Кішкентай жүректерге үміт сыйлаған күн

24.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Ең алғаш 2002 жылы әлемнің 94 еліндегі 183 ұйымды біріктіретін Childhood Cancer International ұйымының бастамасымен 15 ақпан – Халықаралық онкологиялық дертке шалдыққан балалар күні деп белгіленген. Содан бері бұл күн әлемнің көптеген мемлекетінде атап өтіледі. 

Осыған орай таяуда Алматы қаласында қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұл жиынның қоғам алдындағы басты месседжі – ауыр ем қабылдап жатқан әрбір баланың білім алуына құқығы бар екенін және болашаққа сеніммен қарау қажеттігін жеткізу. Жәрмеңкеден жиналған қаражат Түркістан облыстық балалар ауруханасында бесінші Smart мектебін ашуға жұмсалады. Дәлірек айтсақ, келіп түскен сома 59,5 шаршы метрлік бөлмені жөндеуге, парталар мен үстелдер, компьютерлік техника, планшеттер және қажетті кеңсе құралдарын сатып алуға бағытталады. Қазіргі уақытта аталған жобаның бюджеті 10 миллион теңгеден асады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Smart мектебін 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында ашу жоспарланған.

Естеріңізде болса, Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған еді. Осыған байланысты қайырымдылық іс-шарасының өтуіне мұрындық болған Human Rights Lawyers қоғамдық қоры бұл бастаманы қызу қолдап, әлеуметтік жобаларға атсалысуға ниетті жаңа еріктілерді қатарына тарта бастапты. 

– Human Rights Lawyers ҚҚ 10 жылдан бері осал топтағы жандарға – балаларға, қарияларға, қиын жағдайға тап болған отбасыларға және мүгедектерге, көпбалалы аналарға қолұшын созып, тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіп келеді. Ал биыл қор онкологиялық дертке шалдыққан балаларды қолдауға ниетті. Түркістан облысында арнайы мектеп ашуды көздеп отырмыз, алайда оны іске қосу үшін қаржылай қолдау қажет. Қайырымдылық жәрмеңкесінде еріктілер кәдесыйлар әзірлеп, кәсіпкерлер тауарын ұсынса, студенттер өз қолынан сыйлықтар дайындады. Біз еріктілік бас­та­малардың жүзеге асуына көмектесу арқылы онкологиялық сырқатқа шалдыққан балалардың қоғам мейірімін сезінуіне үлес қоса алатынымызды көрсеткіміз келді, – деді Human Rights Lawyers ҚҚ директоры Ләззат Рақышева. 

2018 жылдан бері Help Today қоғамдық қоры жүзеге асырып келе жатқан Smart School жобасы онкологиялық және онкогематологиялық дертке шалдыққан балалардың білім алу құқығын қамтамасыз етуге негізделген. Жоба туралы Help Today ҚҚ төрағасы Эльмира Алиева баяндап берді. 

– Біз ұзақмерзімді ем қабылдап жатқан онкология және онкогематология бөлімше­лердегі балалардың медициналық көмек қана емес, толыққанды білімді де қажет ететінін көрдік. Сондықтан бұл жобаны қолға алуда біздің ұстанымымыз айқын. Онкологиялық дертке шалдыққан бірде-бір бала сапалы білімсіз қалмауға тиіс. Samsung компаниясының және басқа да серіктесте­ріміздің қолдауымен кейінгі сегіз жылда қор базасында төрт Smart мектебі ашылды. Олар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар онкологиясы орталығында және Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында жұмыс істейді, – деді ол.

Қазіргі уақытта Smart мектептерде жалпы білім беретін пәндер бойынша сабақты медициналық мекемелерге бекітілген орта мектеп мұғалімдері жүргізеді. Ал робото­техника, LEGO-конструкторлау, арт-терапия, ағылшын тілі, шахмат пен дойбы, қолөнер секілді шығармашылық бағыттарды қор командасы жүзеге асырып отыр. Эльмира Алиеваның сөзінше, әр мектепте жөндеу жұмысы жүргізіліп, олар заманауи жиһаз­дармен, компьютерлік техникамен және кеңсе тауарларымен толық жабдықталған.

Қайырымдылық іс-шарасынан жиналған қаражат қандай бағыттарға жұмсалады? Қоғам донор ретінде қаржының нақты қайда жұмсалғанын біле ала ма? Қор төрайымы бұл мәселе турасында төмендегідей жауап берді. 

– Ашықтық – қор жұмысының басты қағидаты. Донорлар қордың ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында толық есеппен таныса алады. Әрбір іс-шарадан кейін банктік түсімдер, қайырымдылық жәшіктерінен алынған қаражат актілері, бухгалтерлік құжаттар, шот-фактуралар және орындалған жұмыс актілері, сондай-ақ фото және бейне есептер жарияланады. Өткен жылғы іс-шара бойынша да осындай егжей-тегжейлі есеп берілген, – деді Э.Алиева.

Іс-шараның «Қызыл кілем» айдарында онкологиялық дертті еңсеріп, ремиссияға қол жеткізген кейіпкерлер шараның басты кейіпкерлеріне айналды. Эльмира Алиева бұл формат арқылы ауыр емдеу кезеңінен өтіп, дертті жеңген балалардың қайсарлығын көрсетуді мақсат еткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қоғамға ерте диагностика, сапалы ем мен кешенді қолдаудың маңызын ашуға мүмкіндік береді. 

– «Қызыл кілем» айдарының басты месседжі – онкологиялық диагнозы бар балалар пациент қана емес, өз арманы мен таланты бар тұлға екенін көрсету. Олардың жеңісі қоғам үшін шабыт береді және әрбір баланың қолдауға, білім алуға лайық екенін еске салады. Бұл – олардың өміріндегі қиын кезеңнің есігі жабылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанының символы, – деді Help Today ҚҚ төрағасы Э.Алиева.

Алдағы уақытта Smart School жобасын еліміздің өзге де өңірлерінде іске қосу жоспарланған. Қор өкілдері Smart мектебін ашу арқылы тұрғылықты жеріне қарамастан балаларды толыққанды біліммен қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау көрсетуді көздейді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью