Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Тарихқа көз жіберсек, Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылының маңындағы Құралай сұлу кесенесі – XVIII ғасырдың аяғында бой көтерген тарихи һәм мәдени мұра. Аңыз бойынша дүйім жұртқа әділдігімен құрметті болған қазақтың Монтай атты биі болыпты. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туады. Монтай бидің шаттығы ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі құлазиды. Елі биді жұбатуға жиылғанда Монтай би бір кісіден төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден жайлы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден бай да әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына келген биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған арманын Монтайға тарқатып, бір сырдың шетін шығарады.
Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақ шабуыл жасап, он үш жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп қолға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, мейірімділігі мен ақылдылығы күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен еді.
Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін босатуға әмір етеді. Бірақ мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуін бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана босататындығын айтып, ант беруін талап етеді. Дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден қалмаққа дос болмайтынын, өлгенше күресетінін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса, Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, он бес жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін шерменде халде дүние салғаны жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағанын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін ұнатқан жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескенген Құралай бұл жерге аялдамауды сұрағанымен, Келден сол жерде тынығып алуды ұйғарады.
Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр сәлден соң сұлудың жанұшырған даусын естиді. Есі шығып, өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп атып түсіргенімен, батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Қапияда мерт болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, кесене тұрғызады.
1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазады.
– 1997-1998 жылдары бұл жерге арнайы барып, кесенені көрген едім. Сол кезде құламаған бір босағасы ғана қалыпты. Нобайы сол аймақтағы кесенелерге ұқсас, биіктігі 3 метрдей болатын. 1982-85 жылдары Мәскеудегі орталықтың рұқсатымен қазақ құсбегілігіне арналған фильм Мойынқұм ауданында түсірілді. Мен түсірілім жүріп жатқан жұмыс тобының басы-қасындамын. Бір күні сол кезде ауданды басқарып тұрған Айтбай Назарбеков қасыма келді. Келе сала құлағыма сыбырлап: «Ана киноға түсірушілерге Құралай сұлудың кесенесін көрсет, махаббат символы екенін түсіндір, мүмкін болса бейнетаспаға кесенені түсіріп алсын, ертең орнын да таппай қалуымыз мүмкін. Өскелең ұрпақтың ұлықтағанына жақсы болады», – деді. Сол сөз көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Ақыры бұл оқиға «Құралай сұлу» аңшылық шаруашылығын ашуыма себепкер болды, – дейді cаятшы, этнограф Жапар Тілеужанұлы.
Тарихтан сыр шерткен Құралай сұлу кесенесі 1996 жылы құлап қалғанымен, 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіріледі. Мазардың бастапқы болмысын суретші Айдархан Сихаев бұзбай, биіктігі 9,5 метрге жететін кесене тұрғызады. Сонымен қатар Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының қарамағына алынған бұл нысан бүгінде мемлекеттік қорғаудағы тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
Бүгінде Құралай сұлу кесенесіне жету қиямет қайым. Құмның ортасында орналасқан тарихи орынға апарар жолдың сапасы сын көтермейді. Осы орайда Құралай сұлу кесенесіне инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жоспарда бар-жоғын білмек мақсатта Мойынқұм ауданы әкімдігіне хабарластық. Алайда ондағылар мардымды жауап бермеді. Амал жоқ, анық-қанығын бір білер деген оймен облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының есігін қақтық.
– Негізі Құралай сұлу кесенесі біздің мекеме тарапынан барынша қорғалуда. 2017 жылы кесене «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында географиялық картаға енсе, 2025 жылы «Жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени мұралар» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік тізімге алынды. Енді кесенеге инфрақұрылым тартып, айналасын абаттандыру билік өкілдерінің еншісінде. Мойынқұм ауданы әкімдігі бұған қазынадан қаржы қарай алмайтыны анық. Бүгінде Жамбыл облысында 35 туристік тарихи нысан болса, олардың бірде-біреуінде жағдай жасалмаған. Тек Ақыртас қалашығын ғана абаттандыра алдық. Тіпті, ЮНЕСКО тізіміне енген Баласағұн қалашығының өзіне жағдай жасай алмай отырмыз.
Тарихи орындарға туристерді тарту үшін, ең алдымен жол, жарық, су керек. Міне, осы мәселені шешу үшін Жол картасын әзірлеу керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана өңірге туристер лек-легімен ағылып, экономикалық әлеуетіміз артып, тарихымызды да төрткүл әлемге танытатын боламыз, – дейді Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев.
Иә, байқап тұрсақ, өңірдегі туристік нысандар жетімнің күнін кешіп тұр екен. Не қолдау, не қаржыландыру жоқ. Сондықтан кесенелерді жаңғыртуға мемлекеттік Жол картасын әзірлеу қажет. Бір жағынан, келешекте туристерді тартып қазынаға түсімді арттырса, екінші жағынан, жаңғырған нысандар келер ұрпаққа мол мұра болып қалатындығы анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы