7kun.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мен Алматы қаласындағы №214 жалпы білім беретін мектеп ауқымды экологиялық акция ұйымдастырды.
Акцияның ашылу салтанатына «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Сембайұлы мен мектеп басшысы Света Ахметова, Ұлттық парк қызметкерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
«Мұндай игі шаралар оқушылардың табиғатқа, экологияға жанашырлығын арттырып, мәдениетті қалыптастырады. «Көлсай көлдері» жеткізіп, отырғызған ағаштар мектебімізге сән береді, қаламыздың экологиясының жақсаруына үлес қосады. Бүкіл республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу әр адамның парызы. Бүгін біз де осы бір игі іске үлес қостық. Бұл ары қарай да жалғасын табады», дейді №214 жалпы білім беретін мектеп директоры Света Ағабекқызы.
Іс-шара барысында мектеп аумағына 100-ге жуық шырша мен 1400 гүл көшеті отырғызылып, табиғатты қорғау мен көгалдандыру бағытындағы маңызды жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында оқушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жалпы мектеп ұжымы мен оқушыларды қоса алғанда, 600-ге жуық адам қатысып, табиғатты аялауға өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, «Көлсай көлдері» МҰТП Алматы облысы мен Алматы қаласындағы «Таза Қазақстан», «Парктер шеруі» экологиялық акцияларын белсенді ұйымдастырушы, қатысушы. 2025 жылы өткен «Парктер шеруі-2025» табиғат қорғау акциясы аясында Ұлттық паркте 85 іс-шара өткізіліп, 685 ағаш отырғызылды, 168 ұя орнатылды, 5,3 тонна қоқыс шығарылған. Шараларға 4252 адам қатысқан. Игі істер «Парктер шеруі - 2026» аясында жалғасын табуда.