Көмір қуаты: қалауын тапқан қазына

11.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Қазақ елінің энергетикалық тірегі

Қос палаталы Парламенттің 30 маусымдағы соңғы бірлескен оты­ры­сында Президенттің осы пайда­лы қазбаға жеке тоқталуы бекер емес. Ол энергетикалық баланста кө­мір басым екенін қадап айтты. Қа­зақстанның бүкіл энер­го­жүйе­сінің жалпы қуаты 27,1 ГВт-ты құ­раса, соның 13,7 ГВт-ы бір ғана кө­мір электр стансаларына тие­сі­лі. Көмір экспорттаудан пайда әкелу­мен қатар әрбір ауыл-қала­мыз­ды жылумен және жарықпен қам­тамасыз ететін, бағасы да қол­же­тімді қуат көзі. 

– Үкімет дәстүрлі қуат көз­де­рі­мен бірге «жасыл» энергетикаға ба­са мән береді. Оның энер­ге­ти­ка­лық теңгерімдегі үлесі 7%-ға жет­ті. Қарқынды өсуші экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жос­пар­ланған. Оның кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көз­дері есебінен жүзеге асырылмақ. Әйткенмен, көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығы­мыз! Мұны толық пайдалануымыз ке­рек. Сондықтан биылғы нау­рыз­­да Таза көмір генерациясы жө­­ніндегі ұлттық жоба қабыл­дан­ды, – деді Қ.Тоқаев.

Президент алдағы 3 жылда Көк­­­­шетау, Семей мен Өскемен қа­­­­­лаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін техно­ло­гияларға құрылған 3 жылу электр стансасын салуды тапсырды. Бірақ Үкіметке бұл жобаларды сөз­бұй­даға салушылық байқалып отыр­ған қатаң ескертіп, олқы­лық­ты тү­­­зеуді жүктеді.

Ізінше оның бұл сынына Премьер-министр жауап берді: «Президент Көкшетау, Семей мен Өс­­­кеменде 3 көмір стансасы құ­ры­­­лысының созылып кетуін орын­­­­­­­ды сынға алды. Осыған бай­ланысты Энергетика министрлі­гіне «Самұрық-Қазына» қорымен, Атом энергиясы агенттігімен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, генерация саласындағы жобалардың белгіленген мерзімде уақытылы жүзеге асырылуын қам­тамасыз етуді тапсырамын!», – деп нықтады Олжас Бектенов. 

Энергетика министрі Ерлан Ақ­кенженовтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында көмір саласында қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын инвестжобаларды жүзеге асыру жоспарланды. Ол бүгінде көмір кені қазіргі заманғы технологияларды енгізу және эко­ло­гиялық жүктемені дәйекті түрде төмендету негізінде оны барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануды қам­тамасыз етуді талап ететін 

ст­ратегиялық маңызды ресурс ре­тін­де айқындалғанын жеткізді. 

Қазақстан көмір кенінің қоры жө­нінен әлемде 10-орында тұр. Ірі кө­мір кен орындары Орталық Қа­зақ­станның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні (қоры 7 млрд тонна) мен Торғай көмір бассейніндегі (6,2 млрд тонна) Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні (10,1 млрд тонна), Май­кү­бі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар. 

Түтінсіз болашақ – таза қуат

2025 жылдың қорытындысы бойын­ша көмір өндіру көлемі ша­ма­мен 115,9 млн тоннаны құра­ды. Көбі – 85,9 млн тоннасы ком­му­нал­дық-тұрмыстық мақсаттарға жә­не ішкі тұтынуға пайдаланылды, ал көмір экспорты 30 млн тон­наға жетті. Қазақтың бұл ши­кіза­тын негізінен Ресей (16,6 млн тоннасын немесе 60%-дан астамын), Польша (5 млн), Өзбекстан (2 млн), Түркия (2 млн), Үндістан (1,3  млн), Малайзия (1,1 млн тон­на­сын) және тағы басқа елдер са­тып алды. 

– 2026 жылы елімізде көмір өн­діру көлемі 128,9 млн тоннаға же­теді деп жоспарланған. 40 жер қой­науын пайдаланушы көмір өн­діреді. Көмір саласына жаңа ин­вестициялар тарту бойынша жүйе­лі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұ­мыс бағдарламаларына сәйкес 2025 жылы көмір өнеркәсібіндегі келісімшарттарға салынған инвес­ти­циялар көлемі 305 млрд теңгені құрады. 2026 жылы салаға тартыл­ған инвестиция шамамен 553,5 млрд теңгеге жуықтайды деп күті­ле­ді, – деді Е.Ақкенженов.

Бұл өнеркәсіпте 32 мыңға жуық адам жұмыспен қам­тыл­ған. Сектор тұрақты дамыса, жұ­мыс орындарының саны да өсе түс­пек. Министрлік көмір сала­сын­дағы геологиялық барлауды да­мытуға ерекше назар аударуда екен. Биыл жыл соңына дейін ша­мамен 10 учаске бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пай­далану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарланғаны бел­гілі болды.

Министр Мемлекет басшысы­ның көмір генерациясын дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру туралы тапсырмасын орындау мақ­са­тында Үкімет 2026 жылғы 20 нау­рызда «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекіт­ке­нін еске салды. Аталған құжат жиын­тық қуаты шамамен 7,8 ГВт бо­латын инвестжобалар кешенін жү­зеге асыруды көздейді. Оған кө­мір генерациясының 5,3 гВт-тық 8 жаңа объектісін (ЖЭО) салу, генерациялайтын қуаттарды ке­шен­ді дамыту, қуаты 2,5 ГВт бола­тын бұрыннан бар 11 энергия көз­дерін жаңғыртып, кеңейту еніп отыр. 

Ұлттық жоба біріншіден, озық технологиялық ше­шім­дер негізінде тиімділігі жоғары қуаттарды енгізуді, екіншіден, за­­­манауи тазарту жүйелерін іске қо­сып, қоршаған ортаға теріс әсер­ді азайтуды қарастырады. 

Яғ­ни көмірден қуат өндіретін жаңа жылу-электр орталықтары алып мұр­жаларынан улы түтінді будақ­тат­пауға тиіс. Оның бәрі арнайы фильтрмен тұтылуы және қайта өң­деуге жіберілуі қажет. 

Үшіншіден, Үкімет қолданыс­та­ғы көне көмір электр станса­ла­ры­ның тиімділігі мен сенімділігін арт­тыра отырып, оларды кезең-ке­­зеңімен жаңғыртуға міндеттелді. Төртіншіден, ұлттық жоба аясында көмір өндіру көлемі ұлғайтыла­ды, сондай-ақ көлік-логистика­лық инфрақұрылым дамытылады. Бесіншіден, жаңа технологиялармен жұмыс істей алуы үшін персо­нал­дың біліктілігін арттыру, еңбек жағ­дайларын жақсарту және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қор­ғалуын күшейту көзделген. Осы мақ­сатта, мысалы, кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұр­лыбек Нәлібаев Павлодар об­­­­лысына жұмыс сапары бары­сын­да еліміздегі ең ірі көмір өн­діру­ші кәсіпорын – «Богатырь Кө­мір» ЖШС қызметімен арнайы та­нысты. Қазақстандағы бүкіл кө­мір өндірісінің шамамен 38%-ы жал­ғыз осы кәсіпорынның енші­сін­де. «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің жылдық өн­діріс­тік қуаты 42 млн тонна, мұнда 6,5 мыңнан астам адам еңбек ете­­ді. Кәсіпорын басшылығы жұ­мыс­­шылардың орташа айлық жа­­лақысы 750 мың теңгеден аса­ты­­­­нын әңгімеледі. 2032 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 360 млрд теңге болатын кешенді да­­му жоспарын жүзеге асыру көз­делген.

Ерлан Ақкенженовтің айтуын­ша, ұлттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде көмір генерациясы­ның экологиялық сипатын және тиім­­ділігін арттыруға бағытталған «таза көмір» технологиясын қол­да­нуға баса назар аударылады. Бұл ба­ғытта жоғары «пайдалы әсер коэф­фициентін» беретін және түп­кі үлестегі зиянды қалдықтарды азайтатын озық технологиялық ше­шімдерді пайдалану, тиімділігі жо­ғары көмір электр стансаларын салу міндеті тұр.

Біз білмейтін көмірдің 400 құпиясы

Әлемдік өнеркәсіпте көмір­ден 400-ден астам әр алуан өнім түрлері өндіріледі. Көмір тек жылу электр стансаларына не қа­ра­пайым пешке арналған қатты отын  емес, сонымен бірге өте құн­­ды химиялық шикізат. Көмірді қай­та өңдеу процесі тауарлардың кең ауқымды спектрін шығаруға мүм­кіндік береді. Одан алынатын кокс, кокс газы, синтез-газ  метал­лур­гия мен энергетикада қолда­ны­лады. Көмірден бензол, толуол, фе­нолдар, нафталин, аммиак, тро­тил, әртүрлі шайыр, май және бас­қа химия өнеркәсібіне арнал­ған шикізат жасалады.

Қазір одан синтетикалық бензин, дизель, авиакеросин, мазут, жа­ғармайлар және басқа моторлы отын шығарыла бастады. Кө­мір­ден дәрі-дәрмектер, косметика, плас­тмасса, синтетика, лактар мен бояулар, еріткіштер, линолеум және басқа халық тұтынатын тауар­лар мен материалдар өнді­ріле­ді. Сорбенттер, белсендірілген кө­мір тазарту сүзгілерінде және ме­дицинада қолданылып, адам ден­саулығына, экологияға пайда кел­тіреді. Энергетика министр­лі­гі­нің түсіндіруінше, көмірді газға ай­налдыру технологиясы – дербес перспективалы бағыт ретінде да­мы­тылмақ. 

– Көмір өнеркәсібін дамыту­дың негізгі бағыттарының бірі – кө­мір химиясын дамыту. Салада 3 жо­ба қолға алынды. Олар – Қара­ғанды облысында қуаты 332 млн дол­ларлық, 1 млн тонна металлур­гия­лық кокс өндіретін зауыт салу. Пав­лодар және Қарағанды облыс­та­рында тиісінше құны 63 млн жә­не 65 млн долларлық, 1 160 жә­не 1 250 жұмыс орнын ашатын, қуа­ты 100 мың тонна көмірден ди­зель отынын өндіруге жететін 2 жо­ба, – деді Ерлан Ақкенженов.

Тағы 3 жоба пысықтау саты­сын­да: бұлар – Қарағанды об­лы­сын­дағы кокс химиясы өндірісі, он­да жылына 200 мың тоннаға дейін көмір шайыры өңделіп, 35 мыңға дейін бензол өндірілмек. Абай облысында жылына 300 мың тон­наға дейін аммиак және 300 мың тонна карбамид өндіру жос­парланған. Үшінші жоба – кө­мір­ден жылына 2 млрд текше метр газ өндіру: орналасар жері әлі айқын­дал­мапты.

Бұл саланың тартымдылығы сонша, оған көрші Қытай ора­сан зор қызығушылық танытып отыр. Осыған орай жуырда ви­це-премьер Серік Жұманғарин Үрім­шіге арнайы барып, Қытай­дың ірі корпорацияларымен жеке ке­ліс­сөз жүргізді. Ол China Рingmei Shenma Holding Group бас­шылығымен кездесті. Қытай­лық компания Қазақстанда 1,5 млрд долларға дейін тұратын зама­науи көмір-химия кешені жобасын пысықтап жатыр. Жоба кө­мір­ді терең өңдеудің толық циклін құруды көздейді. С.Жұманғарин бас­таманы қолдап, Қытай тарапын Қазақстанға шақырды. Ке­ліс­сөз­дер нәтижесінде қос тарап Қа­зақстанның көмір ресурстарын игеру және көмір химия өнеркәсі­бін дамыту саласындағы страте­гия­­лық ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды.

Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов те өткен ай­дың соңында Қытайдағы «Жаз­ғы Давос» дүниежүзілік эко­но­ми­ка­лық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэймен жеке жүз­дескен еді. Қытайлық бұл ком­панияның жобасы қазақ көмірін жар­тылай кокс, сутегі және жо­ғары сапалы мұнай өнімдеріне ай­налдыратын, сондай-ақ ондағы молибден, германий және рений сияқты сирек металдарды терең өң­дейтін қосылған құны жоғары «кө­мір – электр энергиясы –химия – металлургия» интеграция­лан­ған тізбегін құруға бағытталған. 

Сонымен қатар Энергетика ми­нистрлігінің мамандары көмір хи­миясын дамыту оңай емесіне де ек­пін түсірді. Себебі бұл салада ел бір­неше қиындыққа кезіккен: жо­балары көп қаржыны талап етеді жә­не өте күрделі. Қазақстанның бұл саладағы жаңа технологияларды табу, игеру және қолдану тә­жіри­бесі тым аз. Әрі білікті маман­дар­ды көптеп даярлау керек. Қажетті ережелер мен заңдар да әлі толық жасақталып үлгермепті. Бір­ақ құнттаса, қаржы тапса, қа­таң қадағаласа, салада еңсерілмес асу жоқ. Ең бастысы – Үкімет қол­да бар мүмкіндік пен шикізат­ты тиімді пайдаланып, отандық ға­лымдар мен инвесторлардың ба­сын қосып, нақты іске көшкені жөн.

Айхан ШӘРІП

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью