Көне шаһардың көркі

29.07.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығын қаперге алған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар жұртымен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруды жөн деп та­уыпты. Төле би даңғылы бойындағы ауруға шалдыққан, табиғи қартаю кезеңіне жеткен ағаштарды кесу мәселесін тұрғындармен ақылдаса отырып шешу жолдары қарастырылған басқосуда билік пен бұқара арасында ашық диалог орнады. Жиынға келген әр азамат өз пікірін ашық айтып, қала ажарын айшықтай түсетін жобалар жөніндегі ойларын ортаға салды, ұсыныстарын жеткізді.

Дәл қазір облыс орталығында «Достастық жәрмеңкесіне» дайын­дық жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһарға табан тірейтін қонақтар Тараздың жаңарған келбетін көруге тиіс. Сон­дықтан қала ажарын түрлендіруге бағытталған жұмыстарға жауапты барлық мекеме мен тұлға бір қолдың саласындай жұмыла іске кіріскен. Өйткені қолға алынған жобаларды белгіленген мерзімінде сапалы аяқтаудың маңызы зор.

Тараз қаласының әкімі Бақыт­­жан Орынбековтің айтуынша, жәрмеңкеге дайындық жұмысы аясында облыс орта­лығында алты іргелі инфрақұ­рылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Облыс орталығында «Таза тыныс» саябағы, «Төрткүл» керуен сарайы, Абай даңғылының Д.Қонаев көшесінен Ы.Сүлейменов көше­сіне дейінгі аралығын абаттандыру, «Этноауыл» кешені, «Әулие-Ата» әуежайынан Айша бибі кө­шесіне дейінгі жол бойындағы саябақ құрылысы және Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейінгі аралықтағы Төле би даңғылын абаттандыру жобалары жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Бұдан өзге де ілкімді жобаларды қолға алу арқылы қала ажарын түрлендіруге ниеттіміз. Осы орайда ірі жобалардың қайсыбірін жергілікті жұртпен кеңесе отырып іске асыруға бел будық», дейді шаһар басшысы.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген дерекке жү­гінсек, Төле би даңғылын абаттандыру жобасы өткен жылы әзірленген. Ал биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Осы жылдың 23 қаңтарында мердігер мекеме – «АБДИ-Строй» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30 пайызға жуығы орындалыпты. Нысанды осы жылдың қазан айында пайда­лануға беру жоспарланып отыр.

Жергілікті жұртпен кездесу барысында халықты толғандырып жүрген Төле би даңғылы бойын­дағы терек ағаштарын кесу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Салаға жауапты білікті мамандардың сөзіне сенсек, жергілікті атқарушы билік өкілдері ғылыми зерделеу жұмыстарының қорытындысына сүйене отырып, осындай қадамға бару туралы шешім қабылдаған. Бір сөзбен айтқанда, мұндай шешім үстірт қабылданбаған.

Мән-жайды толыққанды зерттеп-зерделеген Ботаника және фитоинтродукция инсти­тутының мамандары Тараз қаласындағы бірқатар сая­бақ­та, орталық кө­шелер мен қо­ғамдық орындарда ағаштарға кешенді түгендеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында ағаштардың санитарлық жағдайы, биологиялық жасы, өмір­шеңдігі мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі жан-жақты бағаланған.

Білікті мамандар жүргізген сараптама қорытындысына сәйкес, Төле би даңғылы бойындағы ағаштардың бір бөлігі ауруға шалдыққаны, 90-ға жуық теректің табиғи қартаю кезеңіне жеткені және емдеуге келмейтін күйде екені анықталған. Оның ішінде 27 ағаштың санитарлық жағдайы қанағаттанғысыз деп танылған кө­рінеді. Тиісінше, оларды кесу қа­жеттігі туралы нұсқама бе­рілген.

Жасы жеткен ағаштар кесіледі екен деп байбалам салуға негіз жоқ секілді. Мамандардың айтуынша, кесілген ағаштардың орнына өтемдік көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында биіктігі 2-2,5 метр болатын 100 көшет отырғызу жос­парланған. Оның ішінде 50 дана жасыл шаған және 50 дана катальпа ағашы егіледі.

Мамандардың айтуынша, аталған ағаш түрлері өңірдің кли­маттық жағдайына бейімделген әрі қаланы көгалдандыру талаптарына сәйкес таңдалған. Яғни шаһардың жасыл желегін азайту емес, керісінше, оны жаң­ғыртып, сапалы әрі ұзақмер­зімді көгалдандыру жүйесін қа­лыптастыру көзделіп отыр.

Тараз – тарихы терең, тағы­лымы мол, туристік әлеуеті жоғары шаһар. Сондықтан оның сәулеттік келбеті мен жасыл желегін сақтау, қала инфрақұрылымын заман талабына сай жаңарту – бір-бірімен сабақтас міндет. Қала билігінің тұрғындармен ақылдаса отырып шешім қабылдауға ұмтылысы да осы жауапкершіліктің бір көрінісі.

Бүгінде көне шаһардың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар қатар жүр­гізіліп келеді. Бір жағынан, ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұраға құрмет көрсетілсе, екінші жағынан, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

Ең бастысы, Тараздың жасыл желекке бөленген шаһар ретіндегі айрықша келбеті сақталуға тиіс. Ал бұл бағыттағы жұмыстар тұр­ғындардың пікірін ескере отырып, ғылыми сараптамаға және нақты есепке негізделсе, көне шаһардың ажары одан әрі ашыла түсері сөзсіз.

Тарихы мыңжылдықтармен сабақтасқан Тараздың түрленуі – бір күннің немесе бір жылдың еншісіндегі шаруа емес. Бұл – үздіксіз жалғасатын, уақыт талабына қарай жаңарып отыратын үдеріс. Сондықтан көне шаһардың көркін келістіріп, келешегін кемелдендіру жо­лындағы жұмыстар алдағы уа­қытта да тоқтамайтыны анық.            

ТАРАЗ 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью