Кітапхана зерделі ұлт қалыптастырудың стратегиялық орталығы

04.07.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

– Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалып­тастыру жөніндегі шаралар туралы» Жар­лығы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Сіздің ойыңызша, бұл құжаттың тарихи маңызы неде?

– Бұл Жарлық – кітап пен кітапхананың қоғамдық дамудағы орнына берілген жоғары мемлекеттік баға деп есептеймін. Құжатта кітап оқу мәдениеті мәдени сая­саттың ғана емес, адами капиталды дамыту, білім беру, тәрбие және ұлттық құндылық­тарды нығайтудың негізгі тетігі ретінде айқындалған. Бұл – кітапханалар қыз­метінің жаңа кезеңге аяқ басқанын біл­діреді.

Бүгінде әлемде ақпарат көлемі еселеп өсіп келеді. Осындай жағдайда адамның ақпаратты талдау қабілеті, сыни ойлауы, рухани дүниесі ерекше мәнге ие. Осы қасиеттердің барлығы, ең алдымен, кітап оқу арқылы қалыптасады. Сондықтан Президент бастамасы кітап оқуды наси­хаттаумен ғана шектелмейді. Ол – білімді, мәдениетті, жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік саясат.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бұл бастаманы жүзеге асыруда әдістемелік, ғылыми және мәдени орталық ретінде белсенді жұмыс атқарады. Біз үшін басты міндет – кітапхананы тек кітап сақталатын орын емес, қоғамдық пікір қалыптасатын, білім мен мәдениет тоғысатын интеллектуалдық кеңістікке айналдыру.

– Президент Жарлығында жаңа фор­маттағы кітапханалар мен заманауи қоғам­дық кеңістіктер құру міндеті қойылды. Бұл бағытта кітапханалар қандай өзгерістерге дайын болуы қажет?

– Қазіргі кітапхана түсінігі түбегейлі өзгеріп келеді. Әлемдік тәжірибеде кі­тапхана білім алудың, шығармашылықтың, ғылыми ізденістің және қоғамдық диалог­тың маңызды алаңына айналды. Қазақ­стандағы кітапханалар да осы үрдістен тыс қалмайды.

Жаңа форматтағы кітапхана – бұл зама­науи технологиялар енгізілген, цифрлық қызметтері дамыған, барлық жас санатына қолайлы, ашық қоғамдық кеңістік. Мұнда оқырман кітап алып қана қоймай, ғылыми дерекқорлармен жұмыс істейді, білім беру бағдарламаларына қатысады, мәдени іс-шараларға келеді, шығармашылық кездесу­лер өткізеді.

Ұлттық кітапхана кейінгі жылдары элек­трондық қорды дамытуға, сирек кі­таптарды цифрландыруға, қашықтан қыз­мет көрсету жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Алдағы уақытта бірың­ғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформа­сының іске қосылуы еліміздің барлық өңіріндегі оқырмандар үшін тең мүмкіндік қалыптастырады. Бұл ақпаратқа қолжетім­ділікті кеңейтіп қана қоймай, ұлттық әдеби мұраны сақтаудың жаңа деңгейін қам­тамасыз етеді.

– Жарлықта кітап оқу мәдениетін ба­лалар мен жастар арасында қалыптастыруға ерекше басымдық берілген. Бұл міндетті жү­зе­ге асыруда кітапханалардың рөлі қан­дай болуы керек?

– Кітапқа деген қызығушылық от­басында басталып, мектепте жалғасып, кітапханада тұрақты дағдыға айналуға тиіс. Сондықтан кітапханалар білім беру ұйым­дарымен, ата-аналар қауымдастығымен және шығармашылық зиялы қауыммен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.

Бүгінгі жас буынмен жұмыс істеудің әдістері бұрынғыдан өзгеше. Жастарға тек кітап ұсыну жеткіліксіз. Олармен пікір­талас алаңдарын ұйымдастыру, әдеби клуб­тар құру, авторлармен кездесулер өткізу, оқырман марафондары мен шығарма­шылық жобаларды көбейту маңызды.

Президент бастамасымен қолға алы­натын «Жылдың 10 оқырманы» респуб­ликалық жобасы кітап оқуды қоғамдық құндылық ретінде дәріптеуге тың серпін береді деп сенеміз. Мұндай жобалар жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, кітап оқуды беделді интел­лектуалдық үрдіске айналдырады.

– Құжатта ұлттық әдеби мұраны дәріп­теу, отандық авторларды қолдау және қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау мәселелері де қамтылған. Бұл бағыттағы кітапханалардың миссиясы қандай?

– Кітапхана – ұлттық жадымыздың сақтаушысы. Біз әдеби мұраны жинақтап қана қоймай, оны қоғамға қайта ұсынатын мәдени институтпыз. Сондықтан кітап­хана­лардың алдында ұлттық әдебиетті кеңі­нен таныту, сирек қорларды ғылыми айналымға енгізу, отандық авторлардың шығармаларын насихаттау міндеті тұр.

Ұлттық кітапханада жазушылардың мерейтойларына арналған көрмелер, ғылыми конференциялар, әдеби кештер, жаңа кітаптардың таныстырылымдары ішкі ереже негізінде тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар халықаралық мәдени байланыстар арқылы қазақ әдебиетін шетел­дік оқырманға таныстыру бағытын­дағы жұмыстар да жалғасуда.

Әдеби мұраның цифрлық форматқа көшірілуі, сапалы аудармалардың көбеюі және халықаралық ғылыми әріптестіктің дамуы ұлттық әдебиеттің әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын нығайта түседі.

– Алдағы жылдары «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң әзірленеді. Кітапхана саласы үшін бұл қандай мүмкін­діктер береді?

– Бұл – кітапхана жүйесінің құқықтық негіздерін қазіргі заман талаптарына сәйкестендіретін маңызды құжат болады деп күтеміз. Кейінгі жылдары кітапхана қызметінің мазмұны айтарлықтай өзгерді. Цифрлық ресурстар, электрондық қорлар, жасанды интеллект элементтері, қашықтан қызмет көрсету секілді бағыттар заңнама­лық тұрғыдан жан-жақты реттеуді қажет етеді.

Жаңа заң кітапханалардың қоғамдағы мәртебесін күшейтіп, кітапханашы маман­дығының кәсіби әлеуетін арттыруға, қорларды сақтау мен толықтырудың зама­науи тетіктерін қалыптастыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және оқыр­манға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз.

Бұл құжат кітапхана ісінің болашақтағы дамуына берік құқықтық негіз қалыптас­тырады.

– Президент бастамасының түпкі мақ­саты – зерделі ұлт қалыптастыру. Осы мақсатқа жетуде Қазақстан кітапханалары қандай үлес қоса алады?

– Зерделі ұлт кездейсоқ қалыптаспайды. Ол үздіксіз білім алатын, кітаппен тұрақты байланыста болатын, ұлттық мәдениетін құрметтейтін және әлемдік өркениетке ашық қоғамда қалыптасады. Осындай ортаны қалыптастыруда кітапханалардың орны ерекше.

Қазақстан кітапханалары халыққа білім мен ақпаратқа тең қолжетімділік ұсы­нады, тарихи жадымызды сақтайды, ғы­лыми зерттеулерді қолдайды, мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізеді. Бұл – мемлекеттің интеллектуалдық қауіпсіз­дігіне қосылатын маңызды үлес.

Президенттің Жарлығы кітапхана саласының стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады. Ендігі міндет – осы бастамаларды нақты жобаларға айнал­дырып, әрбір азаматтың кітапқа қолжетім­ділігін кеңейту, оқу мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру. Сонда ғана біз білімді, ойлы, рухани бай әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру жолында нақты нәтижеге қол жеткіземіз.

Президентіміздің «Кітап оқу мәде­ниетін дамыту және зерделі ұлт қалыптас­тыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы – еліміздің рухани дамуы мен интеллек­туалдық әлеуетін арттыруға бағытталған тарихи құжат. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, кітапхана саласының қоғам өмі­рін­дегі стратегиялық маңызын айқындап берді. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер кітапхана ісінің болашағына тың серпін беріп, ұлттық құндылықтарды сақтауға, білімге негізделген қоғам қалып­тастыруға берік негіз қалайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы бұл бастамаларды жүзеге асыруға өзінің ғылыми, әдістемелік және мәдени әлеуетін толық жұмылдырады. Алдымызда оқырманға қолжетімді зама­науи кітапханалық ортаны қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны кеңінен дәріптеу, цифрлық ресурстарды дамыту, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, өңірлік кітапханалардың әлеуетін күшейту сияқты ауқымды міндеттер тұр. Бұл жұмыстардың барлығы кітапханаларды қоғамның зияткерлік дамуына қызмет ететін заманауи білім мен мәдениет орталығына айналдыруға бағытталған.

Президент Жарлығында көзделген бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заңды әзірлеу, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын қабылдау, кітап оқу мәдениетін дамытудағы үздік жетістіктерді мемлекеттік деңгейде қолдау сияқты бастамалар сала үшін жаңа мүмкін­діктерге жол ашады. Бұл шешімдер кітап­хана қызметінің мазмұнын жаңғыр­тып қана қоймай, ақпараттық тең қол­жетім­ділікті қамтамасыз етуге, кітап­хана­шы мамандығының мәртебесін көтеруге және кітаптың қоғамдағы құндылығын нығай­туға ықпал етеді.

Кітапхана – өткен мен бүгінді жал­ғайтын алтын көпір ғана емес, болашаққа бағдар беретін рухани институт. Зерделі ұлт, ең алдымен, кітаппен тәрбиеленеді. Сондықтан әрбір кітапхана, әрбір кітап­ханашы осы үлкен мемлекеттік міндеттің бел ортасында болуға тиіс. 

Біз қоғамның барлық институтымен бірлесіп, кітап оқуды өмір салтына айналдыруға, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық руханиятты дәріптеуге және білімге негізделген бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесімізді қоса береміз.

Президентіміз айқындаған бұл стра­тегия­лық бағыт – бүгінгі буынның ғана емес, келер ұрпақтың интеллектуалдық келбетін қалыптастыратын маңызды бағдар. Осы жауапты міндетті жүзеге асыру жолында Қазақстан кітапханалары мемлекет пен қоғамның сенімді серіктесі болып қала береді. Біз үшін кітап – білімнің бастауы ғана емес, ұлттың рухани қуаты мен өркениетті болашағының берік тұ­ғыры!

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью