Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қазақстан азаматтары әлеуметтік желіде коммуналдық қызметтер қымбаттағанын, бұрынғыдан қомақты төлемдер келгенін баяндап шағымдануда. Осыған байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қазіргі уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий қолданылады. Бұл ретте реттелетін коммуналдық қызметтерге мыналар жатады: электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру. Аталған кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық департаменттері тарифтерді қайта қарау мен арттыруды жүргізген жоқ», - деп мәлімдеді комитет.
2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айлары үшін жылумен жабдықтау қызметтері бойынша есептеулер үйдің жалпы жылу энергиясын есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пәтерлердің алаңына пропорционалды түрде бөлінген.
«Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады», -деп түсіндірді ведомство.
Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8 °C болса, осы жылдың қаңтар айында -14,3 °C құрады. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер еткен.
Осылайша, төлемнің нақты ұлғаюы 20 теңгені немесе бұрын төленген соманың шамамен 3,6% - құрайды, бұл коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарауға байланысты емес.
Сонымен қатар, төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), сондай-ақ бәсекелі ортада көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтиды. Олардың ішінде телекоммуникациялық қызметтер, лифт шаруашылығын қызмет көрсету, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау (ОСИ/КСК), сондай-ақ өзге де қосымша қызметтер бар.
«Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін. Жүргізілген талдау нәтижесінде келіп түскен шағымдардың жеке сипатта екені және нақты тұрғын жайлар бойынша есептеулердің ерекшеліктерімен (тұтыну көлемі, бөлудің дұрыстығы, көрсеткіштерді алу кезеңі, қайта есептеулердің болуы, төлемнің кешіктірілуі және өзге де жағдайлар) байланысты екені анықталды», -делінген хабарламада.