Көкшетау, Семей, Өскемен ЖЭО лары қашан ашылады

07.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Бүгінгі таңда Көкшетауда ЖЭО бойынша жобалау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, барлық қажетті коммуникациялар тартылды. Кірме жолдар салынды. Сондай-ақ, ЖЭО өзі және инфрақұрылымдық нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

— Биыл күл үйіндісі мен бас корпус іргетасы бойынша жүмыстарды бастаймыз. Жылу қуатын 520 гигакалорийдан 820 гигакалорийға дейін ұлғайту жұмыстарын жүргізілуде. Мердігермен жасалған шарттарға тиісті өзгерістер енгізілді. Сәуір айының соңында Энергетика министрлігімен қосымша келісімге қол қою күтілуде. Осы жоба бойынша негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың бірінші тоқсанында басталады. Станцияны 2029 жылғы бірінші тоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді Қ. Мақсұтов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Семей мен Өскемендегі станцияларды іске қосу мерзімі 2029 жылғы төртінші тоқсанға жоспарланып отыр. Қос қаладағы ЖЭО бойынша 2026 жылы 30 қаңтарда Қазақстан сингапурлық консорциуммен EPC келісімшаттар жасады. Екі жоба бойынша бірнеше шара жоспарланып отыр.

— Мердігер негізгі жабдықтарды дайындау үшін 2026 мамыр айында зауыттарға тапсырыстар беруді бастайды. Ал осы айда инженерлік-геологиялық және топографиялық ізденістер жүргізіп, алаң аумақтары мен инфрақұрылымды дайындау жұмыстары басталады. Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанында басталады, — деді «Самұрық-Энерго» төрағасы.

Аталған үш станция да жасанды интеллект және «таза көмір» технологиясын қолданатын болады. Жасанды интеллект бойынша негізгі жабдықтарға предиктивті диагностика енгізу мақсатында вибрациялық, акустикалық, термиялық және басқа да датчиктер орнатылады. Осы датчиктерден алынған ақпарат ақауларды уақытылы анықтауға және апаттарды болдырмауға мүмкіндік береді.

«Таза көмір» технологиясы бойынша жаңа көмір станцияларына түтін газдарын тазартудың заманауи жүйелері енгізіледі. Атап айтқанда, төмен эмиссиялы оттықтар, бұл жабдық қазандықтың ішінде азот оксиді шығарындысын төмендетуге мүмкіндік береді. Күлді ұстау үшін электростатикалық және сорғы фильтрлері қойылады.

Сонымен бірге, әрбір қазандық ішіне жеке күкірт тазарту реакторлары орнатылады. Нәтижесінде біз таза көмір технологиясын қолдану арқылы зиянды заттарды барынша азайтуға қол жеткіземіз.

Бұған дейін Қайрат Мақсұтов Екібастұз ГРЭС үшінші энергоблогы 2028 жылы іске қосылатынын айтқан еді. Жаңа энергоблоктардың іске қосылуы қуат тапшылығын жауып қана қоймай, деректерді өңдеу орталығын, процессорды салқындату жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұз қаласында жаңа әлеуметтік нысандар салады.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью