Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik.Суының ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады.
"Осы мақсатта "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді", - деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Елордадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз – еліміздегі ең көрікті әрі ерекше табиғи нысандардың бірі. Жыл сайын мұнда мыңдаған турист келеді. Келушілер санының артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осыған байланысты көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыруға кіріседі, дейді әкімдік.
"Мұнда бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен қонақтарға табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижелері бойынша аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынды.
"Абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде Көбейтұз көліне қолжетімділік уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағынан өтуге рұқсат етілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді", - деді әкімдік.
Ақмола облысының әкімдігі өңір тұрғындары мен қонақтарын белгіленген талаптарды, табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.