Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ақмола облысында биыл мамырда Көкшетаудағы автотұрақтар бірінде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелдің күйеуіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көкшетаудағы автотұрақта қайғылы оқиға 9 мамырда болды. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазбада автотұраққа кіре берісте көлік жолда кетіп бара жатқан әйелді қағып, басып кеткені көрінеді. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.
Кейін кроссовер тізгінінде әйел болғаны және оның көлік жүргізу куәлігінсіз рөлге отырғаны белгілі болды. Ол үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен, зардап шегуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
Сол кезде полиция әйелге рөлді күйеуі бергенін, соған байланысты оған қатысты Қылмыстық кодекстің 349-бабы 3-бөлігі ("Басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беру") бойынша бөлек сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатын.
Бүгін, 28 шілдеде Ақмола облысының полиция департаменті тергеу қорытындысы бойынша көлік иесіне – ер адамға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.
"Көлік иесіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тергелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағы негізінде (рақымшылық жасау актісін қолдануға байланысты) қылмыстық істі тоқтату туралы процестік шешім қабылданды", - деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне.
Анықтама: Қылмыстық кодекстің 349-бабы ("Басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беру") 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Көкшетаудағы автотұрақта болған қайғылы оқиға: жүргізуші әйелге үкім шықты
Еске сала кетейік, жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелге қатысты қылмыстық іс биыл маусымда сотта қаралған болатын. Ол кезде сотталушы күйеуінің денсаулығы нашарлаған соң, оның рұқсатымен жүргізуші куәлігі жоқ болса да көлік тізгініне отырғанын түсіндірген еді.
23 маусымда Көкшетау қалалық соты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін (ҚК 345-бабы, 3-бөлігі) айыпталған азамат С.-ға қатысты үкім шығарды.
Сотталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес (заң бойынша жас баласы бар әйелдерге жазасын өтеу кейінге қалдырылады), сотталған әйелдің тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазасын өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу