Көкшетауда Әділет штабы бизнес пен инфрақұрылымды дамыту жоспарымен таныстырды

31.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ақмола облысындағы кездесу барысында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар нақты бастаманы талқыға салды.

 Көкшетауда өткен басқосуда бизнес, білім, экология, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс орталығына сапарлатып келген штаб мүшелері кәсіпкерлермен, ұстаздармен және қоғам өкілдерімен пікір алмасып, өңір тұрғындарының ұсыныстарын тыңдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кәсіпкер Индира Нұрлан мемлекеттік қолдау бағдарламаларын бір цифрлық жүйеге шоғырландыруды ұсынып, кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қызмет алу шараларын осылай жеңілдетуге шақырды. Ал колледж оқытушысы Нұржамал Оспанова жасанды интеллекті мектеп пен колледж бағдарламасына кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, болашақ еңбек нарығына қажетті мамандарды бүгіннен даярлау маңызды.

Экологиялық бағыттағы ұсыныстарды урбанист Расим Хамитов қолдап, қалаларды көгалдандыру мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жалғасуы тиіс екенін жеткізді.

«Біз партияның экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл бағдарлама жай ғана экологиялық акция емес, ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды», – деді ол.

Партияның экология саласына қатысты жоспарларын таныстырған Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлының сөзінше, бағдарламада еліміздегі орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ 2030 жылға қарай таза энергия көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, құжатта жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағыттағы жоспарлар жайында тағы бір кандидат Юлия Кучинская тарқатып айтты. Оның айтуына қарағанда, автомобиль жолдарын, жылу желілерін, су құбырларын және басқа да коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту қарастырылған.

«Еліміз бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл олардың орташа тозу деңгейін қауіпсіз деп саналатын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделіп, жергілікті және аудандық жолдардың нормативтік талапқа сай үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі», – деді Юлия Кучинская.

Шолпан Каринова болса білім беру мен жұмыспен қамтуға қатысты жоспарларды таныстырды. Бағдарламада балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығын азайту, колледждердің мүмкіндігін кеңейту және жастарды еңбек нарығына бейімдеу көзделген.

Кездесу соңында Айбек Дәдебай партияның өңірлерді дамытуға арналған басымдықтарына тоқталды. Оның айтуынша, әр облыстың ерекшелігі ескеріліп, жергілікті басқарудың мүмкіндігі кеңейтіледі. Сонымен қатар фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау арқылы ауылдағы экономикалық белсенділікті күшейту жоспарланған.

«Біз үшін өңір тұрғындарының әрбір ұсынысы маңызды. Бүгін айтылған ой-пікірлердің барлығы партияның алдағы жұмысына арқау болады», – деді партия төрағасы.

Айта кетейік, республикалық сайлауалды штаб бұған дейін Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Ұлытау облыстарында осындай кездесулер өткізген.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью