Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АЛМАТЫ, 24 сәуір – Sputnik. Көкшетауда бюджет қаражатын төрт жыл бойы жымқырған колледж бухгалтері сотталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық соты.
Қылмыстық іс Көкшетау қалалық сотында қаралды.
"Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжінің бухгалтері 2021-2025 жылдары бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырған. Ол басшының қызметтік жағдайы мен ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, "Online Bank" жүйесінде шығыс операцияларына қол қойған. Сөйтіп колледждің қажеттіліктеріне түрлі сомаларды есептеген", - дейді сот.
Бұнымен қоймай бухгалтер өзіне шектен тыс көп жалақы есептеген. Сотталушы бюджетке 70 млн теңге шығын келтіріп, ол ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
"Сотталушы ол ақшаға кредиттерін төлеген, автокөліктер, пәтер, тұрақ орнын сатып алған. Сотталушы талап арызды мойындап, 5 млн теңгені өтеді. Сот үкімімен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды", - дейді Ақмола облыстық соты.
Сотталушы баласын жалғыз асырап отырғандықтан жазасын 2027 жылдан бастап өтейді. Ал автокөліктер мен тұрақ орны тәркіленді.