Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Ведомство мәліметінше, 7 коллекторлық агенттік бойынша 11,8 млрд теңге көлемінде табыстың төмендетіліп көрсетілгені белгілі болды. Сонымен қатар 128 млн теңге қосылған құн салығы төленбеген, ал ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін 1,6 млрд теңге айыппұл есептелген.
– Жүргізілген тексерулер барысында жекелеген коллекторлық агенттіктер табысты ҚҚС салынатын айналым ретінде көрсетпейтін схемаларды қолданғаны анықталды. Мұндай тәсіл жүйелі сипатқа ие болып, нарықтағы бірқатар субъектілер тарапынан қолданылған, – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Сонымен қатар ұқсас белгілері бар тағы 15 салық төлеуші анықталған. Оларда табысты төмендетудің ықтимал көлемі 61,6 млрд теңгені, ал төленбеген ҚҚС шамамен 7,4 млрд теңгені құрауы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл деректер тексерілу үстінде.
Тексеру нәтижесінде коллекторлық агенттіктердің берешекті номинал құнынан төмен бағамен сатып алып, кейін оны өндіріп алу барысында түскен қаражатты қарызды қайтару ретінде көрсетіп, салықтан жалтарғаны белгілі болды.
– Сатып алынған берешектің құны мен нақты өндіріп алынған сома арасындағы айырма – бұл өндіріп алу қызметінен алынған табыс. Мұндай табыс салық салынатын айналымға енгізілуі тиіс, – деп атап өтті комитет.
Ведомство бұл тәжірибенің жекелеген емес, жүйелі сипат алғанын және нарықтағы көптеген қатысушылар тарапынан қолданылып отырғанын мәлімдеді.
– Егер операциялар нәтижесінде табыс қалыптасса, ол қандай түрде көрсетілгеніне қарамастан салық салуға жатады. Осыған байланысты барлық салық төлеушілер үшін тең жағдай жасау мақсатында қосымша талдау және тексеру жұмыстары жалғасады, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта анықталған салық төлеушілерге қатысты толық тексерулер жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда.
Айта кетейік, қаржы секторында салық ережелері жаңартылып, бірқатар жеңілдік қарастырылды.