Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 402 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл туралы көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше биыл жеңілдетілген жанар-жағармайдың бір литрі 281 теңгеден беріледі. Өткен жылы 254 теңге болған еді.
"Бұрынғыдай шаруалар үшін дизель отынының құны нарықтық бағадан 15%-ға төмен", - деп жазылған ведомствоның хабарламасында.
Сондай-ақ аграрлық сала өкілдерінің өтініші бойынша көктемгі жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алдын ала – күз мезгілінен бастап, жеңілдетілген қаржыландырумен қатар бөлу мүмкіндігі қаралды.
Айта кетері, 2026 жылы еліміз бойынша 2,3 млн тонна тыңайтқыш қолдану жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артық.
Әкімдіктердің нақты ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 414 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалған, оның 187 мың тоннасы жөнелтілген. Егіс науқаны басталып кеткен оңтүстік өңірлерге небәрі 30 мың тонна бағытталған.
"Барлық өңір тыңайтқыш өндірушілерге қаражатты уақтылы аударуға кіріспегені туралы да айтылды", - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жұмыс қарқыны төмен облыстардың есебін тыңдап, қаржылық мәселелер мен жеткізілімдерді жеделдетуді, фермерлерді белгіленген мерзімде қажетті көлемдегі тыңайтқышпен қамтамасыз етуді тапсырды.