Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
– Майра Хұсаинқызы, Алматы колледждерінің ChatGPT Edu жүйесіне қосылуы қандай өзгерістер әкеледі?
– Техникалық пәндерді оқытуда өзіндік бір «үнсіздік аймағы» кездеседі: студент тақырыпты түсінбей қалуы мүмкін, бірақ айналасындағылардың бәрі түсінгендей бас изеп отырған соң, оны ашық айтуға қысылып қалады. ChatGPT осы психологиялық кедергіні азайтып, студентке түсінбеген сұрағын еркін қоюға мүмкіндік береді. ЖИ оқытушыларды күнделікті қайталанатын жұмыстардың едәуір бөлігінен босатады. Біз болашақ инженерлер мен IT-мамандарды даярлайтындықтан, студенттер сызбалар, бағдарламалық кодтар, алгоритмдер және техникалық құжаттар сияқты ауқымды ақпаратпен жұмыс істейді. Бұрын уақыттың көп бөлігі қажетті мысалдарды іздеуге, құжаттарды аударуға және мәтіндерді қазақ немесе орыс тілдеріне бейімдеуге жұмсалатын. Енді мұндай механикалық міндеттердің бір бөлігін ЖИ атқара алады. Нәтижесінде оқытушы үшін ең маңызды ресурс – студентпен тікелей әрі мазмұнды қарым-қатынас жасауға қажетті уақыт пайда болады.
– Нейрожелілер студенттерді жалқаулыққа үйретіп, мәселенің мәніне терең үңілуге деген ынтасын төмендетеді деген пікір қаншалықты негізді?
– Шындығында, мұндай пікірлерді нақты мәселеден гөрі педагогикалық инерцияның көрінісі ретінде қабылдаймыз. Соңғы жылдардағы отандық және халықаралық тәжірибе жасанды интеллектінің білім берудегі «оқу жұмысы» ұғымын қайта қарауға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Студенттер ойлауды қояды деген қауіп көбіне білім берудің мақсаты дұрыс айқындалмаған жағдайда туындайды. Егер оқу үдерісі тек ақпаратты жаттауға негізделсе, ЖИ шынында да тапсырманы оңай орындаудың жолына айналуы мүмкін. Ал студентті ақпараттың құрылымын түсінуге, талдауға және қорытынды жасауға үйретсек, нейрожелі ойлау қабілетін дамытатын тиімді құралға айналады. Еуропаның кәсіптік білім беру жүйесінде педагогтер ChatGPT-дің техникалық мүмкіндіктерін меңгеруге ғана емес, оқу тапсырмаларын қайта құруға ерекше мән береді. Яғни бағалау «дайын жауапты» тексеруден студенттің жұмыс үдерісін талдауға ауысады. Білім алушыдан сұранысты қалай құрастырғанын, алынған жауапты қалай талдағанын және ондағы логикалық қателерді қандай тәсілмен анықтағанын түсіндіру талап етіледі. Еліміз де осы бағытта дамып келеді. Колледждерде цифрлық модульдер енгізіліп, оқытушыларға жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану бойынша арнайы курстар ұйымдастырылып жатыр.
– ЖИ қазақ тіліндегі терминологиямен жұмыс істеуге қаншалықты көмектеседі? Өйткені бұл гуманитарлық мәтінді аудару емес, мұнда әр сөздің маңызы зор.
– Бұл бөлек мәселе. Көптеген термин қалыптасу кезеңінде десек те болады, яғни қазақ тіліндегі техникалық терминология бұл ұғымдарды әлі де игеру үстінде. Осы тұста техникалық терминологияны жан-жақты пысықтауды қажет ететін басқа елдердегі әріптестерімізбен бірдей мәселеге тап боламыз. Мәселен, Үндістанда білім министрлігінің қолдауымен жақында жасанды интеллект пен машиналық оқыту бойынша ағылшын, хинди және пенджаби тілдеріндегі үштілді глоссарийді әзірлеу аяқталды. Сарапшылар 4500-ге жуық терминнің әрқайсысын жеке талдап, олардың ұғымдық дәлдігін, тілдік сәйкестігін және техникалық дұрыстығын тексерді. Жапонияда да медицина саласында ұқсас жұмыс жүргізіліп жатыр: медициналық бұйымдарды пайдалану кезіндегі жағымсыз оқиғалар терминологиясы стандартталып, ағылшын тілінен жапон тіліне аудару үшін тілдік модельдер белсенді қолданылуда. Зерттеулер қазіргі ЖИ жүйелері, әсіресе GPT-4, арнайы терминологиямен жұмыс істеуде, тіпті медицина секілді күрделі салаларда да жоғары нәтиже көрсетеді. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 763 колледжде бүгінде шамамен 556 мың студент білім алады. Мемлекеттік тілдегі терминологиялық сауаттылық мәселесі, әсіресе IT саласында өте өзекті. Мамандар экономиканың цифрлық трансформациясы қазақ тіліндегі техникалық терминдердің таралуына тікелей әсер ететінін атап өтіп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен сөздіктер әзірлеуді ұсынады.Колледжде де осыған ұқсас қағидатпен жұмыс істейміз: филолог-оқытушы, инженер және нейрожелі. Бұл – өзара келісімге келетін үш маман. Мұнда ChatGPT Edu сөзсіз қабылданатын аудармашы емес, келісу және салыстырып тексеру құралы ретінде қызмет етеді. Техникалық мәтінді орыс немесе ағылшын тілінен қазақ тіліне аударғанда, оның нұсқасымен салыстырамыз, бірақ жауабын абсолютті ақиқат деп қабылдамаймыз. Мысалы, ауыл мектептерінен келген және қазақ тілінде еркінірек сөйлейтін студенттер үшін зертханалық жұмыстардың нұсқаулықтарын бейімдейміз.
– Алдағы уақытта білім беру жүйесі қандай бағытта өзгереді?
– Алдағы бес жылда бізді техникалық революциядан гөрі білім берудің мәнін қайта қарау үдерісі күтуі мүмкін. Қазір көпшілік: «ЖИ техникалық және гуманитарлық мамандықтар арасындағы шекараны жояды», дейді. Мен мұны басқаша тұжырымдап көрейін. Бұл шекаралар қазірдің өзінде көмескілене бастады. Бірақ оған технологиялардың өзі ғана себеп емес. Біз «білімді адам болу» ұғымын басқаша түсіне бастадық. Колледжде инженерлік мамандық студенттерінің лингвистикаға терең қызығушылық таныта бастағанын көріп отырмыз: оларға нейрожеліні жай ғана пайдалану жеткіліксіз, онымен қалай дұрыс сөйлесу керектігін түсіну маңызды. Ал гуманитарлық бағытта білім алатын студенттер алгоритмдік логиканы меңгеріп жатыр. Өйткені ЖИ ұсынған ақпараттың дұрыстығын бағалап, кейбір мәселелерде машина жаңылыстыруы мүмкін екенін анықтау қиын. Одан да терең өзгеріс бар. Халықаралық зерттеулер, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен ЮНЕСКО есептері, соңғы уақытта бір парадоксты жиі атап өтеді: оқытуда ЖИ неғұрлым көп қолданылса, адамның сыни ойлау, сұрақ қоя білу және этикалық пайымдау сияқты дағдылары соғұрлым маңызды бола түседі. Менің ойымша, Қазақстан қазір тиімді жағдайда тұр. Себебі бізде білім беру жүйесі бұрыннан қалыптасқан елдердегідей өзгеріске кедергі келтіретін терең инерция жоқ. Біз цифрлық білім беру экожүйесін енді қалыптастырып жатырмыз. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін толыққанды цифрлық білім беру ортасын құру міндетін қойды. OpenAI компаниясымен келісім жасалып, биыл 200 мың педагогке ChatGPT Edu жүйесіне қолжетімділік беріледі. Ең бастысы − Қазақстан жасанды интеллектіні мұғалімді алмастыратын технология ретінде емес, оның кәсіби қызметін қолдайтын көмекші құрал ретінде қарастырады. Біз Батыс елдерінің тәжірибесін ойланбастан көшіріп, олардың соңынан ілесіп жатқан жоқпыз. Қазақстанның қолжетімділікке, көптілділікке және инженерлік ойлау мәдениетіне негізделген өзіндік даму бағыты бар. Біз үшін ChatGPT Edu − педагогтың уақытын үнемдеп, оның студентпен тікелей әрі мазмұнды қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Технологиялар − біздің бүгінгі өміріміздің ажырамас бөлігі. Ендігі мәселе оларды қалай және қандай мақсатта қолданатынымызда.
АЛМАТЫ