – үштен бір бөлігіне, аса ауыр қылмыстар төрттен бір бөлігіне қысқартылады. Ал осы санаттарға жатпайтын сотталған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері, атап айтқанда, ауыр қылмыстардың төрттен бір бөлігі, аса ауыр қылмыстардың бестен бір бөлігі қысқартылады», деп атап өтті М.Қадырбек.

Сонымен қатар ең ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершіліктің бұлтартпастық қағидаты сақталады. Депутаттың айтуынша, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, адамдарды азаптағандар, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, мемлекетке опасыздық жасау, сондай-ақ басқа да аса қауіпті қылмыстар жасаған сотталғандарға кешірім болмайды. Осы мақсатта рақымшылық жасау туралы заңның 3-бабында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстық құқықбұзушылықтардың тізімі нақты айқындалған.

«Еліміздің тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықты да жүргізу көзделіп отыр. Осыған дейін мұндай құқықтық тетік республикалық деңгейде қолданылған емес, сондықтан бұл – заңның аса маңызды жаңалығының бірі. Қазақстан Республикасының азаматтары, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары, әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін осы заң қолданысқа енгізілетін күнге дейін орындалмаған айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан не оның осы заң қолданысқа енгізілетін күнге дейін орындалмаған бөлігінен босатылады», дейді сенатор.

Бұл науқан аясында 16 мыңнан аса адам қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа ілінеді деп күтіліп отыр. Осыған орай, рақымшылық жасау туралы негізгі заңмен қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған адамдарға қатысты рақымшылық жасау­ды қолдану шарттары мен тәртібі де реттелмек.

«Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына ілеспе түзетулер рақымшылықтың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге әрі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтау тәртібін жетілдіруге, ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер рақымшылық актілерін іске асырудың тиімділігін арттыруға әрі әкімшілік іс жүргізуді цифрландыруды жетілдіруге бағытталған. Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі, құқықбұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша түзетулер атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруды, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құруды көздейтін нормаларды қарастырады», дейді М.Қадырбек.

Сөзіміздің басында биылғы науқанның ерекшелігі ел тарихында тұңғыш рет әкімшілік рақымшылықтың жасалуы екенін айтып өткен едік. Бұл тәжірибе алдағы уақытта жалғаса бере ме, әлде осы жолы ғана жүргізіле ме? Біз осы сұрақты депутатқа қойдық.

«Бұл – биылғы рақымшылық аясында жүргізілетін бір реттік шара ғана. Ал алдағы жылдары да тағы әкімшілік рақымшылық жүргізілетініне қатысты әзірге ешқандай жоспар жоқ», деп жауап берді М.Қадырбек.

Сонымен қатар ол бұл жолы бұрынғы жылдарда жүргізілген рақымшылықтар барысында байқалған кемшіліктер ескерілгенін, сондай-ақ жазадан босап шыққан адамдарды қоғамға қайта бейімдеудің нақты тетіктері заң жобасында қарастырылғанын атап өтті.

Ал сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, әкімшілік рақымшылық негізінен халықтың қаржылық ауыртпашылығын жеңілдету үшін кейбір айыппұл түрлерін өшіруге бағытталып отыр.

«Әкімшілік рақымшылықтың ауқымы кең. Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 280-бабы бойынша 15 мемлекеттік органға қатысы бар құқықбұзушылықтарды қамтиды. Ал қылмыстық рақымшылыққа ілігетіндердің 15 мыңнан астамы – сотталғандар, мыңнан астамы – тергеудегілер. Соның ішінде 4 мыңнан аса адам қылмыстық жауаптылық пен жазадан толықтай босатылады, қалғандарының мерзімі қысқартылады», деп атап өтті сенатор.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью