Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Бүгінде Алматының экологиясын бірінші кезекте көлік кептелісі ушықтырып тұр. Бұл мәселенің өзектілігі соншалық, халықтың зая кеткен уақыты мен денсаулығына тигізіп жатқан орасан зиянын есептеп шығу мүмкін
емес.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, күн сайын қала көшелеріне 1,2 млн көлік шығады екен. Бірақ мегаполистегі машиналар саны бұдан үш есе аз болған кезде де осы мәселе ойластырылып, қоғамдық көліктер ғана жүретін жолақтар салынды, метро стансалары пайдалануға берілді, даңғылдар ұзартылып, көшелер кеңейтіліп жатыр. Әйтсе де бұл түйткіл әлі тарқатылған жоқ.
Жалпы, бұл кешегі қателіктің салдары ма, жағдайды әлі де түзетуге бола ма? Күрделі тақырыпқа қатысты қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыс саласының сарапшысы, Qazaq Expert клубының мүшесі Андрей Андреев төмендегідей пікір білдіреді.
«Күн сайын қалада 1,2 миллионнан астам автокөлік жолға шығады, оның 500 мыңы – облыс пен өзге өңірлерден келетін көліктер. Алматы әлемдегі ең кептелісті 50 қаланың қатарына енген, орта есеппен әрбір жүргізуші жылына 50 сағатқа дейін жолда уақытын жоғалтады. Бұл жылдар бойы қордаланған мәселеге айналды. Осы орайда негізгі 9 факторды атап өтуге болады», дейді.
Бірінші, маңайдағы облыстардан ағылған көліктер. Әу баста қалаға кіретін Рысқұлов, Райымбек сияқты магистральдар машиналардың қазіргідей легіне есептелмегендіктен, нәтижесінде «бөтелке мойны» деген жағдай пайда болады. Қазір Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАКАД) дейінгі жолдардың ашылуы жағдайды ішінара жеңілдеткенімен, ескі екі жолақты учаскелер әлі де тәулігіне 2 сағатқа дейін кідіріс тудырады.
Екіншіден, қаланың орталық көшелері іргетасы қаланғаннан бастап мегаполис қалпына бейімделмеген. Әу баста 500 мың тұрғыны бар қала ретінде жобаланса, қазір Алматының халқы 2 миллионнан асты дейді ресми дерек. Әлі де Абай, Төле би, Райымбек сияқты негізгі даңғылдарды, күре жолдарды ұзартпайынша, 2030 жылға қарай кептеліс қаланың жол желісінің 60%-ын мешеу күйінде ұстап тұра беруі ғажап емес.
Үшіншіден, қар түсіп, жаңбыр жауған күндері де көліктер иін тіресіп, қиылыстарда кептетіліп қалады. Сол тұрғыда ауа райы мен маусымдық фактор да жол жүру уақытын 50–100%-ға дейін ұзартуға «үлесін» қосып шыға келеді.
Төртіншіден, көшелерді жөндеу, жамау, құрылыс жұмыстары кейде тым ұзаққа созылып, тиімді жүргізілмейтіндіктен, сол аймақтарды сал қылып, елдің уақытын жеп жатыр.
Сарапшы бесінші кезекте қоғамдық көліктің жеткілікті дамымауын алға тартады. Автобустар қашан да лық толы, жолаушысы аузы-мұрнынан шыққан қоғамдық көліктің келу жиілігі 20–30 минутқа дейін жететін жағдай таңсық емес, бәрінде бірдей кондиционер жоқ. Қала билігі газбен жүретін 1 800 автобус сатып алғанымен, газ құю стансасы тапшылығынан олардың бір бөлігі қаңтарылып тұр. Метро мен троллейбустар небәрі қала тұрғындарының 10–15%-ын ғана таси алады. Мәселен, Алматыдағы автокөлік паркі 2024–2025 жылдары 15%-ға өсті десек, көшелерді кеңейтудің жәрдемі уақытша ғана көрініп отыр.
Алматыда әбден жауыр болған мәселенің бірі – жол қозғалысы ережелерінің сақталмау, жүргізу мәдениетінің төмендігі. Жасыл жыпылықтаса да жанталаса алға ұмтылған жүргізушілер қиылыстарды жауып қалып, бұл келесі беттегілердің ашу-ызасын туғызып, үсті-үстіне иін тірескен көліктер бағдаршамдарға бағынбай кететіні жиі қайталанатын құбылыс. Айналып келгенде, уақыттан ұтылатын да көлік иелерінің өздері. Сондықтан жұрт жұмысқа баратын, қайтатын қысалтаяң мезетте жол сақшыларына қиылыстардағы бейберекетсіздікті реттеп отыруға тура келеді.
Көлік кептелісі Алматының экологиялық ахуалын әбден нашарлатып біткендіктен, оның шешімі мен қабылданып жатқан шаралар бөлек зерттеуді талап ететін тақырып. Мегаполистің адамына адам, көлігіне көлік қосып жатқан факторларды айтпағанның өзінде, қалаға кіруге экологиялық шектеу енгізілгенімен, ол толық іске аспай отырғандықтан, өкінішке қарай, нәтижесі көңіл де көншітпейді, көзге де көрінбейді.
Алматыдағы көлік кептелісі мереке күндері мен маусымдық кезеңде шырқау шегіне жетеді. Қонаққа, базарларға, балаларды мектепке дайындайтын кезде көліктің легі бірден 10–20%-ға көбейіп шыға келеді.
Қысқасы, мегаполистің жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан басты мәселесінің себептері осындай. Ендеше, неліктен реформа баяу жүріп жатыр деген сауалдың туындауы заңды.
Бюджеттен орасан зор қаржы бөлінгендігіне (2025 жылы – 850 млрд теңге) қарамастан, алға жылжу, ілгерілеу неге өте баяу жүріп жатыр? Бұған бюрократия, жер телімдерін сатып алудың күрделілігі, қоғамдық көлікті ұйымдастырудағы олқылық кедергі болып отыр дейді мамандар.
Биыл 600 газбен жүретін автобус сатып алу, 1900 электронды табло орнату, дизельден бас тарту, 3 газ құю стансасын салу, троллейбус жүйесін жаңғырту, BRT/LRT дамыту, «ақылды көлік» жүйесін енгізу (кептелісті 20-25%-ға азайту) жоспарланған. Алайда бұл жобалар жедел түрде жүргізілмесе, қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар.
Сонымен Алматыдағы көлік кептелісінің түйіні қалай шешілмек? Жағдайды өзгертетін нақты шаралар легі қандай деген сауалдың жауабы төмендегідей.
Бірінші кезекте, қоғамдық көлікті түбегейлі дамытуға қол жеткізу, яғни газбен, электрмен жүретін көліктерге толықтай көшу, басым жолақтар, автобус, троллейбустардың жүру жиілігін 5–10 минутқа жеткізу, Wi-Fi, кондиционердің болуы – жеке көлікті пайдалануды 25%-ға дейін қысқарта алады.
Оған қоса қала орталығына өзге өңірден келетін машиналарды ақылы түрде кіргізу – трафикті 20–30%-ға азайтады деген болжам бар.
Осы орайда қала шетінде (Талғар, Қаскелен, Қонаев бағытында) буферлік автотұрақтар мен көлік ауыстыратын хабтар салу – кіреберіс жолдарға түсетін салмақты 15–20%-ға азайтады.
Мамандар көліктердің легін интеллектуалды тұрғыда басқару, «ақылды» бағдаршамдар, датчиктер, болжау жүйелері кептелісті 20–25%-ға, жол-көлік оқиғаларын 10–30%-ға азайтатынын алға тартып отыр. Мұны жасанды интеллект арқылы нақты уақыт режімінде ауқымды түрде жүзеге асыруға болады. Түтіні будақтаған, экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің орталыққа кіруін шектеу – трафикті 15–20%-ға азайтады. Айта кетелік, 2026 жылдан бастап ескі көліктерге арналған шектеулі аймақтар енгізіледі.
Өз кезегінде сарапшылар жұмыс кестесін ығыстыру мен қашықтан жұмыс істеу, мектептердегі сабақ – 8:00-де, жоғары оқу орындарында – 9:00-де, кеңселердегі жұмыс 10:00-де басталса, таңғы кептеліс 10%-ға азаяды деген ұсыныс тастап жүргені белгілі. Егер мәселені шындап шешуге тура келетін болса, мұның да іске асуы ғажап емес.
Көлік кептелісін реттеуде, велосипед пен жаяу жүргінші инфрақұрылымын дамыту да қарастырылған. Бірақ ойлы-қырлы Алматыда велосипед жолдарын дамыту қиын екендігін де ескеру керек.
Қорыта айтқанда, көлік реформасын кешенді жүргізбейінше, Алматының кептелісте біржола тұрып қалу қаупі бар. Сол себепті бұл мәселе қала әкімдігінен саяси ерік-жігер мен қоғамға тиімді, тіпті тосын шешімдерді қабылдауды талап етеді. Әзірге мегаполис көлік кептелісі жағынан әлемдегі 50 шаһардың қатарында тұр.
АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар
Экономика • Бүгін, 08:53
Өндіріс • Бүгін, 08:50
Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?
Сараптама • Бүгін, 08:48
Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады
Қоғам • Бүгін, 08:45
Технология мен ғылымды тоғыстырған
Ғылым • Бүгін, 08:43
Алматы Кремний алқабына айнала ма?
Ғылым • Бүгін, 08:40
Білім • Бүгін, 08:38
Жәдігер • Бүгін, 08:35
Көрме • Бүгін, 08:33
«Алтын ғибадатханада» күйреген сенім
Әдебиет • Бүгін, 08:30
Өнер • Бүгін, 08:28
Сәулелі кеңістіктің секемшіл суреті
Әдебиет • Бүгін, 08:25
Нөкерсіз жүрген, нөсерге төзген
Тұлға • Бүгін, 08:23
Су тасқыны • Бүгін, 08:20
Әдебиет • Бүгін, 08:18