Конституция мемлекет тұтастығының символы

02.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

– Қымбатты отандастар! Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері! Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз.

Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қоспалаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді, – деді Президент.

Заң шығарушы жүйенің қайнар бастауы

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұста осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылғанын еске салды. 

– Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ.

Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Парламент – мемлекетіміздің басты өкілді органы, қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды болғанын жақсы түсінетінін жеткізді. 

– Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгеріс­терді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданғанын айтты. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. 

– Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы.

Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін. Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін ба­рын­ша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ресми түрде бастау алған мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысын кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. 

– Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты. Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы. 

Теңгерімді жүйе

Осы тұста Президент бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарын айқындады. 

– Біріншіден, мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру. Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар.

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.

Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады. Нәтижесінде, мемлекеттік би­ліктің «Күшті Президент – ықпалды Құ­рыл­тай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңар­ған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады. 

– Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады. Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді. Құрылтай технологиялық прогрес­тің жетекші факторы болады деп үміттенемін.

Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parlament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. 

– Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты норматив­тік-құқық­тық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.

Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Экономика – басты қозғаушы күш

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші мәселе ретінде Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру жайын айтты. 

– Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.

Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сырт­қы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қор­ғалған деп айтсақ, қате болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Бюджет және Салық кодекс­теріне сәйкес, еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырып, мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгергенін айтты. 

– Елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беріп жатқанын жеткізді. 

– Жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылған. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақ­мерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. 

– Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индус­триясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды.

Мен осыған дейін елімізде жаңа ивестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифр­лық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңының маңызы зор екеніне назар аударды. Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. 

Энергетика – келешектің кілті

Еліміздің үшінші міндеті ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және инфрақұрылымдық негізді нығайту қажетін атады. 

– Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі саналады. Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым. Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін (қазір 65 пайызға жуық) 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы Үкімет дәстүрлі қуат көздерімен бірге «жасыл» энергетикаға баса мән беріп отырғанын баяндады. Оның энергетикалық теңгерімдегі үлесі 7 пайызға жетті. Қарқынды өсіп келе жатқан экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ. Биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды. 

– Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел саналады. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магис­тральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Кейінгі бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент авиация саласындағы табысымыз да көбейіп жатқанын айтты. 

– Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз.

Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды.

Әрине, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды. Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Цифрлық дәуір – бүгіннің шындығы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымыздағы төртінші міндет – толыққанды цифрлық мемлекет құру. 

– Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын.

Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұрғанын айтты. 

– Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім. Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңыз­­ды шаралар қолға алынды. Мен қаң­тар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды.

Сондай-ақ менің тапсырмаммен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін e-Government Business экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады. 

– Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы. Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллект жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластыр-

ды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын.

Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновация­лық мектеп ашылды. Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ.

Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары «Мемлекет-платформа» (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру, – деді Мемлекет басшысы.

Адам әлеуетінің сапасы

Президент бесінші мәселе ретінде адам капиталын дамыту жайына тоқталды. 

– ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляция­ға тәуелді емес бір ғана капитал бар:  бұл – адам әлеуетінің сапасы. Сондықтан біз әлеуметтік салаға бірден-бір стратегиялық бағыт ретінде қараймыз. Бүгінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі салалардың барлығына қомақты қаражат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі деген сөз.

Расында, Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы осы қағидаттың нақты көрінісі екенін атады. 

– Аталған заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. 

(Жалғасы 3-бетте)

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью