Көне шаһардың келбеті өзгере ме?

22.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Шағынаудандардың ішін айтпағанның өзінде қазір саябақтар мен демалыс орындарындағы қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Апта сайын сенбілік өткізіліп, сала мамандарын жұмылдырып жатқанымызбен одан айтарлықтай нәрсе өзгермеуде. Шенділер жалаулатқан жобалардан пайда шамалы екенін түсінді ме, әлде тазалыққа шындап кірісті ме, әйтеуір биылғы 1 шілдеден бастап Тараз қаласында «Үлгілік қағида» қабылданып, тазалық сақтамаған тұрғындарға жаппай айыппұл салу  басталды. 

Мәселен, Әулиеата ауданында есепті ке­зеңде 156 азаматқа 13 млн 494 мың теңге кө­лемінде айыппұл салынған.

– Аудан аумағында санитарлық таза­лық­ты қамтамасыз ету, көшелер мен аула­лар­дың тазалығын сақтау бағытында тұ­рақ­ты түрде зерделеу және тазалау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Зерделеу барысында анық­талған тұрмыстық қатты қалдықтар үйін­ділері, құрылыс және басқа да ма­те­риалдардың ретсіз жиналуы, қураған шөп­тер мен ағаш бұтақтары бойынша тиісті ме­кемелерге тапсырмалар беріліп, оларды жою және аумақтарды ретке келтіру жұ­мыстары ұйымдастырылуда.

Аудан аумағында саябақтар, скверлер күнделікті тазаланып, шағынаудандардағы 40 шақырым арық жүйесі, 260 шақырымға жуық қала көшелері, 290 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қо­ғам­дық орындар тазаланды. Аудан аумағында бейберекет жиналған қоқыстар күнделікті техникамен және кәсіпорындардың де­меу­ші­лігімен бөлінген техникалар көмегімен үйіл­ген қоқыстар шығарылуда. 

Жыл басынан бері ауданның аумағынан 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде анық­­талған 15 стихиялық қоқыс орны то­лық жойылып, 1 мың тоннадан астам қал­дық арнайы полигонға шығарылды.

Сонымен қатар аудан аумағында са­ни­тар­лық тазалықты қамтамасыз ету мақ­са­тын­­да 17 сенбілік ұйымдастырылып, нә­ти­­­жесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шы­ға­рыл­ды. Аумақтық бас инспекторлар учас­­келік полицейлермен бірлесіп, көше­лер мен қоғамдық орындарда бейберекет қо­қыс тастаған, абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға, Қазақстан Республикасы Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы ко­дек­сінің 505-бабымен 563 әкімшілік хат­та­ма толтырылып, 407 тұлғаға ескерту бе­ріл­ді. Сондай-ақ 156 тұлғаға 13 млн 494 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төре­ха­нов. 

Аудан аумағындағы дүңгіршектерді рет­ке келтіру және заңсыз сауданың алдын алу бойынша да тиісті шаралар қабыл­дану­да. Айталық, ауданда орналасқан 210 дүң­гіршектің 30-ы биылғы жылдың қыркүйек айына дейін бұзып алынған. 

Сонымен қатар заңсыз саудаға жол бер­меу мақсатында «Мыңбұлақ», «Салта­нат» шағынаудандарында, Байзақ батыр, Т.Рысқұлов, Жамбыл даңғылы мен Рысбек батыр көшелерінде, сондай-ақ «Қайқар­мет» базарының аумағында рейдтік жұ­мыс­тар жүргізілген. Нәтижесінде, заңсыз сау­да жасаған кәсіпкерлерге қатысты 30 әкім­шілік хаттама толтырылып, 12 кәсіп­кер­ге айыппұл салынып, 18 азаматқа ес­кер­ту берілген. Салынған айыппұлдың  со­­­­масы 259 500 теңгені құраған.

Мұндай жұмыстар Жібек жолы ауда­нын­да да қарқын алуда. 1 қыркүйектен бас­тап аудан әкімінің өкімімен абаттанды­ру­дың Үлгілік қағидаларының сақталуын ба­қылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Топ мүшелері аудан аумағындағы нысан­дар­ды аралап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдауда. 

– Жалпы 5 165 нысан тексеріліп, 145 бұ­зу­­шылық анықталды. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 136 ескерту берілді. Ал 434-2-баптың 2-бөлігі, 464-2-баптың 1-бөлігі және 408-бап бойын­ша 8 әкімшілік хаттама толтырылып, жал­пы сомасы 105 510 теңге айыппұл са­лын­ды. Ендігі кезекте ескерту берілген 136 нысанға қазан айында қайта зерделеу жүр­гізу жоспарланған. Егер белгіленген талап­тар орындалмаса, заңнамаға сәйкес әкім­ші­лік шаралар қабылданады. Жыл басынан бері аудан бойынша әкімшілік шаралар аясында 1 949 хаттама рәсімделіп, оның ішін­де 241 айыппұл салынды. Айыппұл­дар­дың жалпы сомасы 6 миллион 430 мың 486 теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер са­ни­тариялық тазалық талаптарының сақ­талуын бақылаудың маңыздылығын көр­се­теді, – дейді Жібек жолы ауданының әкі­мі Қарлығаш Аралбекова.

Жібек жолы ауданы аумағындағы өзек­ті мәселенің бірі – «Атакент» таунхаустары маңында пайда болған құрылыс қалдық­тарының бейберекет үйіндісі. Бұл мәселені шешу мақсатында жер иелері мен құрылыс салушылардың қатысуымен кездесу өткізі­ліп, аудан әкімі тарапынан нақты тапсыр­ма­лар берілген.

Аудан басшылығының ұстанымы бойын­ша, тазалық жұмыстары нақты нә­ти­жемен аяқталып, қол жеткізілген тәр­тіп­тің сақталуы қамтамасыз етілуі қажет. Сон­дықтан бейберекет қоқыс орындарын жою­мен қатар, олардың қайта пайда бол­уы­на жол бермеу мәселесіне де басымдық беріліп отыр.

– Жібек жолы ауданының бес округінде бар­лығы 68 қоқыс алаңшасы және 499 қо­қыс жәшігі орнатылған. Оның ішінде бі­рін­ші округте 47 қоқыс алаңшасы мен 425 жәшік, үшінші округте 9 алаңша мен 27 жә­шік, төртінші округте 6 алаңша мен 23 жә­шік, бесінші округте 6 алаңша мен 24 жә­шік бар.

Екінші округте тұрғын үйлердің алды­нан қаптарға жиналған қоқысты мердігер ұйым аптасына екі рет жинайды. Бұл жұ­мыс­тар тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімі бекіткен кестеге сәй­кес жүзеге асырылады. Қоқыс алаң­ша­ларына ағымдағы жөндеу жұмыстары ке­зең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл аудан бойынша 30-ға жуық қоқыс алаңшасы жөн­деліп, олардың барлығындағы қоқыс жә­шіктері жаңартылды, – дейді Жібек жолы ауданының әкімі.

Міне, осылайша Тараз қаласында та­залық сақтамағандармен күрес мықтап қол­ға алынуда. Бұрнағы кезі әкімдіктегілер ес­керту берумен шектелсе, енді жаза бас­қандарға миллиондаған айыппұл салынып, жап­пай жазалануда. Жаңа «Үлгілік қағи­даға» жұртшылықтың көзқарасы әрқилы. Біреулер қатаң жаза болмаса, тазалық сақ­тал­майтынын айтса, екіншілер «он­сыз да қиналып жүрген халықты енді қо­қыс­пен қинаған дұрыс емес» деп ішкі наз­­дарын білдіруде. 

Қалай дегенде де «Үлгілік қағида» қа­был­данды. Енді оның нәтижесі қандай бо­­ларын уақыт көрсете жатар. Егер қағида қа­­ланы мұнтаздай таза қылса, онда жоба же­­­місін берді деген сөз. Негізі мұндай жо­ба бір жылдары Шығыс Қазақстан об­лы­сын­дағы Риддер қаласында жанданған екен. Білетін бұқара осы күнге дейін сол жоба үшін әкімге алғысын айтатын көрі­не­ді. Кім бі­леді, бәлкім, бізде де жоба жүйе­сін тауып, кө­не шаһардың келбеті де өз­­ге­ріп қалар. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью