Көкшетауда ерекше қой табылды ол өзінен күтпеген нәрсені істей алады

20.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Әлеуметтік желілерде иесінің командасымен секіретін Сарыгүл есімді қойдың видеосы танымалдылық жинап жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын анасы бауырына баспай қойған қозыны көкшетаулық 68 жастағы Темірболат Жүсіпов асырап алған. Қазір Сарыгүл - бүкіл отбасының еркесі. Ер адамның қызы Самал Tengri Life редакциясына осы бір ерекше бауырластықтың қалай басталғанын айтып берді.

Бұйрық бойынша секіретін қой

Видеоны Темірболат Жүсіповтің қызы Самал бөлісті. Бейнежазбада ер адам қойға: "Сарыгүл, секір!" деп тіл қатады. Команданы естіген жануар иесінің жанында қуана секіре бастайды.

@samal.zhussupova ♬ түпнұсқа дыбыс - samal.zhussupova

Видеоны 600 мыңнан астам адам тамашалады. Желі қолданушылары Сарыгүлдің зеректігіне және иесіне деген адалдығына сүйсініп жатыр. Кейбіреулер тіпті қойды соймауды өтінген. Ал өзгелері бала кезінде қоштасуға мәжбүр болған үй жануарларын еске алды.

"Ойбай, қандай сүйкімді! Оны қалай қиып, соясыздар? Бұл қой осы үйде өз ажалымен өлгенше жүретін сияқты", "Осылай секіріп жүріп, әлі-ақ қозы туып береді, ал әкеңіздің күлкісі қандай керемет", - деп жазды желідегілер. "Өтінемін, оны соймаңыздаршы. Сондай ақылды, ерке жануар екен. Мен кішкентай кезімде жақсы көрген атымды соғымға сойып тастады. Осы күнге дейін ет көрсем, сол атым көз алдыма келеді. Сол қыс бойы ет жеген жоқпын. "Сендер менің өлтірілген бейшара атымды жеп жатырсыңдар!" деп жылайтынмын". "Менде де кезінде қошқар болған. Бала күнімізде оған мініп алып, қой бағатынбыз. Шіркін, ол кезде уайымсыз өмір еді ғой!". Сарыгүл қалай үй еркесіне айналды?

Самалдың айтуынша, әкесі Солтүстік Қазақстан облысының Кеңес ауылынан шыққан. Осыдан 10 жыл бұрын Көкшетауға көшіп келгенімен, ауылдағы әдетін тастамаған.

"Әкем өмір бойы ауылда тұрды. Қалаға көшсе де, аулада тауық пен бірнеше қой ұстауын тоқтатқан жоқ", - дейді Самал.

Сарыгүл осыдан үш жыл бұрын туған. Оны енесі жеріп, бауырына баспаған соң, Темірболат кішкентай қозыны өз қамқорлығына алады.

"Әкем оны сиыр сүтімен емізіп, дәріханадан арнайы сүт қоспаларын сатып алып бақты. Кішкентай Сарыгүл тауықтармен бірге тауыққорада өсті, әлі күнге дейін олармен ойнағанды жақсы көреді. Әкем оны бөтелкемен емізгенде, ол қуанғанынан дәл видеодағыдай секіретін. Оның бұл қылықтары бізді әрқашан сүйсіндіретін", - деп бөлісті қыз.

Темірболат Сарыгүлмен бірге. Фото: Самал Жүсіпова

Содан бері Сарыгүлдің бұл әдеті қалмаған. Қазір де Темірболат оны шақырып, таныс команданы айтқанда, қой жүгіріп келіп, секіре бастайды.

"Ол тек әкем сұрағанда ғана секіріп көрсетеді. Басқаларды елемеуі де мүмкін", - деп атап өтті Самал.

Самалдың айтуынша, Сарыгүл бүкіл отбасының сүйіктісіне айналған. Немерелері атасына қонаққа келгенде онымен ойнағанды ұнатады.

"Біз бәріміз Сарыгүлді қатты жақсы көреміз. Ол - әкемнің үй жануары. Біз әрқашан ол қазақ отбасындағы өз ажалымен өлгенше бақытты өмір сүретін жалғыз қой шығар деп қалжыңдаймыз", - дейді Самал.

Темірболат басқа жануарларға да қамқорлық жасайды

Сарыгүл - Темірболат көмектесетін жалғыз жануар емес. Қызының айтуынша, ол 10-ға жуық дала мысығына қамқорлық жасайды: оларды тамақтандырып, қажет болса емдетеді.

Темірболат Жүсіпов садақ ату сабағында. Фото: Самал Жүсіпова

Бірақ оның қызығушылықтары тек жануарларға қамқорлықпен шектелмейді. Темірболат каратэмен айналысады, садақ атуға әуес және жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар ол халық әндерін жақсы көреді және хор үйірмесіне қуана барады.

Айта кетейік, қыркүйек айының соңында Алматы көшелерінде бірнеше күн бойы есек қаңғып жүрген болатын. Жануар түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарап, ондаған мың қаралым жинады. Жануарға бейжай қарамаған алматылықтар бірігіп, оны құтқарып, нәтижесінде жануарлар панажайына жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью