Көктемгі егіске әзірлік барысы пысықталды

28.01.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау мен өткізу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биыл өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөніс­тердің, ең алдымен, картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұл­ғай­туы қажет. Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арт­тыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп, ұйымдасқан шаруа­шылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған.

«Өнім көлемі нарықтағы баға тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңір­лер түпкілікті егіс құрылы­мын бекіту кезінде сәбіз егісін ұлғайту міндетін ескеруі қажет», деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ болжамды егіс құрылымында қарақұмық егіс алқап­тарын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Биыл оның егісін 10 мың гектарға – 101 мың гек­­тарға дейін кеңейту жос­пар­­ланып отыр (өткен жылы – 91 мың гектар). Өңірлерге белгі­лен­­­ген индикаторларға қол жеткізу­ді қамтамасыз ету тапсырылды.

Жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Алаң­дардың айтарлықтай ұлға­юы Жамбыл облысында жүгері­ні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының жаңа тік интеграцияланған өнер­кәсіп­тік паркін, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» ЖШС-ның крахмалды сірне өндіру зауытын шикізат­пен қам­тамасыз ету үшін қажет.

Жаңа өндірістердің қажетті­лігін тек оңтүстік өңірлер есебі­нен қамтамасыз ету мүмкін емес­тігі айтылды. Осыған байла­ныс­ты солтүстіктегі астық егетін үш өңірде жүгері егіс алқаптарын әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылды.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі өз тарапынан Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығымен, Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп, өңірлерге әдістемелік әрі техно­логиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл солтүстік өңірлердің жағдайына бейімделген өсіру технологияларын енгізу мен сәйкес сорттарды іріктеу бөлігінде жүзеге асырылады.

Қосымша Ауыл шаруашы­лығы министрлігі жүгері өсіруде практикалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірген қытайлық компаниямен кездесу өткізді. Қытай тарапы өз елінің топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас солтүстік өңірлерінде жүгері өсіру тәжірибесін бөлісуге, сондай-ақ осындай жағдайларға бейімделген технологиялар мен сорттарды ұсынуға дайын. Осыған байланысты өңірлерге халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүгері егісін кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру ұсынылды.

Сондай-ақ өңірлерде минерал­ды тыңайтқыштарды жөнел­ту басталғаны айтылды. Ауыл шар­уа­­шылығы министр­лігі «Қаз­фосфат» ЖШС-мен биыл аммо­фос­тың қосылған құн салығын есеп­темегендегі тон­насына 254 мың теңге дең­гейінде (өткен жылмен салыс­тырғанда 15%-ға жоғары) бекітіл­ген баға белгілеу туралы ме­мо­рандумға қол қойды. Қазір ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерімен шарттар жасасу мен жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Былтыр көктемгі егіс пен жинау жұмыстарын жүргізу­ге 7 мыңнан астам ауыл шаруа­шылығы өндірушісіне жалпы сомасы 501,5 млрд теңге көлемін­де кредит беріліп, 7 млн гектар­дан ас­там егіс алқабы қам­­тылды. Қазір Аграрлық кредит корпорациясы арқылы егіс нау­­қанына 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржы­ланды­ру мақұлданды, тағы 235 өндіру­шінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралып жатыр. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью