Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Тек маусым айының өзінде ресми дилерлер 21,8 мыңнан астам жаңа көлік өткізген. Яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12,5 пайызға көп. Бұл сатып алушылардың енді бағаға ғана емес, сапа мен технологияға да мән бере бастағанын көрсетеді.
«Қазақстанның автокөлік нарығы әлеуетін әлі де арттырып келеді. Жалпы сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықтың ішінде маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Бәсекелестік күшейіп келеді, ал сатып алушылар бағаға ғана емес, технологияға, қауіпсіздікке және сервистің сапасына да көбірек мән бере бастады. Бүгінде нарықтың көлемінен бұрын компаниялардың клиент сұранысына қаншалықты тез бейімделе алатыны маңызды болып отыр», – дейді «Қазақстанның Автокөлік одағының» президенті Анар Мақашева.
Бұл үрдіс автонарықтың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Сондықтан өндірушілер енді баға ғана емес, сервис пен қосымша қызмет арқылы да бәсекелесуге мәжбүр.
Сұраныстың сақталуы өндіріс көлеміне де әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан кәсіпорындары 96 089 автокөлік пен түрлі техника шығарған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға көп. Ал өндірілген өнімнің жалпы құны 1,15 триллион теңгеге жетті.
Жарты жылдың ішінде 88,8 мың жеңіл автомобиль, 3,4 мың жүк көлігі, 1,4 мыңнан астам автобус, сондай-ақ арнайы техника мен тіркемелер өндірілді. Бұл – өндіріс көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанының көрінісі.
«2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы отандық автокөлік өндірісінің тұрақты дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жаңа өндіріс алаңдарының іске қосылуы, модельдер қатарының көбеюі және жергілікті құрам үлесінің артуы саланың дамуына серпін беріп отыр. Қазақстандық зауыттар ішкі нарықтағы орнын нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де біртіндеп күшейтіп келеді», – дейді Анар Мақашева.
Бүгінде автокөлік жасау Қазақстандағы бүкіл машина жасау саласының 41,4 пайызын құрайды. Яғни елде өндірілетін машина жасау өнімдерінің әрбір екіншісіне жуығы автокөлік өндірісіне тиесілі.
Көш бастап тұрған қай көлік?
Қазақстандағы автонарықтағы бәсеке бұрынғыдан да қыза түсті. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ең көп өндірілген бренд – Hyundai. Қазақстандық зауыттарда осы марканың 19,5 мың көлігі шығарылды. Екінші орында – Chevrolet (17,9 мың), үшінші орында – Kia (11,7 мың автомобиль).
Сонымен қатар қытайлық брендтердің ықпалы айқын сезіле бастады. Changan, Chery, Haval, Jetour және Geely секілді маркалар алғашқы ондыққа еніп, нарықтағы үлесін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Бұл сатып алушылар үшін таңдау аясын кеңейтсе, өндірушілер үшін баға, сапа және технология бойынша бәсекені күшейте түседі.
Өндіріс көлемі бойынша да көшбасшылар анық қалыптасты. Қостанайдағы Allur зауыты алты айда 34,5 мыңнан астам көлік шығарып, жалпы өндірістің үштен бірінен астамын қамтамасыз етті. Одан кейін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Hyundai Trans Kazakhstan және Kia Qazaqstan орналасқан.
Сарапшылардың айтуынша, қазір автонарықтағы басты өзгеріс – сатылған көліктің саны ғана емес, тұтынушының талғамы мен өндірістің сапалық деңгейінің өзгеруі. Демек, алдағы жылдары Қазақстандағы автокөлік нарығында жеңімпазды ең арзан баға емес, ең тиімді ұсыныс анықтайтын кезең басталып келеді.
Көлік құрастырудан толық өндіріске дейін
Қазақстандағы автопромның бүгінгі жетістігі тек шығарылған көліктің санымен өлшенбейді. Сарапшылар енді саланың жаңа кезеңіне – жергілікті өндірісті тереңдетуге назар аударып отыр. Себебі автомобильдің негізгі бөлшектері ел ішінде өндірілген сайын импортқа тәуелділік азайып, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі артады, ал сервистік қызмет көрсету жүйесі де күшейе түседі.
Қазір бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Қостанай облысында жылына 60 мың автокомпонент жиынтығын шығаратын жаңа локализация орталығы салынуда. Алматыда мультимедиа жүйелері, орындықтар, ауа баптау жүйелері, сөндіргіштер, электр сымдары мен басқа да бөлшектерді өндіретін компоненттік кластер қалыптасып келеді. Сонымен қатар автобустар өндірісінде де жергілікті құрам үлесі біртіндеп өсіп жатыр. Мәселен, QazTehna зауыты қазақстандық болаттан штамптау өндірісін іске қосып, аккумуляторлар мен шиналарды жергіліктендіру жұмыстарын бастап кеткен.
«Автопромның келесі даму кезеңі өндірілген көліктің санымен емес, оның ішінде Қазақстанда жасалған бөлшектердің үлесімен бағаланатын болады. Бүгінде кәсіпорындар орындықтардан бастап мультимедиа жүйелеріне дейін ондаған компонентті өздері шығаруға кірісті. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жеткізу тізбегін тұрақты етеді. Сонымен қатар жергілікті жеткізушілердің көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің өндіріс саласына келуіне мүмкіндік береді. Локализация деңгейі артқан сайын қазақстандық автозауыттардың бәсекеге қабілеттілігі де күшейе түседі. Ұзақ мерзімде бұл ішкі нарықтың ғана емес, экспорттық бағыттың да дамуына негіз қалайды», – деп есептейді Ranking.kz сарапшылары.
Ертеңгі автонарық қандай болады?
Әлемдік автонарық электр көліктері, цифрлық технологиялар және жүргізушісіз жүйелер дәуіріне қадам басып жатыр. Қазақстандағы кәсіпорындар да бұл өзгерістерден шет қалып отырған жоқ. Зауыттарда интеллектуалды бейнебақылау, сапаны автоматты тексеру, цифрлық өндіріс модельдері сияқты шешімдер енгізілуде. Сонымен қатар жаңа жүк көліктері мен электр техникасын шығару жобалары қолға алынып, жоғары жылдамдықты қуаттау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды.
Бұл өзгерістің барлығы қарапайым жүргізуші үшін де маңызды. Себебі технологиялық өндіріс дамыған сайын жаңа модельдер тезірек қолжетімді болады, сервистің сапасы артады, ал қосалқы бөлшектерді күту уақыты қысқарады.
Кәмила ДҮЙСЕН