Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Мәжіліс жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, заң жобасында медицианалық көрсеткіштерге қарай көлік жүргізу куәлігін тәркілеу шарасы да бар. Осы орайда ол былтыр Үржарда болған қайғылы оқиғаны еске салды. Эпилепсияға шалдыққан ер адам көлікпен алты баланы қағып кеткен болатын.
"Қазіргі кезде бізге денсаулық сақтау министрлігінен ақпарат түсіп тұрады. Біз көлік жүргізуге тыйым салынған адамдарды көріп отырамыз. Бүгінгі заң қабылданған жағдайда ол адамдардың көлік жүргізу куәлігін алып қоямыз", - деді Әділов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, осы тізімге кіретін адамдардың конституциялық құқығы сақталады. Олар медициналық тексерістен қайта өте алады.
"Медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, көлікті басқару мүмкіндігі болады. Бұл жерде заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Себебі жүйе толығымен автоматтандырылған" , - деп түсіндірді Әділов.