Конституция кемел келешек кепілі

13.02.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

«Заман басқа, заң басқа» дейді қазақ. Заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде заңның өзгеруі – қисынды нәрсе. Бұл жалпы заңнамаға ғана емес, Негізгі заң – Конституцияға да қатысты.

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарты жылдан бері жан-жақты пікір айтылып жүрген елдің басты құжатының жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталды. Конституциялық комиссия құрамы­на елдің ең таңдаулы перзенттері іріктелгені, оның он отырысында құжаттың әбден пісіп-жетілдірілгені, цифрлық платформалар арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскені қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келе жатқанын тамаша танытады. Президент «Әрине, қазіргі Конс­ти­туциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бас­тауында Ата заңымыз тұрғаны сөзсіз» дегенді де қадап көрсетті. Бұл да болса, әділеттіліктің бір белгісі деп білеміз.

Сонымен қатар осы жылдар ішінде 1995 жылғы Конституцияны жиі-жиі жамап-жасқаумен келгеніміз де жасырын жай емес. Парламент Мәжілісінің депутаттығына екі рет сайланған адам ретінде өзіміз де сол істің қайнаған ортасында жүргенбіз. Шын мәнінде бүгінде қолданыстағы Конституцияны қарапайым адам тұрмақ, маман заңгердің өзінің түсініп оқуы қиынға түсіп қалды. Неге олай дейміз? Негесі сол, шамамен үш баптың біреуіне өзгеріс енгізілген, солардың бәріне ескертпе жасалған күйде тұр...

Тұтастай алғанда жаңа Конс­титу­ция­ның жобасын біткен ірі іс ретін­де бағалаудың жөні бар. Адам құқық­тары мен бостандықтары алғаш рет мем­лекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілгені, бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемле­кеттілігіміздің негізі ретінде белгі­лен­гені, Егемендік пен Тәуелсіз­діктің, біртұтастықтың, аумақ­тық тұтастықтың өзгер­мей­тін құндылықтар санатына жат­қызылғандығы бәріміз­дің көңі­ліміз­ден шығады. Консти­туция бір­лік пен келісімді нығайта түсе­тіні еліміз үшін ерекше маңызды.

«Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау» деген тіркеске назарды ерекше аударғы­мыз келеді. Былай қарағанда, 1990 жылы жа­рия­ланған Егемендік 1991 жылғы Тә­уел­сіздіктің бастапқы белесі сияқ­ты көрінеді. Бірақ мәселенің мәні – тереңде.

Тәуелсіздік – Егемендік перзенті. Алдымен егемендік алмасақ, келесі жылы тәуелсіздік жариялай алмас едік. Сондықтан да ұлттың ұлы мерекесі ретінде Республика күні белгіленіп отыр.

Егемендік – мемлекеттілік негізі. Жалпы, біз ендігі жерде дербес елміз, тәуелсіз мемлекетпіз дегенді дәл бұрынғы күйінде айта да, жаза да бермеуіміз керек те шығар. Себебі тәуелсіздік – мемлекеттің қалыпты түрі. Тәуелді мемлекет болмайды. Тәуелді халық мемлекет құра алмайды. Біз тәуелсіздік идеясын көп айтқанда, көп жазғанда оқырманның, көрерменнің, тыңдаушының бойына, ойына еркін елміз, дербес мемлекетпіз деген ұғымның сәт сайын, сағат са­йын ұялай беруін көздедік. Кезінде бұл идеологема өзін-өзі ақтады. Нақты нәтижесін берді. Енді жаңа идеологемалар санада орнығуға тиіс. Олар жаңа Конституциядан өз орнын тапқалы отыр.

Конституция мәтінінде әр баптың, әр тармақтың бөлекше мәні болады. Бір мысал. Неке туралы айтылатын 30-бапқа мынандай 2-тармақ қосылған: «Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы». Не үшін? Ер мен әйелдің некелесетіні онсыз да белгілі емес пе? Жоқ, мәселенің масқарасы сонда – қазір бұны онсыз да белгілі ғой дей алмайсыз... Қысқасы, Қазақстан Республикасында ер мен әйел ғана некеге тұра алатын болады. Мына заман заң тілімен осылай жазуға мәж­бүр етіп отыр. Ал Конституция біздің өміріміздің бар қырын реттеуге тиіс.

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жобаны қолданыстағы Консти­ту­циямен салыстыра қараған адам былайша өзгеріске түспегендей көрінетін баптардың өзінде жекелеген сөздердің қосылғанын, жекелеген сөздердің алынып тасталғанын байқайды. Мысалы, «Конституциялық құрылыс негіздері» бөліміндегі 6-баптың 3-тармағын оқып көрейік:

«Мақсаты немесе әрекеті конс­ти­ту­циялық құрылыс негіз­дерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады». Қазіргі Конституцияда тұрған «тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға» деген сөздер алынып қалып отыр. 1995 жылғы Конституция қабылданғанда елімізде тектік-топтық астамдық көріністері кездесіп қалатын. Елдің біраз қаласында белгілі бір тек-топтардың («сословие») әскери киіммен шерулетіп, қылышын салаңдатып жүруі жаңа ғана тоқтатылған кез еді. Соны енді болдырмастай етіп, шегелеп жазу қажет болды. Президент қолданыстағы Конституцияның еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылдағанын, онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар екенін айтқанда осындай жайларды аңғартып өткен еді. Ру мәселесі де күн тәртібінде тұрған болатын. Қазір де, мысалы, әлеуметтік желіде жүздерді, руларды алалап сөйлеу кездеспей тұрмайды, мұның санадағы сілемдері алдағы кезде алдан шыға беруі де мүмкін. Бірақ солай екен деп, біз Конституциямызға рулық бөліністі нақтылап жазар болсақ, онда жалпыұлттық бірлік әлі қол жетпеген мақсат болып шығар еді. Ал біз – ол мақсатқа қол жеткізген елміз. Қазіргі қазақ – жүз, тайпа, ру биігінен өткен, жаһанданудың жанталасты жарысына кірісіп кеткен, бәсекеге қабілетті халық, өркениетті ел биігіне жеткен қазақ. Конституция біздің сол тұғырымызды тиянақтап тұр.

Біраз уақыт бұрын алдын ала жария­ланған мәтінді талқылау барысында бірқатар бапқа нақты-нақты түзету енгізіл­гені – назар аударарлық жай. Соның бірі – 9-баптың 2-тармағындағы «Мем­­ле­кет­тік ұйымдарда және жергі­лікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолда­ны­лады» деген сөйлемде «теңнің» «қатар» сөзімен алмастырылғаны. Жобаның баспасөзде жарияланып, референдум талқысына ұсынылған нұсқасында бұл сөйлемнің аяқ жағы «қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады» деп қазақы, жатық жазылуы да сүйсінерлік. Конституцияда әр сөйлем ғана емес, әр сөз тіркесі ғана емес, әр сөз маңызды. Бұл өзгеріске орай синонимді синониммен алмастырғаннан не өзгереді деушілер табылар. Негізінде қай тілде де жүз пайыз бірдей мағына беретін екі сөз кездеспейді. Тіпті мәні толық бірдей синоним сөздер де тілде табылмайды. Ондай сөздердің біреуін уақыттың елеуіші-ақ алып тастайды. Әр сөздің өзінің мағынасы, салмағы, жүгі, реңкі болады. Айталық, орыс тіліндегі «наравне» және «наряду» сөздерінің де ептеген айырмасы бар. Өзіміз көбірек қарайтын Пушкиннен мысал келтірейік. «Конечно, Авдотья Андреевна воспитывала меня наравне с своею племянницею» дегенді «Әрине, Авдотья Андреевна мені өзінің жиенімен тең етіп тәрбиеледі» деп аламыз. «...твердое, мирное единодушие может скоро поставить нас наряду с просвещенными народами Европы» дегенін «...берік, бейбіт бірауыздылық бізді көп ұзамай Еуропаның оқыған халық­­тарының қатарына қоя алады» деп қазақ­­шалаймыз. Сол сияқты «тең» және «қатар» сөздерінің де өзіндік реңкі бары анық.

«Тең» – бірдейліктің, теңбе-теңдіктің, пара-парлықтың белгісі. Жүсіпбек Аймауытұлы «Құның жоқ, қорлықта өшіп ең, Терезең төремен болды тең» дегенде соны айтқан. Қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан қарағанда «теңдік» – тең құқықтылықтың, еркіндіктің, бостан­дық­тың баламасы. Этно­графиялық жағы­нан келсек, «тең» деп түйеге салма­ғын бірдей етіп буып-түйетін жүкті де айта береді. Ал «қатар» сөзінде белгілі бір тәртіппен тізілудің реті, тиісті орны деген мағына басымырақ. «Қатарға қосылу», «қатарға тұру», «қатар қону» сөздерінде рет­ті­лік­тің сарыны сезіледі. Ауыспалы ма­ғы­на­да қолданғанда «қатар» «маңы, қа­сы, жаны» ұғымдарын беретіні тағы бар.

«Тең» сөзін «қатар» сөзімен алмас­тыру – формальды түзету емес, мәндік айқындау. «Тең» ұғымы филологиялық тұрғыдан мәртебелік бірдейлікті, яғни құқықтық және символдық деңгейде айырманың жоқтығын білдіреді. Бұл сөз қолданылған жерде иерархия болмайды, басым­дық жойылады. Демек, «рес­ми тіл тең дәрежеде қолда­ны­лады» деген тұжырым мем­ле­кеттік тілдің айрық­ша мәр­тебесін көмескі етеді. Ал «қатар» сөзі – ілеспелі, бірге қолдану мағына­сын береді. Ол қолданылу мүмкіндігін мойындайды, бірақ теңестіруді талап етпейді» – әлеуметтік желідегі бұл пікір әбден орынды.

Орыс тілінің елдегі қазақтың саны елдегі халықтың 40 пайызын құраған 1995 жылы қазақ тілімен тең қолданылуы қандай табиғи болса, қазақтың саны елдегі халықтың 70 пайызынан астамын құраған 2026 жылы қазақ тілімен қатар қолданылуы – сондай табиғи. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылатын орыс тілі біздің жалпыұлттық бірлігімізге де берік қызмет ете береді.

Жалпы, біз «жалпыұлттық бірлік» ұғымына қазіргіден де көп көңіл бөлгеніміз жөн. Ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып табылатын болашақ Қазақстан Халық Кеңесі енді Конституцияда (3-баптың 1-тармағы) кестеленетін осы ұлы идеяны дәйім ту етіп ұстайтыны күмәнсіз. Бір ділділікке, яғни бір жүректілікке, бір тілектілікке жетпеген елді тіпті бір дінділік те, тіпті бір тілділік те сақтап қала алмайды түптің түбінде. Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір қоғам құру, адамдарды жұрттан халыққа, халықтан ұлтқа ұластыратын ұлы үдерістің арқасында ұйысу кез келген мемлекеттің ұдайы ұстанар мұраты болуға тиіс. Ұлт – уақыт пісіп-жетілдіретін ұғым, тарихи категория, баршамызды біріктірер бір биік. Мына әлемдегі мемлекеттердің басын қосқан ең мәртебелі ұйымның Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатыны тіпті де тегін емес. Ұлттар ғана мемлекет құра алады. Ұлттар ғана ел болып тұра алады. Ұлтқа ұйыса алмағандар ұйпаланады. Тарихтың қатал заңы – осы.

Кейінгі жылдардағы өзгерістер ұлт сана­сына ықпал еткенін, тіпті зор сілкініс әкел­генін Мемлекет басшысы тағы да атап айтты. Сол сілкіністің келісті бір көрі­нісі – жаңа Конституцияның өмірге келуі.

Кеше «Egemen Qazaqstan» газеті бастаған БАҚ-та жобасы жариялан­­ған жаңа Конституция – кемел келешегі­міз­дің кепілі. Президент 15 наурызға белгі­леген республикалық референ­дум­ның халық бірлігін тағы да таныта түсетініне, отандастарымыздың Әділет, Заң мен Тәртіп жолын қолдауының айшықты айғағына айналатынына сенеміз. Референдумда белсенділік таныту, азаматтық ұстанымды айқындау, ұлт санасының биіктігін көрсету елдігіміздің үлкен бір сынағы екені естен екі елі шықпаса дейміз. Оң жол тілейміз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

Соңғы жаңалықтар

Көктайғақ, тұман, жел: Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Ауа райы • Бүгін, 09:47

Қаңтардағы ҰБТ: Тестілеу ережесін бұзған 120 адамның нәтижесі жойылды

Білім • Бүгін, 09:39

Ақша айырбастау орындарында доллар қаншадан саудаланып жатыр?

Қаржы • Бүгін, 09:20

Қысқы Олимпиада: Бүгін Михаил Шайдоров еркін бағдарламада өнер көрсетеді

Қысқы спорт • Бүгін, 09:06

Рухани дипломатияның маңызы арта түсті

Саясат • Бүгін, 09:00

Қызылша науқасына қатысты мәселе талқыланды

Саясат • Бүгін, 08:58

Халық пен салықтың есебін түгендеген жоба

Қоғам • Бүгін, 08:55

Жалпыұлттық коалиция құрылды

Саясат • Бүгін, 08:53

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Сенат халықаралық келісімдерді мақұлдады

Саясат • Бүгін, 08:48

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45

Орталық референдум комиссиясының ҮНДЕУІ

Референдум • Бүгін, 08:43

Экологиялық түйткілдің түйіні қашан тарқайды?

Экология • Бүгін, 08:40

Референдум өткізу жоспары бекітілді

Референдум • Бүгін, 08:38

Цифрлық емхананың онлайн кеңесі

Digital • Бүгін, 08:35

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью