Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Су тасқынынан зардап шеккендер мен ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек ретінде жиналған миллиардтаған теңге қымбат көліктерге, пәтерлер мен өзге де заттарға жұмсалған. Кейінгі жылдары қайырымдылық саласында болған осындай оқиғалардан кейін азаматтар шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға да күмәнмен қарай бастады. Адал жұмыс істейтін қайырымдылық қорын алаяқтардан қалай ажыратуға, аударылған ақша қайда жұмсалғанын қалай тексеруге болады? Адамдардың жанашырлығын пайдаланып, пайда тапқысы келетіндерден қалай сақтанған жөн? Tengrinews.kz тілшісі қайырымдылық саласындағы алаяқтықтарды еске түсіріп, сарапшымен қауіпсіз әдіспен қайырымдылық жасау жолдарын талқылады.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Қазақстанда қайырымдылық қаражатын жымқыруға қатысты жанжалдар жиіледі: Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорынан ~3,5 млрд теңге ұрланған; Перизат Қайрат 10 жылға (2025 жылғы шілде), оның анасы 7 жылға сотталды. More Life қоры: баланың еміне 22 млн теңгені аудармаған; басшысы ~43,9 млн теңгені иемденіп, 6 жыл 6 айға сотталды (2024 жылғы қазан). Тотағановтар ерлі-зайыптыларының ісі (Астана): емделуге жиналған ~1,4 млрд теңгенің 6,4 млн теңгесі ғана мақсатына жұмсалған; 481 млн — жарнамаға, 349,5 млн — қарыздарға кеткен; үкім — 7 жыл (2026 жылғы қаңтар), әйелге жаза 2 жылға шегерілді. Блогер Ильяс Сариев («қазақ Робин Гуды»): 26 эпизодтың 6-уы бойынша кінәлі деп танылды; үкім — 3 жыл 8 ай (2025 жылғы желтоқсан). Сарапшы Айнұр Аймурзина (Dos Community): адал қордың негізгі белгілері — ашық тіркеу, БСН, реквизиттер, басшылық, қаржылық есептілік және сұрауларға жауап беруге дайын болу. Қауіпті белгілер: жеке карталарға жинау, есептіліктің/құжаттардың болмауы; Dos Community тексеруінен қорлардың шамамен 30%-ы ашық еместігіне байланысты өтпейді. Қорлардың әкімшілік шығындарына жол беріледі (жалақы, жалдау ақысы, қаражат тарту); шамамен 15–20% (кейде 30%-ға дейін), заңмен шек қойылмаған; негізділік пен ашық есептілік маңызды. Мақсатты пайдалануды растау: келісімшарттар, төлем құжаттары, алғашқы құжаттар; дербес деректер қорғалады, бірақ есептілік міндетті. Жеке жиналымдар тексеруді талап етеді: ұйымдастырушының/бенефициардың жеке басын анықтау, медициналық құжаттар, клиниканың байланыс мәліметтері; эмоционалды қысымнан және жеке карталарға/криптоәмияндарға аударым жасаудан аулақ болу керек. Емдеуден бас тартқан немесе бенефициар қайтыс болған жағдайдағы ережелер: қаражатты қайта бөлу/қайтару шарттары офертада немесе келісімшартта жазылуы және қайырымдылық жасаушыларға жеткізілуі тиіс. Егер алаяқтарға аударған болсаңыз: тез арада банкке хабарласу (даулау), дәлелдемелерді сақтау (скриншоттар, чектер, реквизиттер), полицияға арыз беру (ҚР ҚК 190-бабы) және платформаларға/әлеуметтік желілерге хабарлау. Қайырымдылық жасамас бұрынғы бақылау тізімі: тіркеуді және БСН-ді тексеру; реквизиттерді салыстыру (тек қордың шоты); есептілікті зерделеу; жиын бойынша растама сұрату; басшылықты/серіктестерді/БАҚ-ты тексеру; ашықтықты бағалау; қысымға берілмеу.
Өзгенің қайғысынан жиналған миллиардтаған теңге: Перизат Қайраттың ісіҚазақстандағы қайырымдылық саласында үлкен дау туғызған оқиғалардың бірі - Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық қорының басшысы Перизат Қайраттың ісі.
Қор Қазақстандағы алапат су тасқынынан зардап шеккендерге, Палестина тұрғындарына және мүгедектігі бар балаларға көмек көрсету үшін қаражат жинаған. Алайда сотта ақшаның қомақты бөлігі қайырымдылықтың орнына ұйымдастырушылардың жеке қажетіне жұмсалғаны анықталды.
Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы шамамен 3,5 миллиард теңгеге жеткен. Қайырымдылыққа жиналған ақшаға қымбат жылжымайтын мүлік, көліктер, киім-кешек және басқа да заттар сатып алынған.
Сурет: Tengrinews.kz/Санжар Мұстафин: Перизат Қайратқа үкім шыққан сәт
2025 жылғы шілдеде Перизат Қайрат 10 жылға, ал осы іс бойынша айыпталған оның анасы жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл оқиға қордың ресми тіркелуі де, қайырымдылық науқаны ауқымды болуы да жиналған ақша мақсатты түрде жұмсалатынына кепілдік бермейтінін көрсетті.
Бірақ қарапайым адам өз ақшасын сеніп тапсырғалы отырған ұйымды қалай тексере алады? Ақша аудармас бұрын қандай құжаттармен танысып, не нәрсеге назар аударған жөн?
Осы сұрақтарға жауап алу үшін қайырымдылық ұйымдарына жұмысын ашық әрі түсінікті жүргізуге көмектесетін Dos Community жеке қорының директоры Айнұр Аймурзинамен сөйлестік.
Ақша аудармас бұрын қайырымдылық қорын қалай тексеруге болады?Кейінгі жылдардағы қызу талқыланған оқиғалардан кейін көпшілікті бір сұрақ мазалайды: қайырымдылыққа берген ақша шынымен мұқтаж жандарға жете ме әлде біреудің жеке шотына түсе ме?
Айнұр Аймурзинаның айтуынша, алдымен қайырымдылық ұйымының жұмысы қаншалық ашық екеніне назар аудару қажет. Адал жұмыс істейтін қор тіркелгені, басшылығы, банк дерегі мен қызметі туралы ақпаратты көпшілікке қолжетімді етуі керек.
"Әдетте ұйымның жарғысы, мемлекеттік тіркеуден өткені туралы мәлімет, бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН), қордың банк дерегі, байланыс ақпараты мен басқарушы органдары туралы деректер ашық болуға тиіс. Сондай-ақ, қаржы есебін зерделеген маңызды. Ұйым қанша қаражат жинағанын, оны қалай бөлгенін және қандай мақсаттарға жұмсағанын тексеру керек", – деп түсіндірді сарапшы.
Айнұр Аймурзина
Dos Community қорының директоры
Алайда құжаттар болуы тексерістің алғашқы қадамы ғана. Қор қанша жылдан бері жұмыс істейтінін, кімдермен серіктес екенін және қайырымдылық жасаған адамдардың сұрақтарына жауап беруге қаншалық дайын екенін де анықтаған жөн.
"Ұйымның бұған дейінгі қызметіне, серіктестеріне, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға және қоғамдық бастамаларға қатысуына назар аударыңыз. Сенімді қор қаражат қалай жұмсалғанын түсіндіріп, оны растайтын құжаттарды ұсынуға дайын болуы керек", – дейді Айнұр Аймурзина.
Dos Community қорында қайырымдылық ұйымдарын тексеру - күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Қор үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік орнатып, заңгерлерді, қаржыгерлерді, аудиторларды және басқа да мамандарды ерікті сарапшы ретінде тартады. Осылайша ұйымдарға жұмысын ашық әрі түсінікті жүргізуге көмектеседі.
Алайда көмек сұрап жүгінген ұйымдардың бәрі бірдей іріктеуден өте бермейді.
"Іс жүзінде бізге жүгінген қорлардың шамамен 30 пайызынан бас тартамыз. Бұған көбіне ұйым қызметінің жеткілікті дәрежеде ашық болмауы, түсінікті есеп жоқтығы және қайырымдылық қаражатын ұйымның ресми шотына емес, жеке адамдардың банк карталарына жинауы себеп болады", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қор қаражатты қалай қабылдайтынын және бөлетінін, сондай-ақ, олардың мақсатты жұмсалуын растай алатын-алмайтынын түсіну өте маңызды.
Әсіресе, қайырымдылық ақшасын ұйымның шотына емес, қызметкерінің немесе еріктінің жеке картасына аударуды сұраса, сақ болған жөн.
"Адал жұмыс істейтін ұйымдар қайырымдылық қаражатын қордың ресми банк шоттарына жинайды. Ал ақша жинау туралы хабарландыруларда қызметкерлердің немесе бөгде адамдардың жеке карталары көрсетілсе, бұл - күмәндануға негіз болатын маңызды белгі", – деді Айнұр Аймурзина.
Дегенмен жеке картаға ақша жинағандардың бәрі алаяқ деген сөз емес. Кейде емделуге немесе шұғыл көмекке қажет қаражатты науқастың туыстары, достары немесе еріктілер жинайды. Мұндай жағдайда ақша қайда жұмсалатынын қалай тексеруге болатынын және қандай ережелер барын алдағы бөлімдерде айтамыз.
Ақша жиналды, бірақ науқас балаға жетпеді2024 жылы Ақтөбеде ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне қаражат жинаған More Life қайырымдылық қорына қатысты үлкен дау шықты.
Отбасылардың бірі балалардың сал ауруына (БСА) шалдыққан қыз балаға көмек сұрап, қорға жүгінген. Оны емдеуге 22 миллион теңге жиналған. Алайда ата-анасы баламен бірге Минскідегі клиникаға барғанда, медициналық мекемеге ақша аударылмағаны белгілі болған.
Сотта қор басшысы 2022-2024 жылдар аралығында қайырымдылыққа жиналған шамамен 43,9 миллион теңгені иемденгені анықталған. 2024 жылғы қазанда ол алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Бұл оқиғадан келесі сұраққа көшеміз.
Көмек мұқтаж адамға жеткенін қалай білуге болады?Әлеуметтік желілерде жарияланған қуанышты адамдардың суреттері мен алғыс жазбалары көмек шынымен көрсетілгенін дәлелдей алмайды.
Айнұр Аймурзинаның айтуынша, адал жұмыс істейтін қор қайырымдылық қаражаты мақсатты жұмсалғанын растайтын құжаттарды сақтауға тиіс.
"Ақша емделуге жиналса, қорда келісімшарттар, төлем тапсырмалары, бастапқы қаржы құжаттары мен есептер болуы керек. Қаражатты жинау тәртібіне қарай бұл көмек алушыға ақша беру туралы келісімшарт немесе емнің, қызметтердің, қажет тауарлардың ақысы төленгенін растайтын құжаттар болуы мүмкін", – деп түсіндірді сарапшы.
Дегенмен қайырымдылық ұйымы барлық құжатты ашық жариялай алмайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, медициналық құжаттарда науқастардың қорғалуға тиіс жеке дерегі болады.
"Көмек алушылардың жеке және медициналық мәліметін барлық адамға жария етуге әрдайым рұқсат жоқ. Бірақ бұл қор қайырымдылық жасаған адамдарға есеп бермеуге құқылы дегенді білдірмейді. Қаражат қалай жұмсалғанын растайтын мәлімет жеке деректі қорғау талаптарын сақтай отырып ұсынылуы керек", – дейді сарапшы.
Сондықтан қорды тексеру кезінде тек жиналған сома мен көмек алушылардың суреттеріне емес, құжаттармен расталған көмек нәтижелеріне де назар аудару маңызды.
Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды: жиналған қайырымдылық қаражаттың бәрі мұқтаж адамдарға берілуге тиіс пе? Әлде қор оның белгілі бір бөлігін өз жұмысын жүргізуге жұмсай ала ма?
Жарнамаға кеткен миллиондар: қайырымдылық қоры өзіне қанша қаражат жұмсай алады?Астанада баланың еміне жиналған қайырымдылық қаражатына қатысты тағы бір атышулы іс қаралды. Ерлі-зайыпты Тотақановтар ауыр дертке шалдыққан ұлын емдету үшін ақша жинаған. Отбасының оқиғасы әлеуметтік желіде кең тарап, қайырымдылыққа шамамен 1,4 миллиард теңге түскен.
Алайда сот бұл ақшаның небәрі 6,4 миллион теңгесі баланың еміне жұмсалғанын анықтады. Ал 481 миллион теңге Facebook желісіндегі жарнамаға, тағы 349,5 миллион теңге қарыздарды өтеуге кеткен. Іс материалдарына сәйкес қайырымдылық қаражатына пәтерлер мен көліктер де сатып алынған.
2026 жылы қаңтарда ерлі-зайыпты жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Әйелдің жазасы екі жылға шегерілді.
Алайда осы қылмыстық істің мән-жайын былай қойғанда, тағы бір сұрақ туындайды: қайырымдылық ұйымдары жиналған ақшаны жарнамаға, қызметкерлердің жалақысына, кеңсе жалдауға және басқа да қажетіне жұмсай ала ма?
Айнұр Аймурзинаның айтуынша, мұндай шығындар - кәсіби қор қызметінің қалыпты бөлігі. Оларды әкімшілік және операциялық шығындар деп атау қалыптасқан.
"Бұған қызметкерлердің жалақысы, үй-жайды жалдау, бухгалтерлік және заңгерлік көмек, коммуникациялар, қайырымдылық тарту және ұйымның жұмысына қажет басқа да шығындар кіреді", - деп түсіндірді сарапшы.
Оның айтуынша, бағдар ретінде көбіне қор бюджетінің 15-20 пайызы аталады. Кейбір жағдайларда мұндай шығындардың үлесі 30 пайызға жетуі мүмкін. Алайда әмбебап норма жоқ, бәрі ұйымның міндетіне, қызметінің ауқымына және жұмыс істеу тәсіліне байланысты.
Айнұр Аймурзина Қазақстан заңнамасында коммерциялық емес ұйымдар қайырымдылық қаражатының қанша пайызын әкімшілік шығындарға жұмсай алатынына қатысты бірыңғай шекті мөлшер белгіленбегенін айтты.
"Ең маңыздысы, шығынның көлемі емес, оның қаншалық негізді екені және қор жұмсалған қаражат туралы қаншалық ашық есеп беретіні", – деді ол.
Сарапшы кең таралған жаңсақ түсінікке де назар аударды: көпшілік қайырымдылық ұйымдарының қызметкерлері тек тегін жұмыс істеуі керек деп ойлайды.
"Бірақ қор да кәсіби мамандарды қажет ететін ұйым. Бухгалтер, қаржы менеджері, заңгер, жоба үйлестірушісі қаражат дұрыс бөлінуіне, көмек иелеріне жетуіне және қор қызметі тұрақты болуына жауап береді. Олардың жұмысы ақылы болуға тиіс".
Айнұр Аймурзинаның айтуынша, кәсіби команда болмаса, тіпті ең ізгі ниетпен басталған қайырымдылық жұмыстары да ұзақ мерзімді нәтиже бере алмайтын бір реттік бастама күйінде қалуы мүмкін.
Демек, қор өз жұмысын жүргізуге ақша жұмсауы оның қаражатты теріс пиғылда пайдаланғанын білдірмейді. Ең бастысы - қайырымдылық жасаған адамдар ақшасы қандай мақсаттарға жұмсалуы мүмкін екенін біле ме, шығындар қор жариялаған мақсатқа сай келе ме және ұйым олардың есебін бере ала ма деген сауалдар.
Енді жеке адамдар ұйымдастыратын қайырымдылыққа тоқталайық. Көмек ақшаны үнемі арнайы қорлар жинамайды. Әлеуметтік желіде жеке парақшалар арқылы көмек сұрап, бейтаныс адамның банк картасына ақша аударуды өтінетіндер де аз емес. Дәл осындай жағдайларды тексеру өте қиынға соғады.
"Баланы тез арада құтқару керек": алаяқтар адамның аяушылық сезімін қалай пайдаланады?2025 жылы Алматы облысының полициясы қайырымдылық атын жамылып, алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары мәліметінше, ол 2023 жылы қайтыс болған баланы емдетемін деп ақша жинаған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын 11 миллион теңгеге жеткен.
Мұндай оқиғалар алаяқтар өзгенің қайғысын пайдаланып, адамдардың аяушылық сезімін ояту арқылы ақша табуға тырысатынын көрсетеді.
Айнұр Аймурзинаның айтуынша, күмәнді қайырымдылық науқандары әлеуметтік желіде және қоғамдық орындарда жиі кездеседі. Ұйымдастырушылар ауыр дертке шалдыққан балалардың суреттерін, жантүршігерлік оқиғаларды пайдаланып, ақшаны дереу аударуды талап етуі мүмкін.
"Ең жиі кездесетін қате - эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдау. Адамдар жантүршігерлік суреттерді немесе жүрекке әсер ететін оқиғаны көргенде ештеңе сұрамай, растайтын құжаттарды тексермей, бірден ақша аударады. Алаяқтар көбіне осыны пайдаланады. Олар уақыт тығыз екенін айтып асықтырады, адам өзін кінәлі сезінуіне ықпал етіп, дереу көмектесуге шақырады", – деп түсіндірді сарапшы.
Оның айтуынша, ақшаны жеке банк картасына немесе криптоәмиянға аударуды сұрайтын хабарландыруларға ерекше сақтықпен қараған жөн. Мұндай тәсілдің өзі алаяқтықты дәлелдемейді, бірақ қаражат кейін қайда жұмсалғанын анықтау қиындайды.
Сарапшы қайырымдылықты жеке адам ұйымдастырса, ақша нақты кімге арналғанын анықтап, растайтын құжаттарды сұрауға кеңес берді. Мүмкіндік болса, мәліметті медициналық мекеме немесе басқа да тәуелсіз дереккөз арқылы тексерген дұрыс.
Жеке банк картасына қайырымдылық қаражатын жинау заңды ма?"Ақша жинауды кім ұйымдастырып отырғанын және неге қайырымдылық қоры немесе арнайы платформа пайдаланылмайтынын анықтау маңызды. "Сұрақ қоймаңыз, жүрегіңіз жоқ па?" деген сияқты сөздерге еріп кетпеу керек", – деді ол.
Жеке адамдар ұйымдастыратын қайырымдылықтың бәрі алаяқтық болмауы мүмкін. Көбіне шұғыл көмекке мұқтаж адамның еміне қажет ақшаны туыстары, достары немесе таныстары жинайды.
Қазақстан заңнамасында "қайырымдылық еріктісі" деген ұғым бар. Бұл - қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға, соның ішінде қаражат жинауға өз еркімен, ақысыз көмектесетін адам.
Айнұр Аймурзинаның сөзінше, мұндай жағдайда ақша жинауды ұйымдастырушы кімнің мүддесі үшін әрекет ететіні және қаражат қандай мақсатқа арналғаны құжат жүзінде анық көрсетілуі керек.
Сарапшы көмек алушымен немесе қайырымдылық қорымен келісімшарт жасауды, ақша неліктен жиналатынын анықтауды, оны медициналық және басқа да құжаттармен растауды ұсынды. Сондай-ақ, түскен және жұмсалған қаражат туралы есеп берілуге тиіс.
Ерікті қайырымдылыққа жиналған ақшаны өз қалауынша жұмсамауы немесе одан жеке пайда көрмеуі керек.
Дегенмен келісімшарт пен растайтын құжаттар болуы кез келген қайырымдылық науқаны қауіпсіз екеніне кепілдік бермейді. Ақша аударған адам қаражатты кім алатынын, оның қалай жұмсалатынын және ұйымдастырушы қандай есеп беретінін білуі маңызды.
"Жеке адамдар ұйымдастыратын қайырымдылық науқандары - алаяқтық қаупі ең жоғары бағыттардың бірі. Кейінгі жылдары мұндай алаяқтық оқиғалары көбейгендіктен, адамдар жеке ұйымдастырылған қайырымдылыққа күмәнмен қарап, көмектесуден бас тарта бастады. Соның салдарынан шынымен қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау табу қиындап барады", – дейді Айнұр Аймурзина.
Сондықтан қайырымдылыққа жиналатын ақшаны тексеру көмекке мұқтаж адамға сенімсіздік таныту емес. Бұл - берілген ақша тиісті жерге жететініне көз жеткізудің жолы.
"Қазақтың Робин Гуды": қайырымдылық табыс көзіне айналғандаӘлеуметтік желіде "қазақтың Робин Гуды" деген атпен танылған блогер Ілияс Сәриев те атышулы қылмыстық істердің біріне іліккен. Ауыр дертке шалдыққан адамдардың отбасылары блогердің танымалдығы арқылы емге қажет көмек туралы ақпаратты көпшілікке жеткізуді көздеп, оған жүгінген.
Алайда сот материалдарына сәйкес Сәриев қайырымдылық туралы видеолар жариялауға уәде беріп, көмекке мұқтаж адамдардың туыстарынан ақша алған. Бірақ мойнына алған міндетінің бір бөлігін орындамаған.
2025 жылғы желтоқсанда блогер рақымшылықты ескере отырып, үш жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Тағылған айыптың 26 эпизодының алтауы бойынша кінәлі деп танылып, қалғандары бойынша ақталды. Істе қажылық сапарларын ұйымдастыруға қатысты эпизодтар да болған.
Бұл оқиға адамның танымалдығы мен қайырымдылық жасаушы ретіндегі беделі оның адал жұмыс істейтініне кепілдік бермейтінін көрсетті. Алайда мәселенің екінші жағы да бар: алаяқтар қайырымдылық жасаған адамдарды ғана емес, қорлардың өзін де алдауы мүмкін.
Қорлар көмек сұраған адамдарды қалай тексереді?Dos Community қорының директоры Айнұр Аймурзинаның айтуынша, кәсіби қайырымдылық қорлары көмек көрсету туралы шешім қабылдамас бұрын өтініш берушінің құжаттарын және жағдайын мұқият тексереді.
"Ақша отаға немесе емделуге жиналса, қор медициналық анықтамаларды, төлем шоттарын және басқа да растайтын құжаттарды тексереді. Қажет болған жағдайда құжаттардың шынайылығына көз жеткізу, диагнозды, емдеу жоспарын және қызмет құнын нақтылау үшін клиникамен тікелей байланысады", – деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ, қайырымдылық ұйымы отбасының әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын, табыс деңгейін, отбасы мүшелерінің санын және басқа да көмек көздері бар-жоғын зерттей алады. Кейде қор қызметкерлері өтініш берушілермен жеке кездесіп, үйлеріне барады.
Мұндай тексеріс қаражатты теріс пайдалану қаупін азайтады. Алайда қайырымдылық адал ұйымдастырылған күннің өзінде жағдай өзгеруі мүмкін. Мысалы, ем тоқтатылуы немесе науқас қайтыс болуы ықтимал. Мұндай жағдайда жиналған ақша қайда жұмсалады?
Ақша жиналды, бірақ науқас қайтыс болды: қайырымдылық қаражаты қайда жұмсалады?Мысалы, қайырымдылық қоры қымбат отаға ақша жинады делік. Адамдар қажет соманы аударғанымен, кейін ем тоқтатылды немесе науқас қайтыс болды. Мұндай жағдайда ақша қайда жұмсалуы керек? Оны басқа адамға көмектесуге пайдалануға бола ма әлде қор қайырымдылық жасағандарға қайтаруға міндетті ме?
Айнұр Аймурзинаның сөзінше, мұндай жағдайларды қаражат жинау басталғанға дейін қарастыру қажет.
"Жария офертада немесе келісімшартта қажет сома жиналғанда, ем тоқтатылғанда, көмек алушы қайтыс болғанда немесе қандай да бір себеппен көмек қажет болмай қалғанда ақша қалай жұмсалатынын алдын ала көрсету керек", – деп түсіндірді сарапшы.
Мысалы, қалған қаражатты осыған ұқсас медициналық қажеттіліктерге немесе қор қамқорлығындағы басқа адамдарға бағыттауға болады. Бірақ мұндай тәртіп ақша жинау шарттарында алдын ала көрсетіліп, қайырымдылық жасаған адамдарға хабарлануға тиіс.
"Басты қағида: қор жиналған ақшаның қалдығын өз бетінше жұмсай алмайды. Кез келген шешім алдын ала жарияланған шарттарға сай болуы, құжатпен расталуы және қайырымдылық жасаған адамдарға түсінікті болуы керек", – деді сарапшы.
Сондықтан ақша аудармас бұрын оның қандай мақсатқа жиналып жатқанын ғана емес, жұмсалу шарттарын да тексерген жөн. Әсіресе, бастапқы көмек қажет болмай қалған жағдайда ақшаны қайтару немесе басқа мақсатқа бөлу мүмкіндігі қарастырылғанын анықтау маңызды.
Ал ақша аударғаннан кейін оқиға ойдан шығарылғаны немесе қаражат мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болса, не істеу керек?
Ақшаны алаяқтарға аударсаңыз не істеу керек?Өзгенің басына түскен қиындықты көріп, шұғыл көмектескісі келген адам қанша сақ болса да, алаяқтарға алданып қалуы мүмкін. Қайырымдылық атын жамылған алаяқтық анықталса, қандай әрекет жасау қажет?
Айнұр Аймурзина мүмкіндігінше тезірек әрекет етуге кеңес берді.
"Бірден банкке хабарласып, күмәнді ақша аударымы туралы мәлімдеу керек. Операцияны тоқтатуға немесе оған дау айту рәсімін бастауға болатынын анықтаған жөн. Ақшаны қайтару мүмкіндігі төлем тәсілі мен аударымның мән-жайына байланысты. Сондықтан қаражат міндетті түрде қайтарылады деп кепілдік беруге болмайды", – деп түсіндірді сарапшы.
Келесі қадам - дәлелдер жинау. Мыналарды сақтап қою маңызды:
хаттардың скриншоттары, ұйымдастырушылардың жазбалары мен профильдері, банк чектері, телефон нөмірлері, ақшаны алатын адамның деректері (реквизиттері) көмек туралы өтініштер жарияланған парақшаларға сілтемелер.Осы материалдармен полицияға жүгініп, алаяқтық туралы арыз беру қажет.
Мұндай әрекеттер Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша саралануы мүмкін.
Қайырымдылық қаражатын жымқырудың ауқымды схемасы бар деп күдіктенуге негіз болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне де өтініш жолдауға болады.
Тағы бір маңызды қадам – басқа адамдарға ескерту"Ақша жиналған парақшаға шағым қалдыруға, әлеуметтік желі әкімшілігіне хабарлауға немесе қолда бар дәлелді тіркеп, ескерту жариялауға болады. Бұл басқа адамдар да осындай жағдайға тап болмауына көмектеседі", – дейді Айнұр Аймурзина.
Дегенмен расталмаған айыптауларды таратпау маңызды. Алаяқтық жасалды деген күдік ұйымдастырушылардың кінәсі дәлелденді деген сөз емес.
Қайырымдылық жасамас бұрын тексеретін 7 нәрсеКөмектесемін деп ақшаңыздан айырылып қалмау үшін қаражатты кімге және қандай мақсатқа аударып жатқаныңызды тексеріңіз. Сарапшымен бірге қайырымдылық қорының сенімділігін бағалауға және күмәнді белгілерді алдын ала байқауға көмектесетін жеті кеңес дайындадық.
Қор ресми тіркелгенін тексеріңіз
Ұйымның бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) анықтап, мемлекеттік тіркеуден өткенін және Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында бар-жоғын тексеріңіз. Қор туралы мәлімет ақша жинау кезінде көрсетілген ақпаратпен сәйкес келуі керек.
Банк дерегін салыстырыңыз
Қаражатты қор жинап жатса, қайырымдылық жарналары оның ресми шотына түсуі керек. Ақшаны қызметкердің немесе бөгде адамның жеке картасына аудару туралы өтініш - күмәнді белгі.
Қаржы есебін зерделеңіз.
Сенімді ұйым қанша ақша жиналғанын, ол қайда жұмсалғанын және қандай нәтижелерге қол жеткізгенін ашық айтады. Есепті қордың сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларынан іздеңіз.
Нақты қайырымдылық науқанын тексеріңіз
Ақша емделуге жиналса, медициналық қорытындыларды, клиниканың төлем шоттарын және қажет сома туралы мәліметті сұраңыз. Мүмкіндік болса, ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеріңіз.
Ұйымның артында кім тұрғанын анықтаңыз
Басшылар туралы ақпаратты, қордың жұмыс тарихын, оның серіктестерін және БАҚ-тағы материалдарды зерттеңіз. Танымалдық пен жағымды пікірлер сенімді деген сөз емес.
Қордың ашықтығына назар аударыңыз.
Адал ұйым сұрақтарға жауап беруге, шығындарды түсіндіруге және жеке деректі қорғау талаптарын сақтай отырып, көрсетілген көмекті растайтын құжаттарды ұсынуға дайын болады.
Эмоциялық қысымға ермеңіз
"Қайырымдылық науқанын тексергеніңіз сіздің жанашырлығыңызды жоққа шығармайды. Керісінше ақша аударуға жауапкершілікпен қарау көмегіңіз шынымен мұқтаж адамға жететініне көз жеткізуге мүмкіндік береді", – деп түйіндеді Айнұр Аймурзина.
Қайырымдылық саласындағы алаяқтықтың ақшамен өлшеу мүмкін емес тағы бір салдары бар. Әрбір атышулы оқиғадан кейін алаяқтарға ғана емес, адал қорлар мен шынымен көмекке мұқтаж адамдарға да күмән көбейеді. Алайда алаяқтардың кесірінен адамдардың жанашырлығы жоғалмауы керек. Көмектескенде жүрекке құлақ асып, ақша аударғанда ақылға жүгінген жөн.
Мәтін: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу