Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Өңірде аңшылық маусымы ресми түрде 25 сәуірде ашылып, 9 мамырға дейін жалғасады.
СҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, бұл аралықта үйректің және құрдың аталығын ғана атуға рұқсат бар. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, әуесқой аңшылықпен айналысу үшін аңшыда міндетті түрде бірқатар құжат болуы тиіс. Атап айтқанда, аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісі беретін жолдама, ал қару қолданған жағдайда - азаматтық қаруды сақтау және алып жүруге арналған рұқсат құжаты талап етіледі.
- Құстарды аулаудың тәртібі бар. Мәселен үйректің аталығын аулау кезінде міндетті түрде құстың тұлыбы сияқты құралдарды пайдалану қажет. Ұшып бара жатқан құстар тобына оқ атуға болмайды. Қызыл кітапқа енген үйрек түрлерін аулауға тыйым салынған. Сонымен қатар көктемде қаздың барлық түріне аңшылық жасауға болмайды. Аңшылық аяқталғаннан кейін, сондай-ақ бір орыннан екінші орынға ауысу кезінде қару міндетті түрде оқтан босатылған күйде болуы қажет, - дейді инспекцияның бөлім басшысы Олег Беспалов.
Қазіргі таңда СҚО-да 20-дан астам субъектіге тиесілі 46 аңшылық шаруашылық жұмыс істейді. Жолдамаларды осы шаруашылықтардан алуға болады. Биыл облыс бойынша шамамен 2 мың үйрек және 600-ге жуық құрды атуға рұқсат етілген.
Мамандар ережелерді бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік бар екенін ескертеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 5 АЕК мөлшерінде – 21 мың теңге шамасында айыппұл салынады. Ал заңсыз аң аулау фактісі тіркелген жағдайда, келтірілген шығынды өтеу туралы талап қосымша қойылады.
Бұған дейін СҚО мен Ақмола облысында 15 сәуірден бастап балықтың кей түрлерін аулауға тыйым салынатындығын жазған едік.