Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Көкшетауда жол талғамайтын көлік 52 жастағы әйелді қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға 9 мамыр күні Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында болған. Бейнежазбада көліктің тротуар маңындағы әйелді қағып, толықтай басып өткеннен кейін ғана тоқтағаны көрінеді.
Көп ұзамай Ақмола облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Ал 11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Тергеу барысында көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталған. Сонымен қатар, оның арнайы автомектепте оқымағаны белгілі болды.
– Тергеу кезінде күдіктінің көлік жүргізуге құқығы болмағаны анықталды. Ол арнайы жүргізуші курстарынан да өтпеген, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары көлік иесіне, яғни күдіктінің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, ол жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін жауапқа тартылмақ. Заң бойынша бұл бап бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.