Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Облыс орталығы әкімдігінің мәліметінше, Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімдігінің қаулысы мен Көкшетау қалалық мәслихатының «Таксиден басқа қоғамдық көлікте Көкшетау қаласының жекелеген санаттағы азаматтары үшін жолақы төлеу бойынша жеңілдіктер белгілеу туралы» шешіміне сәйкес, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру құқығы азаматтардың 16 санатына беріледі.
Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қоршаудағы Ленинград тұрғындары, фашистік лагерьлердің бұрынғы тұтқындары, көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар, он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар, Көкшетау қаласының Құрметті азаматтары, Ауғанстандағы соғыс қимылдарының қатысушылары мен мүгедектері және басқа да санаттар бар.
«Қала тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары бойынша жеңілдікке ие санаттардың тізімі кеңейтіліп, ауру түріне қарамастан II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар енгізілді. Оларға қоғамдық көлікте тегін жол жүру мүмкіндігі беріледі», деп атап өтті әкімдікте.
II және III топтағы мүгедектігі бар барлық көкшетаулықтарға 2026 жылғы 3 ақпаннан бастап қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы беріледі.
Сондай-ақ әкімдікте жеңілдік берілетін көлік картасын алу тәртібі түсіндірілді. Ол үшін алдымен Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, жеңілдікке құқық беретін мүгедектік туралы анықтама алу қажет. Одан кейін алынған анықтама электрондық билеттендіру жүйесінің операторы — «KoksheBusTolem» ЖШС-не ұсынылады. Сол жерде азаматты суретке түсіріп, жеңілдік берілетін көлік картасы рәсімделеді.
Бұған дейін Көкшетауда зейнеткерлердің автобустарда тегін жүретіні хабарланған. Көкшетау қаласының зейнеткерлері үшін қоғамдық көлікте тегін жол жүру 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Сондай-ақ шенеуніктер зейнеткерлерге осы жеңілдікті алу үшін құжаттарды қалай дұрыс рәсімдеу керектігін түсіндірген еді.
Сондай-ақ Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы ұлғайғанын жаздық.